Мәдениет және ақпарат министрлігі мен жастардың қоғамдық бірлестіктері мұрындық болған экологиялық акцияға Амангелді ауылының жастары мен батыр ескерткішіне жақын орналасқан Тасты ауылының тұрғындары атсалысты.
– Осы жолмен әрі-бері ағылып жатқан көліктер Кейкі бабамыздың кесенесіне бұрылмай кетпейді. Жолаушылардың көбі кесене басына тоқтап, құран оқып, дұға бағыштайды. Оның сыртында, алыстан арнайы келіп кететін кісілер бар. Бүгін, міне, аудан орталығынан жиырма шақты белсенді жас келіп, оларға біздің ауылдың тұрғындары қосылып, кесененің аумағындағы шөпті жұлып, қоқыстан тазарттық. Іші-сыртының шаңын сүртіп, еденін жудық, – дейді Тасты ауылдық округінің әкімі Еркін Қапышев.
Акцияны ұйымдастырушылардың айтуынша, аудан орталығында да дәл осындай тазалық іс-шаралары қолға алынып, Амангелді батыр мен Сатыбалды ишан кесенелерінің аумағы, сондай-ақ Амантоғай ауылы маңындағы өзен жағалауын тазарту жұмыстары жүргізілген.
Республикалық акциясы аясындағы тазалық жұмыстары әлі де жалғасады. Өйткені өңірде мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның он шақтысы жалпыұлттық маңызы бар нысандар санатына енген. Оған жергілікті маңызға ие 28 ескерткішті қосыңыз. Жастар ресурстық орталықтарының өкілдері алдағы сенбіде Қостанай ауданындағы Ыбырай Алтынсарин кесенесі мен Барақ батыр кесенесінің айналасын тазартуды жоспарлап отыр.
Қостанай облысы