Сұхбат • 14 Қыркүйек, 2023

Пернебай Дүйсенбин, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты: Біртуар тұлғалармен сырласудың жөні бөлек

418 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

– Ассалаумағалейкум, аға!
– Уағалейкумассалам!
– Қай баласың?
– Астанадағы «Egemen Qazaqstan» газетінен хабарласып тұр­мын, – деп едім, Пернебай ағаның дауысы жадырап: – Айна­лайын, сонау бас қаладан қоңырау шалып тұр екенсің, мың алғыс. Мен еліміздегі бас басылымның оқырманы ғана емес­пін, тұрақты авторымын. Талай танымдық мақалаларым, эсселерім жарық көрді. Жасым ұлғайса да түгін қалдырмай оқимын, –деп ақтарыла жөнелді.
Бала кезімнен жеткіншектерге арнап жазған шығармаларын сүйіп оқыған жазушымен екеуара әңгімеміз осылай басталды. Ауылда тұрып-ақ әдебиетіміздің қазынасын байытып, қаншама баланың санасына көркемсөз сәулесін түсірген сыршыл суреткермен кездесіп, әңгімелессе ғой деп ойлаушы едім. Соның сәті де орайымен келіп, қабырғалы қаламгермен өмір жолы мен шығармашылығы туралы әңгімелестік.

Пернебай Дүйсенбин, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:  Біртуар тұлғалармен сырласудың жөні бөлек

– Жалпы, ақын-жазушы­­­лар­дың дені өздерінің өмірбая­ны туралы жазған естеліктерде немесе ақпарат құралдары­на бер­ген сұхбаттарында сөз өне­рін­дегі алғашқы қадамдары бала күнінен басталғанын айтады. Бірақ сіз балалық ша­ғыңызда бейнелеу өнеріне жа­қын болыпсыз. Соның әсері ке­йін атақты суретшілер туралы эсселер жа­зуыңызға түрткі болды ма?

– Солай десе де болады. Шы­­нында да, бала күнімнен бей­не­леу өнеріне жақын болдым. Мектепте сурет пәнінің мұ­ға­лі­мі болмаса да, сурет салу­ды ерек­ше ұнаттым. Оның се­бе­бі де бар. Ата-анам қой бақ­ты. Қалың қардың көбесі сө­гілі­сі­мен жайлауға шығамыз. Біз­дің ауылдың көктемі керемет. Жай­қал­­ған көк майса. Табиғат жаңа көй­лек киген қыздай жа­са­нып, құл­пырып тұрады. Әсіре­се алау­лап атқаң таң, қаздай қал­қы­ған бұйра-бұйра бұлттарды қыз­ғылт нұ­рына шомылдырып батқан күн­нің сиқырлы бейнесі, өзен-көл­дердегі құстардың алуан сазды қиқуы жан дүниемді ерек­ше әсер­ге бөлейтін. Осы ға­жа­йып көрі­ніс­тердің бәрі бала бол­сам да ма­ған шабыт берді, қанат­тан­дырды.

Соғыстан кейінгі жоқшы­лық кезең. Бүгінгідей түрлі түс­ті бояу­мен шығатын кітаптар жоқ. Нан­саңыз, сурет салатын ақ қағаз да қат. Әйтеуір пошта таситын майдангер Мошқал де­ген ағамнан газет-журнал ора­ған ақ қағазының артылғанын сұрап алып, соның жараған тұс­тарын суретке пайдаланамын. Тіпті Сәбит Мұқановтың «Бо­тагөз» романының желісімен та­қырыптық суреттер салдым. Өкі­нішке қарай, солардың көбі сақ­талып қалмады. Бір-екі суре­тімді сұрап алғандар болды. Мә­се­лен, «Құрманғазы» атты портре­тімді әйгілі «Ла Скала» театрын­да ән салған атақты әнші Амангелді Сембин аттай қалап алса, «Жайлау кеші» деген майлы бояумен салған пейзажымды жақын жиенім қиылып сұраған соң соған бердім.

