Президент • 18 Қыркүйек, 2023

«Біртұтас БҰҰ» қағидатын күшейту қажет - Президент

202 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі саммитінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Біртұтас БҰҰ» қағидатын күшейту қажет - Президент

Мемлекет басшысының пікірінше, баршаға ортақ орнықты болашаққа қол жеткізу үшін шұғыл түрде бірлескен іс-қимылдар қажет

Осыған байланысты Мемлекет басшысы бірқатар ұсыныс айтты.

«Өзара ынтымақтастықты нығайту үшін аймақтық деңгейде «Біртұтас БҰҰ» қағидатын күшейту қажет. Сондықтан біз Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Аймақтық хаб құруды ұсынамыз. Ол БҰҰ-ның аймақтағы жобалық қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз етеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент саммитке қатысушыларға халықаралық қаржы архитектурасына тың серпін беруді ұсынды. Оның айтуынша, ОДМ-ға қол жеткізу үшін қаржы жүйесі таңдаулы ғана елге емес, барлық мемлекетке теңдей ықпал етуі қажет. Экология, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы проблемаларды шешу үшін орасан зор қаржы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев климат, азық-түлік және энергетика дағдарысы орнықты дамуға айтарлықтай қауіп төндіретініне тоқталды.

«Біз БҰҰ-ның басшылығымен техникалық қолдау, ғылыми зерттеулер және қауіп-қатерлерді бағалау салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға тиіспіз. Орнықты даму саласындағы мақсаттар бәріміз үшін жарқын әлемге жол ашады. Біз бірігуіміз және күш-жігерімізді арттыруымыз қажет. Қазақстан БҰҰ-ның орнықты даму саласындағы тегеурінді әрі тиімді рөлін әрдайым жақтайды», деді Президент.