Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2023

Шахтадағы өрт: кінәлі – «Арселор»

186 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бес кенші қаза бол­ған «Қазақстан» шахтасын­дағы өрт естеріңізде болар. Жедел құрылған Үкіметтік комиссия тобы күні кеше қайғылы оқиғаның тергеп-тексеру қорытындысын жа­рия етті. Апат кезін­де пайдаланылған құрыл­ғы­ларға, жабдықтарға тиіс­ті сараптама жүргіз­ген еді. Сараптама нәтиже­сі­не сәйкес кінәлі – жұ­мыс беруші. Алпауыт «Арселор­Миттал Теміртау». Өрттің бас­ты себептерінің бірі – кон­вейер таспасының тұта­нуы. Көмір конвейе­рінің шығыршығы дефор­мацияға байланысты қа­ры­сып қал­ған­дықтан, тас­па үйкеліп, көмір тұтанып, өрт шыққан. Бұл таспаны мемлекеттік стандарт бо­йынша елімізде қолдануға болмайтын көрі­неді. Әл­гі таспаңыздың Үн­діс­тан­ның бір зауытында жа­салғанымен қоса сертификаты жоғы тағы бар.

Шахтадағы өрт: кінәлі – «Арселор»

Таспадан от тұтанған

Таспаның орнатылғанына небәрі 1,5 ай ғана болған. Үндіс­танда дайындалған таспаның сертификаты жоқ. Соған қара­мас­тан 50 шақырымына тапсырыс беріліп, Қарағандыға жеткізілген. Оны «Қазақстан» шахтасында ғана емес, «Арсе­­лор­­Миттал Теміртау» АҚ өзге шахталарында да қолданып келеді. Жалпы, сарапшылардың айтуынша, дәл осындай конвейер таспала­рын шахталарда қолдануға рұқсат етілген. Бірақ ол өртке төзімді болуы керек. Ресейдің Кемеров ғылыми зерт­­теу орталы­ғын­да жасалған сараптама қорытын­дысы бо­йынша, таспа – өртке төзімсіз.

«Сараптама қорытындысына сәйкес комиссия апат пен топ­тық жазатайым оқиғаның негіз­гі себептерін анықтады. Бірін­ші себебі – көмір конвейе­рі­нің шығыршығы қарысып қал­ған­дықтан, конвейер таспасы үйкеліп, өрт шыққан. Екіншіден, шахтаның инженерлік-техника­лық құрамы тарапынан өндіріс­тік бақылау болмаған. Сон­дай-ақ қауіпсіздік техникасы сақталмаған және энергия-механикалық қызмет бақылауға алынбаған. Үшіншіден, қауіп­сіздік талаптары мен техникалық реттеу нормалары бұзылған. Атап айтқанда, сәйкестік сертификаты жоқ кенеп таспаның орнатылуы. Ал соңғысы, жұмыс аймағының тозаңдануы және жану өнімдері мен тау-кен жұ­мыстары салдарынан ауа газ­данып, жұмысшылардың өлі­міне әкелген», дейді Сырым Шәріпханов.

Одан бөлек еңбек заңнамасы­ның нормалары да бұзылған. Комиссия жұмысының нәтижесі бойынша жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсі анықталды. Заңды бұзуға жол берген 28 жауапты тұлға анықталды. Оның екеуі – жоғары лауазымды Үндістан азаматы болса, 26-сы – отандасымыз. «Азаматтық қорғау туралы» заңға сәйкес тергеп-тексеру нәтижелері құқық қорғау органдарына беріледі.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов қатысқан баспасөз мәслихатында бола­шақ­­та дәл осындай жағдай­дың алдын алу үшін комиссия бұдан бы­лай жазатайым оқиғаның себеп­терін жою бо­йынша іс-шара­лар әзірленгенін де жеткізді. Бірақ жылда мұндай ескертуді елемейтін алпауыт компанияға елдің күмәні бар.

