Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2023

Бұл – мәдениеттің өлшемі

137 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Kieli tabigat» экологиялық акциясы аясында Түркістан қаласы жастар ресурстық орталығы мамандары мен ерікті жастар тарихи аймақтың табиғаты мен тазалығын сақтап, экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында Қ.А.Ясауи кесе­несі аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді.

Бұл – мәдениеттің өлшемі

Өңірлік табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары Болысбек Шәріпбековтің айтуынша, өңірдің барлық ауданында өткен сенбілікте әр мекеме өзіне жүктелген аймақта тазалық жұмыстарын жүргізсе, мемлекеттік қызметшілер мен дербес бөлімдер «Түркістан-Кентау» тас жолы бойын арам шөптерден тазартты.

Сондай-ақ дүниежүзілік тазалық күніне орай облыста «World Cleanup Day 2023» жыл сайынғы экологиялық акция ұйымдастырылды. Қоршаған ортаны тазалай отырып, табиғатқа жанашырлық таныту және әр адам бойындағы экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруды мақсат тұтқан сенбілікке облыс аумағындағы барлық аумақтық департаменттер мен басқармалар, аудан, қала әкімдіктері, бюджеттік мекемелер мен тұрғындар, жалпы 13 мыңға жуық адам атсалысты. Ал Жетісай ауданында жүргізілген тазалық жұмыстарына 5 мыңға жуық халық қатысқан. Әрбір мекеме мен бөлімдерге арнайы бекітілген учаскелерде бей-берекет жатқан қоқыс орындары, «Жетісай-Атакент» тас жолы бойында орналасқан «Достық» магистральды каналының К-26 арнасының маңы, ауданның кіреберісі қатты тұрмыстық қалдықтардан тазартылды.

«Кез келген аудан, қаланың тазалық көрсеткiшi жергілікті халықтың мәдени деңгейiн көрсетеді. Тұрғындардың жақсы тұрмысы үшін бірқатар игі іс атқарылып келеді. Көшелер кеңейтіліп, түнгі жарықшамдар орнатылып жатыр. Арықтар тазаланып, көшет егу жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Барды қадірлей отырып, туған еліне құрметпен қарап, ел-жұртын жақсы көретін азаматтарды ауданды көркейтуге, абаттандыруға, еліміздегі ең таза аймақтардың бірі болуына белсене атсалысуға жұмылдыру да үлкен маңызға ие», дейді Жетісай ауданы әкімі аппаратының басшысы Есен Алданиязов.

Бүгінде аудандарда тазалық жұмыстарын бірқалыпқа келтіру мақсатында көше тұрғындары мен шағын аудан билерінің, жергілікті учаскелік полиция қызметкерлерінің қатысуымен түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді.

 

Түркістан облысы