Фото: Ж.Жұмабеков. Мәжілістің баспасөз қызметі.
Мәжіліс Спикері Корея Республикасы Қазақстанның Азиядағы негізгі саяси және экономикалық серіктесі екенін атап өтті.
Дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына былтыр 30 жыл толған Қазақстан мен Корея көп бағытты әріптестікті нығайтуда жоғары табыстарға қол жеткізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы Кореяға мемлекеттік сапары нәтижесінде екі ел Кеңейтілген стратегиялық серіктестікке қол жеткізген еді.
«Осы аптаның аяғында Ұлттық Ассамблеяның Төрағасы, әріптесім Ким Джин Пё мырзаның шақыруымен Корея Республикасына ресми сапармен барамын. Бұл сапардың басты мақсаты - екі ел басшылары уағдаластықтарын Парламент деңгейінде жалғастыру. Сонымен қатар Кореяның бастамасымен ұйымдастырылған «Орталық Азия – Корея Республикасы» Парламенттері спикерлерінің алғашқы конференциясына да қатысамын», деді Ерлан Қошанов.
Кореяның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-Ик Палата Төрағасының Кореяға сапарына сәттілік тілеп, достас елдер арасындағы парламентаралық байланыстың дамуына өз үлесін қосатынына сенім білдірді.
«Өздеріңіз білесіздер, біздің еліміз 1950 жылдары өте кедей мемлекет болып, өнеркәсіп пен сауданың арқасында аяққа тұрды. Бүгінде дамушы және дамыған елдер арасындағы көпір секілді рөл атқарып келеді. Кореяға сапарыңыз уақытылы болып жатыр деп ойлаймын. Сапар барысында Корея Премьер-министрімен, Парламент спикерлерімен кездесулер жоспарланып отыр», деді Чжо Тэ-Ик.
Сонымен қатар спикер келешекте достық топтар мен бейінді комитеттер деңгейіндегі байланысты одан әрі нығайтуға шақырды.