Қоғам • 18 Қыркүйек, 2023

190 метр биіктікте құрылыс жүргізу – үлкен тәуекел, оған жүрек керек – альпинист

537 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қоғамда аса қат мамандардың қатарында альпинистер де бар. Иә, кәдімгі  шыңға өрмелеп, омыраулап қар кешіп,  мұзға шойын қадасын қағып асу бермес асқарға қарай адымдайтын альпинистер секілді бұлар да биікте жүріп, көп адамның тәуекелі бара бермейтін аса ауыр жұмыстарды атқарады. Біз сөйлескен Бағдат Болатұлы да альпинист. Жамбыл облысына қарасты көгілдір газ өндіретін зауыттың аспанмен астасқан мұнарасын сырлау, әктеу жұмыстарын командасымен барып, аяқтап үйіне келген беті екен.

190 метр биіктікте құрылыс жүргізу – үлкен тәуекел, оған жүрек керек – альпинист

Фото: Ашық дереккөз

– Бағдат,  елімізде бірнеше жылдан бері Еңбек күні  кәсіби мереке ретінде аталып өтіледі. Әр салада өзінің еңбегімен еленген жандар құрметке бөленер атаулы күннің қарсаңында өзіңнен сұхбат алсақ, тереңдей танысып біліссек деп хабарласып отырмыз. Альпинист болу бала күннен арманың ба?

– Бала күнімнен армандадым дей алмаймын. Мектеп бітірген соң кәсіптік білім беретін колледжде құрылыс саласына қажет мамандық бойынша оқыдым. Кейін құрылыста  жұмыс істедік. Өзім биікке өрмелеп шығуда басым айналмайды, қорқыныш болған емес. Құрылыста ішкі, сыртқы жұмыстарды  іске асырып, еңбектеніп жүргенде осы альпинизм саласында еңбек ететін  кісімен таныстық. Сол кісінің себеп болуымен жолым осы арнаға бұрылды деуге де келеді.

– Алғашқы тапсырысты орындаған кезің есіңде шығар, қорқыныш болмады ма?

екі 2

– Өзім жастайымнан тәуекелге барудан тартынбаймын. Тәуекелге бел буып бір істі бастадың ба, жүріп кетсе еңбегіңнің ақталғаны, ал енді тоқырауға ұшырасаң, жұмысың өнбесе қателіктен сабақ аласың. Сондықтан тәуекелге бел бумай биікке шыға алмайсың. Алғашқы тапсырыс түскенде 45 метр биіктікте  жөндеу жұмыстарын  жүргіздік, ешқандай да қорқыныш болған жоқ.

– Альпинист Бағдаттың бір күні қалай өтеді жалпы?

– Күнделікті таңғы алтыда ұйқыдан тұрамыз, жұмыс басында жетіде болуымыз керек. Өйткені біз арнайы киімді киіп, қауіпсіздік белдігін тағынып, арқанды іліп  болғанша бір сағаттан аса уақыт кетеді. Мысалы соңғы тапсырыс, кеше ғана аяқтап келген нысанның басына өрмелеп шығуға екі жарым сағат уақыт жұмсайтынбыз күнделікті. Көгілдір газ өндіретін зауыттың биіктігі 190 метр мұржасының басына шығып, әрі қарай арқанды таспалап отырып табанына түсудің өзіне екі жарым сағаттай уақытты сарп етесің. Таңғы жетіде келген біздер күн  бесінге таянғанда жұмысты бастаймыз.

– Көп өтпей түскі ас  ішуге аялдау қажеттігі туындайды ғой?

– Біз тапсырыс бойынша алған шаруамызды қалай жылдам аяқтасақ, еңбекақымызды соған сай аламыз. Яғни қабылдап алған шаруаңды өткізген мезетіңде ақшаңды аласың. Сондықтан да уақыттан ұтылмас үшін  біз арқанға ілініп тұрып-ақ ауқаттанып алып жұмысымызды жалғастырамыз, түскі ас деп арнайы үзіліс жасамаймыз.

– Жұмыс ауыр шығар,  мұндай қиындыққа жастар төтеп бере ала ма?