– Бір сұхбатыңызда бала кү­ніңізде салған суреттеріңіз еліміздегі ғана емес, сол кездегі одақ­тық балалар басылымында жарияланғаны туралы айтыпсыз. Соған кеңірек тоқтала кетсеңіз?

– Жетінші сыныпта оқып жүр­генімде Алматыдағы рес­пуб­­ли­ка­лық «Дружные ребята» га­зе­тінде «Өзенде» атты карти­нам ба­сыл­ды. Одан кейін Мәскеу­дегі ­алты миллионға жуық данамен та­рай­тын «Пионерская правда» ­газе­тінде «Шопан отарында» атты қарапайым қара тушьпен салған суретім жарық көрді. Бұ­ған төбем көкке жеткендей қуан­дым. Бұл ба­сылым сол кездегі он бес одақтас республикадан бө­лек, социа­листік лагерь елдері­нің барлы­ғына тарайды. Осы картинам жас оқырмандар­дың қатты қызығушылығын туғызды. Аласа таулардың беткейінде қой жайып жүрген шопан мен киіз үй алдында самаурын қайнатып, ас қамдап жүрген ана бейнесі өзге елдің оқушыларына экзотика­лық ерекшелігімен әсер еткен болуы керек. Содан маған жер-жердегі оқушылардан жүздеп емес, мың­дап хат келді. Таңданысымда шек болған жоқ. Енді оларға жа­уап беруім керек. Мектептегі орыс тілінен беретін Қазбек Кен­жа­ғалиев есімді ұстазым маған орысша хаттың үлгісін жазып бер­ді. Соны жан-жаққа жібердім.

Бұл оқиға ауылдан асып, аудан­ға жетті. Бір күні үйге ­ау­дан­­­­дық «Социалистік шаруа» газе­­тінің редакторы Ұзақбай Төл­еуов келді. Жылы жүзді адам екен, мені әңгімеге тартып, бес жүз­дей хатты облыстық газетке алып кетті. Сөйтіп, сол кездегі «Еңбек туы» газетінің белді тіл­шісі Анарбек Айтбаев мен туралы жарқыратып «Хаттар сыры» атты бір беттік мақала жариялады. Қызықты жазылған материал болғаннан кейін бе, облыс көлеміндегі біраз баладан тағы хат алдым.

Солардың ішінен кеңестік кезеңде өте танымал болған жас қыздың тағдыры туралы түсі­рілген «Рита» атты көркем фильм­дегі бас кейіпкерді сомдаған, Латвия астанасы Рига қаласында тұратын 7-сынып оқушысы Анна Шметковадан келген жып-жы­лы сезімге толы хатты бөліп айтар едім. Сондай-ақ мәскеулік Галя Трухина, читалық Лида Ефимова, еревандық Эльмира Акопян, өзіміздің елден Амангел­ді Кенжебековтердің мазмұнға толы хаттары да есімде қалды.

«Жайлау кеші» атты туын­дым­ды Чехословакияның Бра­тис­­лава қаласында тұратын оқу­шы Дуня Пенкалова жіберген май­лы бояумен салдым. Түсі қа­нық, сапалы бояу екен, суретім өзіме қатты ұнады. Алайда бейнелеу өнерін таңдауымды отбасым мен үлкен немере ағам онша қалаған жоқ. Олар менің Алматыдағы зооветеринарлық инс­титутқа түсуімді жөн көр­ді. Сонда да суретшілікпен әуес­­қойлықпен айналысып жүр­дім. Кейбір суреттерім сол кез­дегі «Лениншіл жас», «Қазақ әде­биеті» газеттерінде жарияланды.

– Аса көрнекті қылқалам шебері Орал Таңсықбаев туралы жазған тамаша эссеңізді оқыдым. Соны жазу үшін сонау Ташкентке барып, суретшімен жүзбе-жүз кездесіпсіз, сол сапардан алған әсеріңізді тағы бір есіңізге түсірсеңіз?

