– Ермек Боранбайұлы, 2018 жылы Жакартада өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасы бейресми жалпыкомандалық есепте небәрі 9-орыннан көрінді. Алдағы Азия ойындарында қандай мақсат қойып отырсыздар?
– Алдымен бүгінгі іс-шара өткен Олимпиада даярлау орталығы туралы айта кетсем. 40 гектар жерге орналасқан орталықта тоғыз спорттық нысан бар. Соның алтауы пайдалануға беріліп отыр. Қалғаны Республика күніне орай ашылады деген жоспар бар. Аталған орталықта бір мезетте 2300 спортшы жаттығу өткізе алады. Енді спортшыларымыз үлкен дода алдында теңдесі жоқ орталықта алаңсыз жаттыға алады.
– Сұраққа нақты жауап берсеңіз?
– Сұрағыңызға келсек, әрине спортшыларымыз Азия ойындарында әнұранымызды көбірек шырқатса дейміз. 2018 жылы 75 медаль, соның ішінде 15 алтын жеңіп, үздік ондықтың қатарында болғанбыз. Әрине, бұл нәтижеге көңіліміз толмайды. Енді нәтижені жақсартып, Жакартадағы көрсеткіштен төмен болмауымыз керек. Бірақ спорттағы нәтижені алдын ала болжау қиын. Оның үстіне сегіз спорт түрінен Олимпиада лицензиясы үлестіріледі. Сондықтан барлық спортшы мұндай мүмкіндікті жібергісі келмейді. Біздің де спортшылар аянып қалмайды.
– Министр ретінде емес, қарапайым жанкүйер ретінде қай спортшының тілеуін тілейсіз?
– Нақты бір спортшыға жанкүйер болғаным дұрыс емес шығар. Бірақ менің бокстан әлем чемпионы Карина Ибрагимованың бапкері екенімді білесіздер. Бокстан ерлер құрамасынан да, қыздар құрамасынан да бір-бір алтыннан күтеміз.
Әмин ТҰЯҚОВ,
КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері:
– Балаларға батамды бердім. Спортшылардың жанары жалын шашып тұр. Азия ойындары – жауапты доданың бірі. Бұл жолы бізді қуантатындар көп болады-ау деп ойлаймын. Жолға шыққалы тұрған спортшылардың бағы жанып, биік тұғырдан көріне берсін. Құрама сапында қаракөздеріміз көбейіпті, тәубе! Жолдары оң болып, аман-есен барып келсін.
Ермахан ЫБЫРАЙЫМОВ,
Сидней Олимпиадасының жеңімпазы:
– Соңғы Азия және әлем чемпионаттарының нәтижелеріне көз жүгіртсек, еліміздің спортшылары Қытай жерінде атой салуы керек. Бейресми жалпыкомандалық есепте төртінші не бесінші орыннан көрінуге толық мүмкіндігіміз бар. Өзіме жақын боксты алатын болсақ, жігіттердің барлығы сайдың тасындай. Асланбек Шымбергенов, Махмұт Сабырхан, Сәкен Бибосыновтың алтын алуға мүмкіндіктері жоғары.
Ислам БАЙРАМУКОВ,
Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері:
– Күрес түрлерінен Сербияда өтіп жатқан әлем чемпионатында топ жарған Ризабек Айтмұханды ел газеті арқылы құттықтағым келеді. Осындай тарихи жеңістің Азия ойындары алдында орын алғаны тіптен керемет болды. Себебі бұл жеңіс арқылы қазақтың балалары осал еместігін дәлелдеді. Қытайға аттанған балуандардың бойында да сенімділік пайда болады. Балуандарға тек сәттілік тілеймін.