Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Алматы қаласынан түнгі 02.00-де көкке көтерілген ұшақ алты сағаттан кейін Ханчжоуға ат басын тірейді. Сары құрлықтың 45 елінің ең үздік деген 15 мыңға жуық спортшысы спорттың 40 түрінен сынға түседі. Қазақстан құрамасы сапында 524 саңлақ спорттың 30 түрінен ел намысын қорғайды.
Спортшыларды дүбірлі додаға шығарып салу рәсімі Алматы облысы Қаскелең қаласы маңындағы Олимпиадалық даярлау орталығында өтті. Оған Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов, сондай-ақ Әмин Тұяқов, Ермахан Ыбырайымов, Ольга Шишигина, Ольга Рыпакова, Ислам Байрамуков сынды спорт ардагерлері қатысты. Салтанатты іс-шара басталмас бұрын Азия ойындарының тарихы, сол сында атой салған саңлақтарымызды қазіргі жас спортшыларға таныстыру мақсатында бейнеролик ұсынылды.
Ашылу рәсімінде сөз алған министр Е.Маржықпаев бұл дода Париж Олимпиадасы алдындағы үлкен жарыстың бірі екенін, кейбір спорт түрлері бойынша лицензия үлестірілетінін айтты.
– Азия ойындарын сары құрлықтың Олимпиадасы десе де болады. Осындай үлкен спорт мерекесі қарсаңында сіздердің алдарыңызда спорт саласындағы мемлекеттік қызметші ретінде ғана емес, өздеріңіздей спортшы ретінде сапарларыңызға ақ жол тілеп отырмыз, – деді министр.
Сондай-ақ сала басшысы жыл басынан бері Азия ойындарына арнайы дайындық ретінде 400-ден астам оқу-жаттығу жиыны өткізілгенін айтты.
– Аталған ойындардың ерекшелігі – бокс, садақ ату, қазіргі бессайыс, жүзу, брейкинг, көгалдағы хоккей, теннис, жеңіл атлетика секілді спорт түрлерінен Олимпиадаға лицензия беріледі. Ал дзюдо, таеквондо, триатлон және бадминтон секілді спорт түрлерінен рейтингтік ұпайлар жинақталады. Осы жолда спортшылар мен жаттықтырушыларымызға тек сәттілік тілеймін, – деді ол.
Министрдің сөзіне қосарымыз, Үкімет осы додаға дайындалу үшін қыруар қаржы бөлді. Спортшылардың күнделікті дайындығымен қоса төленетін жалақылары, оларға көрсетілген медициналық көмек, дәрі-дәрмектер, тіпті Азия ойындарына баруға, шеруге шығатын киімдерінен бөлек, спорттық жейделер, сөмкелер, керек-жабдықтардың майда-шүйдесіне дейін ойластырылған.
Азия ойындарының ашылу салтанатында еліміздің туын бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлетикадан ұлттық құрама үздігі Надежда Дубовицкая ұстап шығады. Н.Дубовицкая – жабық кешендегі әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионатының жеңімпазы, құрлық рекордының иесі. Жиында сөз алған чемпион қыз елдің әнұранын шырқатуға барын салатынын, спортшылар атынан таза әрі адал сайысқа түсетінін айтты.
– Азиаданы барлығымыз тағатсыздана күтіп жүрміз. Қазақстан жеңіл атлетика спорты бойынша Азия ойындарында әрдайым алда болған және бұл жолы да толағай табысқа жетуге мүмкіндік бар. Оған мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр, – деді Надежда Дубовицкая.
Іс-шара соңында белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы спортшыларға қолдау сөзін айтса, жеңіл атлетикадан КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Әмин Тұяқов ақ батасын берді.
Алматы