– Мен КСРО халық сурет­шісі, КСРО көркемсурет акаде­мия­сының толық мүшесі Орал Таңсықбаевтың есімін бала кү­нім­нен білемін. Өйткені біздің үйде суретшінің «Туған өлке» атты картинасы ілініп тұратын. Қырда гүл теріп жүрген қыздар, оның ар жағынан таудың сұлба­сы ағараңдайды. Етегінде жасыл желекке оранған ауыл. Ғажап туынды. Кейін Алматыға оқу­ға келдім. Қазіргі Ұлттық кі­тапха­­­наға жиі барамын. Сонда көр­некті қылқалам шеберінің сол жылдары басылған сурет-альбомын көріп, туындыларымен одан әрі жақын таныстым. Негізі, Орал Таңсықбаевты ұлы пейзажист ретінде бағалаймын. Табиғат құ­былыстары мен сұлулығын өте шебер бейнелейді. Мен ол кісіні жазғанға дейін «Лениншіл жас» газетінде Леонардо да Винчи, Сикейрос, Коненков, Левитан, Рылов секілді әлемдік өнер алыптары мен өз еліміздің біртуар перзенттері Шара Жиенқұло­ва, Айша Ғалымбаева, Әбілхан Қастеев туралы эсселерім мен мақалаларым жарияланған еді.

Бір күні көшеде Шерхан Мұр­таза ағамызбен жолығып қалдым. Хал-жағдай сұрасқаннан кейін, бірден сұраққа тартты.

 – Мен сені Ташкентке іс­сапарға жіберсем, барасың ба?

– Барамын.

– Онда Орал Таңсықбаев де­ген қазақтың ғажайып сурет­шісі тұрады.

 – Білемін, – деп жауап бер­дім. Шерағаң «онда жүр» деп мені ертіп алды да, өзі­нің орын­басары Қалдар­бек Най­ман­баевқа алып барып, сол жер­де іссапар мәселесін қолма-қол шешіп берді. Ол кезде мен университеттің соңғы курсында оқитынмын. Дипломымды қор­ғап қой­ғам, яғни, бес минут­сыз маман­мын. Сондай-ақ «Ле­ниншіл жас» газетінің штаттан тыс тілші­сімін.

Шіліңгір шілде. Күн жанып тұр. Ұшақтан түскеннен кейін бірден Орал ағаның үйіне бардым. Өзбекстан үкіметі суретші­ге үлкен қамқорлық көрсетіп, екі қабатты зәулім үй салып берген. Есікті үй иесінің өзі ашып, жылы қарсы алды. Елизавета Яковлевна есімді жеңгеміз мол ет асып қойыпты. Әңгімелесіп отырып, соны жедік. Алдымен аға музейімен таныстырып, шы­ғармашылығы туралы жазыл­ған газет-журналдарды оқуға бер­ді. Халықаралық көрмелерге қа­тысқанда өзі жайында айт­қан аузы дуалы тұлғалардың пікір­лерін көрсетті. Соларды оқып, біраз мәлімет алдым. Жалпы, біртуар тұлғалармен сырласудың жөні бөлек екендігін түсіндім.

Жексенбі күні Орал аға сүй­рік­тей сұлу «Волгасымен» таби­ғат аясына алып шықты. Шыр­шық өзенінің жағасына барып де­мал­дық. Балық ауладық, суретке түс­тік. Алаңсыз әңгімелестік. Ол кісі Мұхтар Әуезовпен жа­қын дос болған. Мұхаң кезін­де Оралды Алматыға шақырып, қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының суретшісі етіп, қыз­метке орналастырған. Бірақ ол кісі аталған өнер ордасында бір-екі жыл ғана істеп, Ташкентке қайтып оралған. Опера және балет театрында аз ғана уақыт жұмыс істесе де «Қалқаман – Мамыр» атты алғашқы қазақ балетіне арналған костюмдер үлгілерінің суретін салған. Ағамен оңаша қалып әңгімелескенде Алматыдан неге кетіп қалғаны туралы сұрадым, сонда ол кісі: «Біріншіден, аға­йындардың қызғанышы себеп болды, екіншіден, қонаққа жиі барып, шығармашылықпен ай­на­лысуға ешқандай мүмкіндік болмады», деп жауап берді. Сөз арасында Әбілхан Қастеев­пен жақын араласқанын айтты. Ели­завета жеңгеміз өте сыпайы, мәдениетті адам екен. Кешкілік мені есік алдына серуендеуге алып шығып, сонда Орал ағаның қиындықпен өткен балалық шағы мен бауыр­лары туралы айтып берді. Үшін­ші күні суретші шеберханасына қондым. Сөйтіп, атақты суретшімен қимай қош­тасып, ол кісі мені бетімнен сү­йіп, шы­ғарып салды. Алматыға кел­геннен кейін «Тау мен дала жыршысы» атты үлкен эссе жазып, «Лениншіл жасқа» жарияладым. Шерхан аға дән риза болып, газет лездемесінде мақтады. Содан кейін Орал ағаға Мұхтар Әуезовтің қолдан жасаған мүсі­ні мен Күләш Байсейітова­ның даусы жазылған пластинканы салып жібердім. Кейін Ели­завета жеңгеймен телефонмен сөйлескенде суретші ұлы Мұ­хаңның мүсінін сүйіп жылап ал­ғанын, Күләш апаның дауысы жазылған пластинкаға риза болғанын жеткізді.