– Оңайы болатын ба еді жұмыстың? Жоғарыда айтқан 190 метр мұржаның ішкі-сыртқы  жұмыстарын жүргізгенде бізге мұржаның ішіне түсіп атқарған жұмыс ауыр соқты. Өйткені ол жерде  қабырғаның  жарылған жерін  бітеп, электр желісін жүргізуде қажетті құрылыс заттарын төменнен арқанмен тартып аламыз. Ал мұржаның сыртқы жұмыстарын, яғни әктеу, сырлау жұмыстарын жүргізгенде  жерден арнайы құрылғымен қажетті құрал-сайман, құрылыс заттарын  жеткізіп беріп отырады. Біз көпшіліктің биіктікте жүріп істей алмайтын жұмысын жүзеге асырамыз дедім ғой. Сондықтан әмбебап болу өзімізге жақсы. Темірді темірге жалғап дәнекерлей алсаң, әрлеп, сырлай білсең, табатын табысың да қомақты болады.

– Отбасыңда  неше ағайындысыңдар? Ата-анаң биікке өрмелеуге қарсы болмады ма, қанша айтқанмен қауіп пен қатерге толы мамандық қой.

– Бала күнімнен өзім тәуекелшілмін дедім ғой, сенімділік жоғары болғандықтан шығар қандай шаруаны болсын нәтижелі аяқтауға ұмтыламын. Мүмкін осы  мінезімді білген соң ба екен, аса қатты қарсылық танытқан жоқ. «Өзің қаласаң, еркіңе салдық» деп демеу берді. Шүкір деймін, жұмысымыз жеңіл емес, соған сай табатын еңбекақымыз да қомақты.

– Әлеуметтік желідегі парақшаңда  тапқан қаражатыңа қатысты  пікір жарияладың ғой. «Екі ай еңбектеніп, ақысына  жүріп-тұруға жарайтын көлік сатып алуға болады» деп. Демек, табыс та қомақты  деп айта аламыз  ба?

– Әрине, сөз басында айтқанымдай, біз жердегі көп адамның  зау биікте жүріп атқара алмайтын ауыр жұмысты атқарамыз. Мысалы біз соңғы жұмысымызды 35 күнде аяқтадық, әрқайсымыз 1 миллион теңгеден аса еңбекақы алдық. Енді өзіңіз есептей беріңіз, талмай-тынбай жұмыс істесең екі-үш айда бір көлік сатып алып мінуге болады. Дегенмен  альпинизм – қауіп-қатері басым мамандық. Бұл салада еңбек ету екінің бірінің қолынан келе бермейді, өйткені адамдардың көпшілігінде биіктен фобиясы бар. Ауа райының қолайсыздығы да бізге көп кедергі келтіріп, қолбайлау болады. Өйткені үп еткен самал жел шықса, бізге биікке өрмелеуге рұқсат жоқ.

үш 3

– Альпинист Бағдат тауға шыққанды да қалайтын шығар?

– Табиғаттың аясында серуендегенге не жетсін шіркін. Бірақ мен альпинизмді хобби деп емес, мамандық, табыстың көзі деп қабылдаймын. Сондықтан да тауға шығып, шыңға өрмелеуге аса қызығушылығым жоқ.

– Бағамдасақ  Бағдат, 21 жасқа енді толады екенсің. Қатарластарыңның  арасында «оралыңның барында ойна да күлге» ыңғай танытып тұратындары да жоқ емес. Ет пен терінің арасындағы желіктің желөкпе шағы ғой сенің қатарластарыңда. «Жастар жалқау» дегенге нендей пікір айтасың?

– Әркімнің көргені, көңілге түйгені бар. Мұндай пікірді мүмкін жастардың жұмысқа аса ықыласы болмайтынын аңғарған, көріп жүрген адам айтқан шығар деп пайымдаймын. Сөзіңіздің жаны бар, менің  замандастарымның  ішінде де «жастық шақ қайта айналып оралмайды, ойнап-күліп қыдырып алу керек» деген түсінікке тәуелділері де бар. Бірақ менің  ойымша, рас жастық шақ та, қарттық та, адамға бір-ақ рет беріледі. Керісінше жас кезіңде, бойда күш-қуатың барда еңбектен, қартайғанда соның зейнетін, рахатын көресің. Сондықтан да еңбек ету менің  басты мақсатым, қыдыру, ойнап-күлу одан кейінгі жоспарда тұрады қашанда.

 

Әңгімелескен Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»