Алматы • 18 Қыркүйек, 2023

Алмаға қарық қылған жәрмеңке

220 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жылдағы дәстүрге сай Алматы қаласының орталығында Алматы облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен кеңейтілген жәрмеңке ұйымдастырылды. Бұл шараны қала тұрғындары асыға күтері анық. Себебі өңірдің әр түкпірінен келген өнімдер делдалсыз тұтынушыларға тікелей саудаланудың нәтижесінде баға базардан анағұрлым арзанға түседі. Осы бір тиімді сәтті пайдаланып, қыстың қамын жасап қалуға тырысқан қала тұрғындарының жәрмеңке алаңына бет алған қарасы қалыңдап, күн көтеріле келе сауданың көрігін қыздырды.

Алмаға қарық қылған жәрмеңке

«Алматы облысында дәстүрлі түрде дәнді дақылдар және алма, алмұрт, жүзім, көкөністердің барлық түрі өсіріліп, мал мен құс шаруашылығы қарқынды дамы­ған. Биылғы жылы респуб­ликада сары өрік өсіру бойынша 1-орынды, картоп пен күріш өсіру бойынша 2-орынды алып отыр.

Сондай-ақ өңіріміз құс өсіру мен құс етін өңдеу бойынша алдыңғы орында. Облыста 8,3 млн бас құс тіркелген, яғни рес­публика бойынша жалпы құс санының 17 пайызын құрайды. Жыл басынан бері 141,4 мың тонна барлық түрдегі ет өндірілді. Оның ішінде 62,1 мың тоннасы бройлердің құс еті. Облыс құс етіне деген Алматы қаласы тұрғындарының сұранысын 100 пайыз қамтамасыз етіп отыр», дейді облыс әкімінің орынбасары  Алмас Батанов.

Өңірдің алыс-жақын Райым­бек, Кеген, Ұйғыр, Балқаш, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай, Іле аудандары­мен қатар, Қонаев қаласының ауыл­шаруашылық тауар өндіру­шілері бұл күні жәрмеңкеге жалпы көлемі 179,3 тонна өнім алып келді. Оның ішінде 20,3 тонна ет өнімдері, 6 тонна сүт өнімдері, 20,6 тонна картоп, 25,4 тонна көкөніс, 22 тонна алма мен жеміс-жидек және 45,2 тонна басқа да өнімдер сау­даланды.

«Мұндай ірі жәрмеңкеге алғаш рет өз өнімімді алып келдім. Табиғи балдың үш түрі сауда­ланады. Дәмін татқан тұты­ну­шы­лар дән риза кейіппен сатып алып жатыр. Өнімдерімізді өткі­зу­де жәрмеңкенің пайдасы  тиюде»,  дейді Кеген ауданынан кел­ген жас омарташы Игілік Әбдірәсіл.

Ал жексенбі күні Алма­ты қаласы әкімдігінің ұйымдас­тыруымен Тұңғыш Президент саябағында «Apple Fest» фести­валі өтті. Өңірде 11 мың гектарға жуық алма бағы бар болса, оның ішінде әйгілі апорт 1 259 гектарды құрайды.

Аталған алма фестиваліне Талғар, Қарасай, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарының шамамен 25 бау-бақша серіктестіктері қатысты. Жәрмеңкеде алманың жоғары сұрыпты 13 түрі ұсы­нылды.

 

Алматы облысы