Спорт • 19 Қыркүйек, 2023

«Испания Вуэльтасы» аяқталды

142 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Велоспорттан «Испания Вуэльтасы» аяқталды. Ең соңғы 21-кезең 72 жыл­дық тарихы бар әйгілі Ла-Сарсуэла ипподромынан бастау алып, Мадрид қаласында өз мәресіне жетті.

«Испания Вуэльтасы» аяқталды

ФОТО: velodaily.ru

Пирней түбегіндегі 101,5 шақырымдық сайыста Каден Гроувз («Alpecin-Deceuninck») алдына жан салмады. Аустралияның велошабандозы бұл қашықтықты 2 сағат 24 минут 13 секундта жүріп өтті. Екінші және үшінші орындарды италиялық Филиппо Ганна («INEOS Grenadiers») мен германиялық Нико Денц («BORA-hansgrohe») иеленді. «Астананың» өкілі Фабио Феллине көмбеге 43-ші болып жетті.

Биылғы «Испания Вуэльтасында» алғаш­қы үш орынның барлығын да Нидерландтың «Jumbo-Visma» клубының мүшелері иеленді. Сегізінші кезеңде жалпы есепте көш бастаған 29 жастағы АҚШ-тың велошабандозы Сепп Кусс одан кейін тізгінді ешімге бермей, ақыры бас жүлдені олжалады. Оның уақыты – 76 сағат 48 минут 21 секунд. Екінші орынды иеленген даниялық Йонас Вингегор Кусстан бар-жоғы 17 секунд қалып қойды. Словениялық Примож Роглич үшінші сатыға табан тіреді. Ал «Астананың» спортшылары арасынан ең үздік көрсеткішке Андрей Зейц қол жеткізді. Ол 46-орынға тұрақтады.