Басылым • 19 Қыркүйек, 2023

Адалдықты ар тұтқан

230 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­­верситетінің Ғылыми кітапханасында бел­гілі журналист, саясаттанушы Кенжеболат Жолды­байдың «Әркімнің жолы – әртүрлі сапар» атты кітабының таныстырылымы өтті. Іс-шараға қаламгерді жақын білетін зиялы қауым өкілдері, замандастары, жерлестері қатысты.

Адалдықты ар тұтқан

Оқырманға жол тартқан жаңа кітапта парасатты публицистің өмірінің соңғы жыл­да­­рында мер­зімді баспасөзде қазақ және орыс тілінде жарық көрген мақала­лары, сұх­бат­тары, ой-толғамда­ры, пікірлері топ­тас­тырылған. Әсі­ресе тәуелсіздігіміздің үшін­ші он жылдығында орын алған саяси-рухани мәселелер туралы жазбалар көтерген жүгінің ауқымды­лы­ғымен, те­рең сараптамалығымен, бастысы оқыр­­манды оқуға жетелеп отыра­тын көркем тілімен бау­рап әке­теді. Сондай-ақ автор адам бо­­йын­дағы ізгілік, игілік, адалдық, ар таза­лығы, имандылық сияқты құндылықтарды қоғам­мен байланыстырып, салмақты ой толғайды.

Мазмұнды іс-шарада алдымен сөз алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жө­нін­дегі проректоры Жанна Құр­ман­ғалиева 2000-жылдары Кен­жеболат Жолдыбаймен Мәдениет, ақ­парат және қоғамдық келісім ми­нистрлігінде бірге қызмет атқар­ған жылдары жақын таныс бо­лып, ол кісінің адалдықты ар тұт­қан әділ азамат болғанын айтты.

вап

Одан кейін Парламент Сена­ты­ның депутаты, Қазақстан Бас редак­торлар клубы­ның прези­денті Бибігүл Жексенбай белгілі қаламгердің аталған клубты бас­қарған жыл­дардағы еңбегіне айрықша тоқталды.

– Кенжеболат ағамен Бас редакторлар клубының жұмысы барысында танысып, 2013-2014 жылдары ол кісімен белсенді жұ­мыс істедім. Кез келген қоғам­ның да­муына азаматтық қоғам­ның да­муы ерекше әсер етеді. Елі­міз­дегі азаматтық институттың қа­лыптасуына ағамыздың да қосқан үлесі зор. Бас редакторлар клубын басқарған жылдары осы бағыттағы бірқатар игілікті шараларға бастамашы болды. Соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға өзгерістер енгізуге байланысты өткір пікір айтып, батыл ойларын жазды. Сонымен қатар қоғамдағы өзекті мәселе­лерді клуб атынан болсын, өз атынан болсын тереңнен қозғап, оны қазақ оқырмандарына ғана емес, орыс аудиториясына да жеткізді, деді сенатор.

Мемлекет және қоғам қайрат­кері Мұхам­бет Көпеев замандасы К.Жол­ды­бай­дың оның Ұлытау өңірінің ғана емес, барша ел мақтаныш тұтатын азамат дәрежесі­не көтерілгенін сөз етті. «Қаламгердің жаңа кітабын алып, оқып шықтым. Мұнда ол өткен заман мен бүгінгі уақытты сөз етіп қана қоймай болашақта қан­дай боламыз деген сауалдарға да жауап беруге тырысқан. Тұлғалар туралы айт­қан ой-толғамдары да ерекше. Халқымызда «Артын­да баласы қалса көзі қалды де, сөзі қалса, өзі қалды де», деген ғибратты сөз бар. Осы тәм­сілді ойға алсақ, Кенже­болат та дәл бүгін ор­тамызда отыр­ғандай әсер береді», деді ол.

Ал академик, «Қазақ газетте­рі» серіктес­тігінің директоры Дихан Қамза­бекұлы:

– Бүгінгі іс-шара өтіп отыр­ған Ақселеу Сейдімбек залымен қатарлас Мұха­мед­жан Қаратаевтың, Рәби­ға Сыз­ды­қованың, Тұр­сынбек Кәкішевтің, Серік Қира­баевтың және тағы басқа да тұлғалардың еңбек­те­рі – Еуразия университеті кітапха­насы­ның ұстындары секілді. Сол қатарда марқұм Кенжеболат Жолдыбайдың да бұған дейін­гі жинақ­та­ры мен бүгінгі тұсауы кесілген кітабы да оқырманға жеткелі отыр. Ол кісі «жақсы адам» деген мазмұнды еңбекпен жасады. Технар адамның гуманитарлық са­ланың жүгін арқалауы оңай емес. Оның бойындағы зиялылық – қасиетті Ұлытау мен ата-бабасының қанынан дарыған деп ойлаймын. Алаш ардақтылары бірі – инженер, бірі – дәрігер болса да ұлт қамы үшін жан аянбай қызмет істеп, ел руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірді. Бұл кісі де сол Алаш зиялыларына ұқсап, өз мазмұнына сай еңбек етті, – деді.

Тағылымды шара барысында қаламгердің жаңа кітабының тұсауы кесілді. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының арнайы жіберген құттықтауын Бас редакторлар клубының мүшесі Қанат Әуесбай оқып берді. Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп бейне­байланыс арқы­лы шығып, естелік айтты. Сонд­ай-ақ белгілі ғалымдар Серік Негимов, Қайрат Сақ, қайраткер Серік Тілеубаев, қаламгерлер Жолтай Әлмашұлы, Әкім Ысқақ, дін қайраткері Яхья Исмайлов аяулы азаматтың адами болмысын еске алып, еңбектері туралы парасатты ой өрбітті.