– Арменияға да барып, Мар­тирос Сарьян туралы да жаз­дыңыз...

– Жас кезінде адам арман­­шыл болады ғой. Студенттік шә­­кірт­ақымды жинап, Кисловодскіге 20 күн демалуға бардым. Де­ма­лысым аяқталғаннан ке­йін Ере­ванға ұшаққа билет алып, шы­ғар­машылығын жоға­ры ­ба­­ғалайтын армянның ұлы ­су­­­рет­­шісі Мартирос Сарьянды із­деп бар­дым. Оны халқы «Біздің Вар­­пет» деп ерекше қастер тұ­тады. Ереван – тарихи орындар мен ескерткіштерге өте бай шаһар. Қаланы армансыз араладым. Армяндардың айтулы тұлғалары жерленген пантеонды көрдім. Содаң соң Мартирос Сарьянның музейіне келіп едім, суретшінің көрмесі өтіп жатыр екен. Келушілер өте көп. Билет жоқ. Көрмеге мені кіргізбеді. Музей қызметкеріне өзімнің Қа­зақстаннан келгенімді айтып, «Ле­ниншіл жас» газетінің штат­тан тыс тілшісі деген қып-қы­зыл куәлігімді көрсеттім. Ол ішке кіріп кетті де, бір жас жі­гітті ертіп шықты. Армения үкі­меті Мартирос Сарьянға көзі тірі­сінде-ақ екі қабатты музей салып берген. Сонда көрнекті қыл­қалам шеберінің бірінен-бірі өт­кен ға­жайып картиналары қо­йылған. Әлгі жігіт музей дирек­торы екен, жылы амандасып, мені Сарьянға ертіп барды. Ұлы суретшіге сәлем беруге Ереван драма театрының бір топ әртісі келіп отыр екен. Кездесуіміз 20 минуттай уақыт­қа созылды. Сол кезде оның жасы 89-да болса да, тың көрінді. Оған Қазақстаннан келгенім­ді айтып едім, «Қазақстаннан ба?» деп күлімсіреп, қолымды алды. Музей директорына иек қағып, кішкентай вокалға коньяк құйғызды. Негізі, жас кү­ні­мнен арақ-шарап татып көр­ген емеспін, бірақ атақты тұл­ға­мен соғыстырып тартып жібер­дім. Сосын оған жастар га­зе­ті атынан келгенімді айтып, «қолтаңбаңызды бересіз бе?», деп едім, әдемі қаламсабын алып «Қазақ жастарына үлкен қуа­­ныш, бақыт тілеймін!» деп жа­зып берді. Алматыға оралған­нан кейін Армениядан алған әсеріммен «Шуаққа іңкәрлік» деген эссе жаздым.

– Ұзақ жылдар білім саласында қызмет еттіңіз. Со­ның шығармашылығыңызға да әсе­рі болған секілді. Өзіңіз осы жа­ғынан ұттым деп ойлай­сыз ба?

