“Нұр Отан” ХДП Парламентаризм институтының бастамасымен “Астана – дамушы еуразиялық ықпалдастықтың нышаны” тақырыбына арналған дөңгелек үстел өткізді. Онда еуразиялық ықпалдастықтың орталығы, Қазақстанның гүлденуінің символы ретінде Астананы қалыптастыру және алға жылжыту, елорданы насихаттау мәселелері қаралды.
Астана бүгін Қазақстан үшін болашаққа талпынудың символы, таңдаған стратегиялық жоспарларымыздың тиімділігінің символы. Астана – бұл елдің табысты түрде дамуының жарқын мысалы, деді шараға қатысушылар.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев: “Астананың тарихы – бұл біздің тәуелсіздігіміздің тарихы деген болатын”. Астана – қазақстандықтардың бірігуі мен әлеуметтік ықпалдасуының символы. Республиканың барлық этностары мен конфессиялары өкілдерінің бейбіт өмір сүруі мен өзара құрметі біздің еліміздің жетістігіне айналды. Әлемдік қоғамдастық егеменді Қазақстанның осы дамуға ұмтылысына құрметпен қарайды. ЮНЕСКО-ның Астананы “Бейбітшілік қаласы” деп танығанының үстіне, Қазақстанның серпінді дамушы еуразиялық мемлекет ретінде халықаралық имиджін қалыптастырудағы елорданың үлесі туралы әлемдік дәрежедегі саясаткерлер жиі мәлімдеп жүр.
Аталған іс-шара Астананы еліміздің гүлденуінің жарқын бейнесі ретінде қалыптастыру мен алға жылжытудың өзекті мәселелері бойынша қоғамдық диалогты қамтамасыз етуге, Еуразиялық одақ құру туралы Елбасы идеясын қолдауға, еуразиялық ықпалдастықтың орталығы ретінде Астананың бейбітшілік сүйгіш және біріктірушілік функцияларын ашуға, ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстанның бастамаларын алға жылжытуға арналды.
Дөңгелек үстелдің жұмысына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, мәслихаттардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, саяси партиялардың, халықаралық ұйымдардың, азаматтық қоғам институттарының өкілдері, ғалымдар, сарапшылар, сондай бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
“Егемен-ақпарат”.