Фото: https://web.telegram.org/
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерінің бірлігі жандана түскеніне тоқталды.
«Өздеріңізге мәлім, соңғы жылдары «Орталық Азия +» форматы аясындағы ынтымақтастық айтарлықтай жандана түсті. Аталған форматтар барынша тиімді болуы үшін ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, олардың сапалы мазмұнын бірлесе байыта түсуіміз қажет. Біздің ойымызша, ортақ немесе барынша ұқсас ұстанымға келіп, әлемдік қоғамдастыққа ынтымағымыз бен бірлігімізді көрсету маңызды», деді Президент.
Геосаяси жағдай құбылып тұрған қазіргі кезеңде бес елдің тыныштығын шытынатуды көздейтіндердің талпынысы бар екенін де ескертті.
«Әлемдегі тәртіп тез өзгеріп, біздің өңірдің тұрақтылығын бұзуға талпыныстар жасалып жатқан жағдайда елдеріміздің қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдірудің маңызы арта түсті. Құрметті президенттер, аталған маңызды салада тұрақты консультациялар механизмін іске қосу жөніндегі Қазақстанның бастамасына қолдау білдіргендеріңіз үшін Сіздерге алғыс айтамын», деді Мемлекет басшысы.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі диалогты келесі жылы Қазақстанда өткізуді ұсынды.