Расында, эстрадалық ән десе көпшіліктің ойына бірден көңіл күй көтеретін жеңіл ырғақты шығармалар оралатыны даусыз. Шын мәнінде, олай емес қой. Эстрадалық жанрдағы әндердің де ішінде көңілдегі шерді қозғайтын, адам жанына жылу сыйлайтын есті шығармалар аз емес. Солардың бірі – сөзін Шөмішбай Сариев, әнін Кеңес Дүйсекеев жазған «Өкінбе сен» әні.
Белгілі әнші Жұбаныш Жексенұлының орындауында жұрттың жүрегіне жеткен шығарманы көпшілік жақында жазылған туынды деп пайымдайтыны рас. Өйткені жазылғанына елу жылға жетеғабыл уақыт өткен әннің жұлдызы ә дегеннен жана қойған жоқ. Орындаушысын табу да оңайға түспеген сыңайлы. Алайда жарыққа шықпай кеткен талай туындыға қарағанда «Өкінбе сен» әні араға жылдар салып болса да, ойлы тыңдарманның олжасына айналды.
Әншісін тапқан ән қай кезде де тыңдарманның жүрегінен ойып тұрып орын алатыны даусыз. Бүгінде жұрт дәл осы «Өкінбе сен» әнін Жұбаныш Жексенұлының төлқұжаты деп танитыны да ақиқат. Шығармаға жаңа шырай, соны леп берген әншінің бағын жаққан ән деп дәл осы туындыны айтса да болады. Қалай десек те, Жұбанышты «Өкінбе сен» әнінен, «Өкінбе сенді» Жұбаныштан бөліп ала алмайсың. Басқа бір орындаушы шырқаса да бұл әнді Жұбаныштың деңгейінде шырқай алмайтындай көрінеді. Бәлкім, біздің санамызға солай сіңіп қалғандықтан шығар. Әйтеуір өз бояуымен ерекшеленген Жексенұлының жағымды үні құлаққа майдай жағатыны айдай ақиқат.
Әсілінде «Өкінбе сен» әні махаббат тақырыбындағы нақты бір кейіпкерге жазылған туынды ма? Әлде уақыт өте келе әннің мәтініне қандай да бір өзгеріс енген бе? Есті шығарманы құлақ қойып тыңдаған адам ә дегеннен мына бір шумаққа ден қоятыны анық.
«Бар қызығын өмірдің ала алмассың,
Қуаныш боп мәңгілік жаралмассың.
Жарқырап айлы түнде жұлдыздардай,
Бәлкім, сен бақытым боп жана
алмассың»,
деп түйінделетін шумақтың төртінші тармағындағы «бақытым боп жана алмассың» деген сөздер расында да әнді жалпыдан оқшаулап, жалқы образға негізделген шығарма етіп көрсететіні рас. Өйткені мұнда «бақыт» деп тұрған жоқ, «бақытым» деп нақтылап тұр.
Ақиқатында әннің мәтінінде терең мән-мағына бар екені талас тудырмайды. Бірінші шумақтан бастап, әннің қайырмасы да, шарықтау шегі саналатын соңғы шумағына дейін төрт аяғын тең басқан тармақтарымен адам жанын астан-кестен етеді. Тыңдарманын ойландырады, толғандырады. Қысқасы, қалай десек те жүректегі шоқты маздата түседі. Мұндағы терең мазмұн Жұбаныштың бояуы бөлек үнімен астасқанда тіпті керемет әсер ететіні даусыз.
Жоғарыда келтірген соңғы шумақтағы «бақытым боп жана алмассың» деп түйінделетін тармақта бір кілтипан бар секілді көріне беретін. Расында солай екен...
Керек дерекке көз жүгіртсек, орындаушы Жұбаныш Жексенұлы әннің дәл осы тармағын өз ыңғайына қарай өзгерткен көрінеді. Әуелде мәтін авторы, қазақтың айтулы ақыны Шөмішбай Сариев «Бәлкім, сен бақыт болып жана алмассың» деп нақтылап жазған тармақты әнші әннің ырғағына икемдегісі келді ме, әлде басқа бір ойы болды ма, кім білсін? Әйтеуір «Бәлкім сен бақытым боп жана алмассың» деп бірінші жақта орындауды жөн деп тауыпты.
Енді әннің өзге шумақтарына зер салып көрейікші. Мұнда автордың түпкі ойы неге негізделген?
«Күнсіз болмас дүние, түнсіз болмас,
Түнсіз болмас дүние, күнсіз болмас,
Ғашықтық қуаныш боп сезілгенмен,
Махаббат ешқашан да мұңсыз
болмас»,
деп келетін әннің алғашқы шумағын тыңдап отырып-ақ шығарманың өн бойынан нақты бір кейіпкерді кездестіре алмайсыз.
Қысқасы, айтқанда әннің табиғатына қарап-ақ шығарма мәтіні тапсырыспен жазылғанын бағдарлау қиынға соқпайды. Солай бола тұра тамаша туынды күллі қазақ даласындағы тыңдарманның көңіліне қонды. Өйткені әннің бүкіл табиғаты Жұбаныш Жексенұлының даусымен үйлесім тапты. Қазіргілердің тілімен айтсақ әннің фишкасына айналған қайырмадағы «Өмірге келгеніңе өкінбе сен» деген тармақ кімнің де болсын жадынан өшпейтіні ақиқат.