– Мектепте еңбек еткен жыл­да­рымның ұтыс жағы да, ұты­лыс жағы да болды. Бойдағы жас­тық жігер қуатын мектепке аямай жұмсадым деуге болады. Озат ұстаз атандым. Қазақ КСР Оқу министрлігінің Құрмет гра­мотасының, КСРО-ның жо­ғары дәрежелі Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері болдым. Іс-тәжірибем «Мектеп» баспасы­нан кітапша болып басылды. Облыстық білім жетілдіру ме­кемесі арнайы плакат шығарды.

Ал мектепке келген күннен бас­тап балалармен етене араластым. Сурет, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бер­дім. Оларға бейнелеу өнері, клас­сикалық музыка, ұлттық, дәстүр­лі музыка бағытында тәрбие беруге ынта қойдым. Мектепте көңілділер, күлдіргілер клубы жұмысын ұйымдастырдым. Бұл ауыл өміріне үлкен жаңалық әкелді. Осыны тамашалауға келген адамдар клубқа лық толатын. Мұхтар Әуезовтің «Қарақып­шақ Қобыландысын», Оразбек Бодықовтың «Қарақұм трагедиясын» сахналадық. Олар­ды аудан орталығында, сахнала­ры кең ауылдарды аралап жүріп қойдырдық. Балалар өмірімен біте қайнасу менің көптеген шы­ғармама арқау болға­ны ақиқат. Әсіресе кезінде аса мол тиражбен басылып шыққан «Кішкентай генералдар» жи­нағыма енген повестер балалар өміріне тән небір хи­каялар, қызықтар, мінездер алуан­дығы көп әсерін тигізді. Олар­дың қатарында «Кішкентай генералдар», «Біз, Төлепбек атай, самолет командирі және Пальма», «Сары Сөмке және оның достары», «Саят» секілді повестерім бар.

– Ұлағатты ұстаз ретінде ба­­ла­­лар тәрбиесі туралы не айта­сыз?

– Жалпы, балалар өмірі, балалар тілі бөлекше бір әлем. Осы мектептегі жылдар беделінде сан мыңдаған оқушылармен кез­дес­тік, тілдестік. Олардың не­бір қы­зықтарының, аңқау, албырт тірліктерінің шалдуарлық­та­ры­ның, тентектіктерінің куәсі бол­­дық, небір періште сезім­ді бала­лардың мінездеріне қанық­тық.

Жетпісінші, тоқсаныншы жыл­­­­дары мектепте оқыған балалар мен олардың ата-аналары да бүгінгі дәуірдегі ұрпақ пен ата-ана­ларынан мүлде бөлек, жер мен көктей айырма бар.

Соңғы төрт-бес жыл көле­мінде, ұмытпасам, Қызылорда облысының бір ауылының мек­тебін ертеректеу бітірген ең тентек балалары намысына, шамына тимей, бірақ еш жерін көгертпей жұмсақ жерден мықтап жазалайтын қатыгез емес қатал әрі әділ ұстазына мектеп бітіру салтанатында жеңіл автокөлік сыйлап таңғалдырыпты. Сөйлегенде бұла мінезімізді бұғалықтап, теріс тірлігімізді шектен шығармай, қайырмалап, қалыпты арнаға салуға жүйкесін де, күшін де аяма­ған аяулы ұстазымызға мың алғыс деп сөйлепті.

Жасырып, жабатыны жоқ, осы күні де менің «қазақи» мек­тебімнен аз-кем өткен тентек шә­кірттерім кездескен жерде құ­­шақтап, бетімнен сүйіп, шұр­­қырап амандасып жатады. Өт­кен-кеткенді айтып, мәз болып, есте­ліктер айтысып, бір жасап қаламыз. 35, 40, 45 жылдық мектеп бітіру кештеріне шақырып, төріне шығарып, құрмет қы­лып, сый-сияпаттарын жасайды. Қазір әлдеқалай дауыс көтеріп, қатаң сөйлесең, телефонға тү­сі­ріп, әлеуметтік желіге салады да, соттың алдынан бір-ақ шы­ғарады. Жақында небәрі жетін­ші сынып оқушысының өз ұс­та­зын сабақ үстінде бейпіл сөз­бен балағаттағанын көріп, бас шай­қастық.

