«Даму» қорының Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Ернар Жұмағалиевтің мәліметінше, 2013 жылы бизнесті қолдау және дамыту бағдарламалары іске қосылғаннан бері несие сомасы 255,2 млрд теңге болатын 4 047 жобаға субсидия берілген. Кәсіпкерлердің 3 276 жобасы «Даму» қорынан 35,4 млрд теңгенің кепілдігін алған. Мұндағы несие сомасы 71,8 млрд теңгені құрайды.
«Кәсіпкерлердің «Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау» бағытымен 23,9 млрд теңгеден аса қаржыны құраған 428 жобаға қолдау көрсетілді. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» шеңберінде несие сомасы 14,4 млрд теңгеден аса 425 жоба бар. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» басым жобаларын несиелеу тетігімен құны 9,5 млрд теңгеден асатын 3, «Кепілдендіру» бағытымен 11,9 млрд теңгенің 388 жобасына қолдау жасалды. Кәсіп ашқан кәсіпкерлердің жобасына берілген кепілдік сомасы 5,8 млрд теңгені құрады», дейді Е.Жұмағалиев.
Мәселен, Ұлболсын Ерубаева «Риза» жеке кәсіпкерлігін құрып, неміс технологиясымен нан өнімдерін пісіруді қолға алған. Бұл үшін Германияда шығарылған «Булки-Хауз» наубайханасының жабдығын сатып, жалға алған орынға орнатқан. Әрине, өзге елдің технологиясын игеру оңай емес. Сол себептен әуелі шетелдік технологиямен нан пісіру әдісін зерттеп, кейін башқұр аспаздарынан кеңес алған.
«Менің кәсібім ғимаратты жалдаумен басталды. Жеке ғимарат сатып алуға мүмкіндігім болмады. Өйткені церебральды сал ауруына шалдыққан балам бар. Оған ұдайы емдік курс алу қажет. Оны ұдайы қолдау үшін әлсіздік танытпауға бекіндім. Қазір екі жеке аспаздық дүкенім жұмыс істеп тұр», дейді Ұ.Ерубаева.
Қазір оның аспаздық дүкендерінде нан өнімдерінің 30 түрі пісіріледі. Тұтынушыға тәтті және нірлендірілген өнімдердің 100 түрін ұсынады.
«Банктен алған несиеме «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жылдық мөлшерлемесі 14 пайыздық субсидияға ие болдым. Қазір 6 пайызын ғана төлеймін. Айырмасын мемлекет субсидиялайды. «Даму» қорының кепілдігі несие сомасының 85 пайызын құрайды. Бұл – бізге үлкен қолдау», дейді Ұ.Ерубаева.
Осындай демеуді сезініп отырған кәсіпкердің қатарында Гүлбану Ғайдарова да бар. Ол ұлттық нақыштағы той киімдерінің салонын ашқан.
«Менің негізгі мамандығым – бастауыш сыныптардағы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Алайда еңбек жолымды бастар сәтте алдымда екі таңдау тұрды. Бірі – мамандығыммен жұмысқа орналасу, екіншісі – той көйлектерінің салонын ашу. Өйткені бала кезімнен қуыршақтарға ақ матадан қалыңдықтың көйлегін тіккенді ұнатушы едім», дейді Г.Ғайдарова.
Бір қызығы, өзінің тойында киген қалыңдықтың көйлегі мен сәукелені сатып алмаған. Екеуін де өзі тіккен. Бұған, әрине, туыстары мен достарының бәрі таңданыс білдіріпті.
«Осыдан кейін ұлттық нақышта киім тігетін шеберхана ашуға бел байладым. Қазір «Сырға салу», «Қыз ұзату» салтанатына тапсырыс көп түседі. 11 жылдан бері ұлттық киімдерді тігуді кәсіп етіп келемін. Атырау, Ақтау, Орал және Ақтөбе қалаларынан тойға арналған киімдердің салонын аштым. Кәсібімді өркендетуге «Даму» қоры арқылы ие болған 14 пайыздық субсидияның көмегі тиіп тұр. Қор 30,1 млн теңгеге кепілдік берді. Өзім банктік мөлшерлеменің 5 пайызын төлеймін», дейді Г.Ғайдарова.
Қордың кепілдігімен ісін жандандырып отырған Лаура Құсманова да Атырау қаласының екі шағын ауданынан «Алтын сақа-1», «Алтын сақа-2» балабақшасын ашқан. Қазір екі балабақшаға 350-ге жуық бала барып жүр. Ғимараттар қажетті құрал-жабдықтармен, жиһаздармен, тұрмыстық техникамен, ойын алаңдарымен жабдықталған. Балаларға бес мезгіл тамақ беріледі. Оларға мектепке дейінгі сабақ қазақ және орыс тілінде «Қарлығаш», «Зерек бала» оқу жоспарымен жүргізіледі.
Енді кәсіпкер кәсібін кеңейтіп, оқу-шығармашылықты бағытты ұстанатын спорт орталығын ашуға бел байлапты. Мұнда спорттың түр-түрі мен биге, аспаптық және ақпараттық технологияға баулитын үйірмелер ашылады.
Ал «Grant med group» ЖШС стоматологиялық емхананы ашуды қолай көріпті. Өйткені кейінгі жылдары медицинаның бұл қызметіне жүгінетіндер көбейген. Сол себептен «Дамудың» демеуімен қызметін бастаған жаңа инновациялық емхананың тұрақты келушілер шоғыры қалыптасқан.
Атырау облысы