Қазақ делегациясы өз жұмысын Мәжіліс спикерінің Корея Республикасының премьер-министрі Хан Док Сумен кездесуінен бастады. Ерлан Қошанов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы Кореяға мемлекеттік сапары екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікке жол ашқанын атап өтті. Бүгінде Корея Қазақстан экономикасындағы ең ірі алты инвестордың қатарында.
«Жуырда Президентіміз халыққа Жолдауын жариялады. Ол ел экономикасын жаңа модельге көшіру туралы міндет қойды. Өндіріс, энергетика, банк пен IT секторын дамытуға басымдық беріліп отыр. Корея осы салаларда әлемдік көшбасшы ел және бізге сіздердің тәжірибелеріңіз қызықты. Мұның бәрі Қазақстан мен Корей ынтымақтастығын нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», деді Мәжіліс төрағасы.
Сапар аясында Ерлан Қошанов Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Ким Чжин Пхёмен кездесті. Мәжіліс спикері әріптесіне еліміздегі саяси және экономикалық өзгерістер туралы мәлімет беріп, Конституциялық реформалардың нәтижесінде Парламенттің рөлі күшейгенін айтты. «Біздің елдеріміздің парламенттері арасында берік серіктестік қатынас орнаған. Парламенттік достық топтары белсене жұмыс істеп жатыр. Комитеттер деңгейінде сындарлы диалог пен заң шығару саласында тәжірибе алмасу арта түсті», деді Мәжіліс спикері.
Елге сапары кезінде Қазақстан делегациясы «Samsung Electronics» компаниясының президенті Пак Сунг Химен кездесті. Кездесу барысында компанияның еліміздегі қазіргі және алдағы ауқымды жобалары талқыланды. Сондай-ақ Ерлан Қошанов Сеул ұлттық ғылыми-техникалық университетінде болып, жақын арада оқу орнының филиалын Қызылордадағы Қорқыт ата университетінде ашу жоспарланып отырғанын айтты. Сеул техникалық университетінде оқитын қазақстандық студенттермен де кездесу өтті.
Палата төрағасы сондай-ақ Ерлан Қошанов бастаған Мәжіліс депутаттары Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі парламент спикерлерінің I кеңесіне қатысты. Іс-шарада Қазақстан, Корея, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан парламенттерінің спикерлері сөз сөйледі.
Ерлан Қошанов Қазақстан делегациясының атынан Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Ким Чжин Пхёге саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Ол Орталық Азия елдерімен жан-жақты ықпалдастықты арттыру және өңірдің әлеуетін нығайту еліміздің сыртқы саясаттағы басым бағытының бірі екенін атап өтті. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы онжылдық Орталық Азия өңірі үшін маңызды кезеңге айналады деп санайды. Бұл ретте бізге өз экономикалық мүмкіндіктерімізді, ортақ әлеуетімізді барынша пайдалану өте маңызды», деді Ерлан Қошанов.
Кездесудің негізгі отырысы Орталық Азия елдері мен Корея арасындағы өңірлік ынтымақтастықтың басымдықтарына арналды. Мәжіліс спикері өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты мәселенің бірі екеніне назар аударып, Қазақстан парламентшілері аймақтағы тұрақтылықты сақтауға бар күш-жігерін салып жатқанын айтты. «Ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелері қатарында климаттың өзгеруіне қарсы күрес, қоршаған орта мен биоалуантүрлілікті сақтау, су ресурстарын, соның ішінде трансшекаралық ресурстарды тиімді пайдалану мен қорғау болуға тиіс», деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс төрағасы қазірдің өзінде Орталық Азия тұрғындары Арал теңізінің экологиялық апатының, мұздықтардың еруі және жердің тозуының теріс әсерін сезініп отырғанын атап өтті. Осы орайда Ерлан Қошанов корейлік жетекші мамандармен тәжірибе алмасуға шақырды. Талқылау арнаулы екі сессияда әрі қарай жалғасын тапты. Қатысушылар Орталық Азия мен Корея Республикасы арасындағы үздіксіз өңірлік экономикалық ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен цифрлық трансформация саласындағы қарым-қатынас туралы пікір алмасты.
Мәжіліс спикері еліміздің Мемлекет басшысының бастамасымен жуырдағы Жолдауында айтылған жаңа экономикалық модельді іске асыруға кіріскенін атап өтті. Мұнда еліміз Корея Республикасымен инновация, жасыл технологиялар, энергетика, өнеркәсіптік өндіріс, IT және банк секторындағы ынтымақтастықтың зор перспективаларын аңғарып отыр. Сөз соңында Ерлан Қошанов қазіргі уақытта Орталық Азия өңірінде экономика, саясат және мәдени байланыстар қарқынды дамып жатқанына назар аударды. Мұның бәрі Корея Республикасымен өңірлік ықпалдастықты арттыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Іс-шара қорытындысында Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы парламенттері төрағаларының «Болашаққа бағдарланған өзара тиімді қатынастарды дамыту» тақырыбындағы алғашқы кездесуінің бірлескен декларациясы қабылданды.