Қазір уақыт тым күрделі. Өт­кен жолы Мемлекет басшы­сы Түркістандағы Ұлттық құрыл­тайда еліміздегі білім жүйесі мен балалар тәрбиесіне ерекше тоқталды. Шынымды айтсам, бүгінгі жастардың өмірге деген таным-түсінігі, көзқарасы басқа. Оқушылар санасын әдеби көркем шығарма мен газет-журналда­ғы танымдық дүние емес, ұялы телефонның қызықтары жаулап алды. Мұның алдын алмаса, қоғам тығырыққа тіреледі.

– Жоғары оқу орнын бітір­геннен кейін Алматыда қалу­ға мүмкіндігіңіз болса да ауыл­ға ке­­тіп қалуыңызға не себеп бол­ды?

– Менің қатарлас достарым­ның, замандастарымның кейбі­ре­уі ауылға кетуіме көп таңданыс ­біл­діреді. Әке-шешем жасы ұлға­йып қалған адамдар еді. Екі інім­нің үлкені студент, кі­шісі мектеп жасында болды. Ашар­шылық­тың бар азабын тарт­қан әкем­мен бірге туған тоғыз ағайынды еркектің алты-жетеуі аштықтың құрбаны болған. Кешегі соғыс кезінде тылдың ауыр бейнетін көтерген әкем 1941 жылы 52 жаста екен. Үлкен әкеміз Аман­жолдың Ұлбике, Өтебике деген әйелдерінен бес-бестен ер бала болған. Шешелеріміз қыз тууды армандап өткен. Сол кенже ту­ған ер балаларына кекіл қоймай, екі шекесіне тұлымшақ қойып, ырымдайды екен.

Сенсеңіз, сол он еркек кін­діктен бүгінгі күні екеуінен ғана ұрпақ тараған. Үлкен ана­мыз­дың ұлдарының алды келін түсі­ріп, немерелі де болған. Бі­рақ ашар­шылық аранының тойым­­сыз көмейі оларды талғаусыз ­жұ­та берген ғой. Сондықтан да елге келгенімді әкем де, шешем де құп көрді.

– Алматыда қалғанда бұдан да зор дүниелер жазар едім деген өкінішіңіз бар ма?

– Белгілі дәрежеде мен өзім­нің қайратымды, интеллек­туал­дық күш-жігерімді шашы­ра­тып алғанымды мойындаймын. Лу­па­ға түскен күн­нің шоғыр сәу­лесі шоқ болып түсіп, астындағы дүниені өр­теп жіберетіні ақи­қат. Ұстаз­дық, қоғамдық жұмыс, басшы­лық, отбасылық жағда­йым шығар­ма­шылығыма біраз ке­дер­гі бол­ған­дығы шындық. Бы­лай­ша айт­­қанда, бойдағы күшті бір ны­санаға бағыттай алмағаны­ма өкінемін.

– Қазір не жазып жүрсіз?

– Көркем әдебиетте новелла­лы роман деген бар. Оның үл­гісі украин жазушысы Олесь Гон­чардың «Тронка», О.Генридің «Корольдар мен капуста» секіл­ді новеллалық романдарынан бел­гілі. Бүгінгі таңда мен әр алуан си­пат­тағы оқиғалар жиынтығынан құралған роман-мозаиканы аяқ­тап қалдым. Әрине, «роман-мо­заика» деген сөз құлаққа сәл то­сындау естілуі мүмкін. Соң­ғы жылдары «Жетінші купе», «Ан­ти­хибакусия», «Ұйық», «Үшем», «Құлпытас», «Алтын мүйіз­ді киік», «Операция» секілді әң­гімелерім бірқатар газет-журналда жарық көрді. Сондай-ақ Абайдың «Ескендір» дастаны негізге алынған трагедиялық бір актілі «Ескендір» атты дра­­мам екі бірдей басылымда жа­рияланып, халық театрлары ара­сындағы байқауда бірінші орынды иеленді.

 – Әңгімеңізге рақмет.

 

Әңгімелескен –

Азамат ЕСЕНЖОЛ,

«Egemen Qazaqstan»