Пікір • 15 Қыркүйек, 2023

Әділетті Қазақстанға – құқықтық көзқарас

207 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында елді сая­си, экономикалық және әлеуметтік дамытудың кешенді «жол картасын» ұсынды. Құқықтық тұрғыдан алғанда, Президент Тоқаев ұсынған реформалар мен бастамалар оң өзгерістерді ғана емес, сонымен қатар әділдік, заң үстемдігі және азаматтардың ел басқару ісіне белсене араласуын көрсетеді.

Әділетті Қазақстанға – құқықтық көзқарас

Ең әуелі, билік тармақтары арасындағы оң­тайлы тепе-теңдікті орнатуға бағытталған бұған дейін жүргізілген саяси реформалар заң үс­тем­дігінің іргелі қағидасы екеніне тоқталайық. Бұл, әсіресе, Қазақстанның ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік рес­пуб­ликаға өтуі жағдайында өте өзекті. Осын­дай реформалар тежемелік және тепе-теңдік қағидатын берік ұстанғанын аңғартады. Биліктің шектен шығу қаупін азайтады және атқарушы биліктің әрекетін заң шығарушы және сот органдарымен тек­серуге мүмкіндік береді. Мұндай жүйелік те­тіктер әрқашан ашық, есеп беретін және әділ бас­қару құрылымын құруға ықпал етеді.

Жолдауда сондай-ақ құқықтық және эти­калық тұрғыда маңызды аспект – адам құқық­та­рын қорғау саласында жүргізілген ре­фор­ма­ларға екпін берілді. Президент Тоқаев азамат­тардың басқаруға және шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігін арттырып, демократиялық даң­ғыл жолға бағыт алғанын анық аңғартады. Азаматтардың құқықтарын кеңейту заңнамалық және әкімшілік үдерістерге әсер етіп, қоғамды неғұрлым инклюзивті, талқылауға қабілетті және сайып кел­генде әділетті етеді.

Экономикалық реформалар мәселесіне тоқ­тал­сақ, бұл бағыттағы жаңа саясат әділетті­лік­ке, инклюзивке және прагматизмге баса назар аударады, әділ құқықтық базаның негізін қа­лайды. Мысалы, Қ.Тоқаев экономиканы әр­та­рап­тандыру және қуатты индустриялық база құру бастамасы жаңа жұмыс орындарын ашуға, та­быс теңсіздігін азайтуға және әлеуметтік-эко­номикалық құқықтарды жүзеге асыруға мүм­кіндік береді. Мұндай мақсаттар күшті заң­на­малық негізде бекітілсе, ұзақмерзімді тұрақ­ты­лық пен инклюзивті өсуге ықпал етеді.

Қызығушылық тудыратын бір мәселе мынада. Үкіметке мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімін жеңілдету және қысқартуға, сапаға ба­сым­дық беруге, оны автоматтандыруға тапсырма берілді. Құқықтық тұрғыда мұндай қадам тиім­ділік пен ашықтық мәселесін шешеді. Сы­бай­лас жемқорлық қаупі мен бюрократиялық кедер­гі­лер­ді азайтады. Бизнесті жүргізуге қолайлы және бәсе­келестік орта құруға жол ашады.

Қаржы секторындағы реформалардың да ма­ңызы ерекше. Шетелдік сенімді үш банкті елге әкелу инвестиция ғана емес, сонымен қатар Қа­зақстанның банктік заңнамасы мен норма­тив­тік-құқықтық актілерін жетілдіреді, озық халықаралық тәжірибеге иек артуға мүмкіндік бе­реді. Мұндай «реттеуші тәсіл» жергілікті стан­­дарт­тарды жақсартып, оларды халықаралық дең­­гей­де танылған нормалар мен заңдарға сәй­кес­­тенді­реді.

Қазақстан Президентінің Жолдауында салық мәселелері де қозғалды. Салық жеңілдіктерінің көлемін қысқартып, салық органдары мен салық төлеушілер арасындағы өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшу ұсынылды. Бұл ұсы­­­ныстар ашықтық, әділдік және салық төлеу­ші­лер­ге тең қарау қағидаттарымен үндесіп, сол арқылы фискалдық саясаттың құқықтық негізін нығайтады.

Әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты Қ.То­қаев мектептер мен медициналық мекеме­лер­ді, әсіресе ауылдық жерлерде көптеп салуды тапсырды. Заң аясында тұжырымдалған бұл міндеттеме азаматтарға білім беру және денсаулық сақтауды қамтамасыз ету секілді Конституцияда бекітілген уәдені орындауға жол ашады. Мемлекетке әлеуметтік әділдік жөнін­дегі міндеттемелерін тиімді орындауға мүм­кін­дік береді.

Бұдан бөлек, атом электр стансасын салу мәсе­лесін жалпыхалықтық референдумға шығару демократия мен оның құқықтық бағытын құр­мет­теуді көрсетеді. Референдум өткізу ұжым­дық шешімдерді қабылдауды жеңілдетіп қана қоймайды, сонымен қатар атом электр стан­са­сының құрылысы мен жұмысын реттейтін заңнамалық базаны қалыптастырады.

Қорыта айтқанда, Президент Тоқаевтың Жол­дауы құқықтық тұрғыда қарағанда теңдес­ті­рілген, әділ және инклюзивті қоғам құру жолындағы Қазақстанның серпінді реформалар қамтылған, жан-жақты ойластырылған көзқарасын білдіреді. Оны жүзеге асыру нағыз сынаққа айналмақ. Де­ген­мен ұсынылған бас­тамалар ел үшін келешегі зор құқықтық және этикалық траекторияны бел­гі­лейтіні сөзсіз.

 

Ричард БИННС,

адвокат, Ұлыбритания