Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Рас, ізгілікті қоғамның іргесі әділдіктің салтанат құруымен нығаяды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған әуелден басымдық танытып, сайлауалды тұғырнамасына ұстын болған үш ұстанымының бірін әділдік деп атады. Биылғы Жолдауында да бұл мәселеге ерекше мән берілді. Әділдікке бастайтын қадам – жемқорлықты түп-тамырымен жою. Президент ел тізгінін ұстағаннан кейін халыққа берген уәдесіне берік болатынын айтып, ұлықтау рәсімінде он негізгі бағытты белгіледі. Соның қатарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдар назарға алынды.
Бірақ бәрін өзімізден бастауымыз керек екенін естен шығармаған жөн. Бүгінде аудандық тарихи-өлкетану музейінде жемқорлықтың алдын алу мақсатында жыл сайын арнайы жоспар әзірленіп, сол бойынша іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Музей қызметкерлерінің жиындарында жемқорлықпен күресуді әркім өзінен бастау керектігі тұрақты ескертіледі. Музейге келушілерімен жемқорлық мәселесі туралы дөңгелек үстел ұйымдастырылып, іс-шара кезінде олар өз пікірлері мен ойларын ашық білдірді.
Жасыратыны жоқ, сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін түрі – парақорлық. Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырын жою үшін қоғам болып бірігіп, белсенділік танытуымыз қажет. Яғни пара беру де, пара алу да үлкен қылмыс ретінде саналатындай қоғамдық сана қалыптасуы қажет. Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіретіні сөзсіз. Заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасайды.
Егер сыбайлас жемқорлық жойылса, халықтың билікке сенімі пайда болып, күдік те сап тыйылар еді. Сондықтан еліміздің әрбір азаматы Конституцияны, құқықтарын жетік біліп, жіті түсініп, абыройы мен қадір-қасиетіне құрметпен қарауға тиіс. Сонда ғана жемқорлыққа жол берілмейді. Әрине, жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Сондықтан оның алдын алып, қоғамнан жойып, оның ұлғаюына жол бермеуге бірлесе отырып жұмыс жүргізген жағдайда ғана оң нәтиже болады.
Төле НАРЖАНОВ,
Байзақ аудандық тарихи-өлкетану
музейінің қызметкері
Жамбыл облысы