Экологиялық науқанның негізгі мақсаты киелі жерлерді тазарту, жастарды туған өңірлерін аялап, сүюге бағытталғаны мәлім. Бұл күні облыс орталығынан «Жасыл ел» жастардың еңбек жасағы өңірлік штабының сарбаздары, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті студенттері және Қазақстан студенттері альянсы мүшелерінен құралған арнайы жасақ 220 шақырым жердегі Баянауыл ауданына барып, ондағы Сабындыкөл көлінің маңайын күл-қоқыстан тазартты.
«Жасыл ел» өңірлік штабының командирі Русана Самекованың айтуынша, экологиялық акцияға аудан тұрғындары да үн қосып, жастармен бірге су айдыны маңайын ретке келтірген.
– Акция нәтижесінде көл маңайынан 50 қапшық қоқыс шығарылып, аумақ тазара түсті. Қоршаған ортаны көзіміздің қарашығындай сақтау үшін бізге мұндай істерге жүйелі жұмылуымыз қажет екенін қатысушылар түсінгендей. Жалпы Ертіс-Баян өңірінің жастары экологиялық жобаларды белсенді қолдайды және туған өлкесінің тазалығы мен сұлулығын сақтауға әрдайым өз үлесін қосуға тырысып жүр. Аймағымыздың барлық тұрғынын әсем табиғатымызды қорғауға, аға буынның бізге аманаттап кеткен табиғи байлығын сақтауға шақырамыз. Акция алдағы уақытта жалғасады. Өңірдегі киелі жерлерді, көрікті мекендерді тазалап, келушілер үшін қолайлы ете түсу – міндетіміз, –дейді ол.
Жасақ сарбазы Сұлтан Саримов тазалық іс-шарасына қатыса отырып, жастар табиғатты қорғаудың маңызын терең түсіне бастайды деген пікірде. «Табиғаттағы көркемдік өте нәзік нәрсе екенін енді біліп жатырмыз. Оның тұтастығын сақтап, артымыздан ерген іні-қарындастарымызға ізгі істерімізбен үлгі болу керекпіз. Әрбір лақтырған кәмпит қағазы, титтей ғана тұрмыстық заттар жер бедерін ластап қана қоймай, әсем табиғатқа нұқсанын келтіреді. Айналамыз әрдайым таза, жап-жасыл болып тұруы үшін ең әуелі қоқыс тастамауды үйренуіміз керек», дейді белсенді жас.
Жалпы қыркүйектің үшінші сенбісінде әлемнің көптеген елінде «World clean up day» дәстүрлі сенбілігі ұйымдастырылатыны мәлім. Отандық экологиялық акция осы ауқымды іс-шараға орайластырылғаны кездейсоқ емес. Бұл күні Павлодар қаласындағы Усолка ықшам ауданы мен «Қазқонақ» табиғи ескерткішінің маңайы да ұмыт қалмады. Усолка өзенінің маңайы – шаһар тұрғындары мен қонақтар жиі серуендейтін аумақ. Су айдынының айналасында тамаша табиғат қойнауы орналасқан, жағалауы толған тоғай. Өкінішке қарай, табиғат аясына шыққандар тамақ қалдықтары мен полиэтилен қапшықтарын, түрлі қоқыстар қалдырып кетеді. Сондықтан аймақ жастары бұл жерді үнемі тазартып тұрады. Бұл күні мемлекеттік ұйымдар мен ірі кәсіпорындардың қызметкерлері, университеттер пен колледждердің студенттері, еріктілер мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері тазалық шараларына жұмылды. Санаулы сағат ішінде 300-ден астам қатысушы 20 тонна қоқыс жинады. Облысы бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы Бауыржан Жансейітов атап өткендей, мұндай акцияның нәтижесінде адамдар табиғатпен жақындасып, оны аялауға үйренеді. «Экологиялық тәрбие қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік арқылы қалыптасады. Ал табиғатқа қамқорлық жасау осындай сенбіліктерде байқалатыны рас. Көпшілік тізе қосып, ластанып кеткен жерлерді қоқыстан тазартып, ретке келтіреді. Осындай жұмыстар барысында қоршаған әлемді тануға деген қызығушылық пайда болып, экологиялық мәдениетті насихаттау мүмкін болады», дейді ол.
Павлодар облысы