 

Өрт әлі басылған жоқ

«Қазақстан» шахтасындағы өрт әлі басылмады. Апаттық учаскедегі жағдайларға байланысты осы учаскені оқшаулау шешімі қабылданған. Яғни отте­гін шектеу үшін 25 арнайы құрылым салынып жатыр. Қа­зірдің өзінде 18-і салынып, қалғандары бойынша жұмыс жалғасуда. «Апаттық-құтқару жұмыстары аяқталғаннан кейін және шахтаның апаттық учас­кесі қалпына келтірілгеннен кейін тау-кен жұмыстарын қайта бастау мүмкіндігі туралы шешім қабылданады», дейді Төтенше жағдайлар министрі.

Бір айдан астам уақыт бойы құтқарушылар «Қазақ­стан» шах­­тасындағы өртті жою­­­мен күресіп жатыр. Кә­сі­­би әскерилендірілген ава­рия­­лық-құтқару қызмет­тері­нің республикалық орталық шта­­бы Қарағанды филиалы дирек­торының бірінші орынбасары Геннадий Силинский осылай деді.

Брифингте журналистердің «Тау-кен құтқарушылары неге дүкен сатушылары деңгейінде жалақы алады? Олар апатты жою кезінде өмірін қатерге тігеді емес пе?» деген сауалына былай жауап берді.

«Бүгінде қатардағы құтқару­шы­ның лауазымдық жалақысы – 250 мың теңге. Күрделі апатты жоюға бір айдан астам уақыт қатысқан адамдар апат аяқ­талғаннан кейін қосымша төлем алады. Респираторларда жұмыс істеген кезде адамдар тікелей шахтада өткізген кезең үшін төрт есе жоғары жалақы алады. Ал егер құтқарушылар тиісті психо-эмоционалды жүк­­темеге төтеп бере алмаса, олар апатты жою кезінде немесе оның соңында жұмыстан шыға­тын жағ­дайлар да болады», деді Ген­на­дий Силинский.

 

Қолдау қомақты болғанымен...

Комиссия құрамында тергеп-тексеру жұмыстарын жүр­гізу үшін «Қазақстан» шахтасына түскен «Қорғау» көмір өнді­рушілер кәсіподағының бас техникалық инспекторы Андрей Лукин конвейер таспа­сының сәйкестік сертифика­ты болғанымен, елімізде пайда­лануға жарамсыз нормалар бойын­ша әзірленгенін және тек ағыл­­­шын тілінде екенін атап өтті.

«Шахтаға бізбен бірге өрт сарап­шысы да түсті. Оқиға орны фотоға және видеоға түсіріліп, со­ның негізінде акт жасалды. Нәти­жесінде, сарапшы электр желі­сінің қысқа тұйықталуын жоққа шығарды. Өрт үйкеліс салдарынан механикалық энергия жылу энергиясына айналуынан болған. Одан таспа тұтанған. +50 градус температурада көмір өздігінен тұтанады. Яғни 50 градуста көмір өзінің химиялық-физикалық қасиетін өзгертіп, жана бастайды. Кон­вейерді тоқтаусыз айналдыратын шығыршық қарысып қалғандықтан, кенеп таспа үй­келісінен туындаған энергия 80 градусқа дейін баруы мүмкін. Бұл көмірдің тұтануы үшін жеткілікті. Кемеров ғылы­ми зерттеу институты таспа орташа тұтану қасиетіне ие деген қорытынды шығарған. Қазақстанда қолданылатын тас­палар жанбайтын болуы керек. Ал Үндістанмен таспа сатып алуға келісімшарт жасаған – ак­ционерлік қоғамның сатып алулар жөніндегі директоры. Таспаның сәйкестік сертифика­ты бар. Бірақ Қазақстан Рес­пуб­ликасында пайдалануға жа­рам­сыз нормалар бойынша жасалған. Атап айтқанда, Үн­діс­танның заңы бойынша жасал­ған. Сертификат тек ағыл­шын тілінде ғана», деді Андрей Рудольфович.

Брифинг соңында Сырым Дүй­с­енғазыұлы «Арселор­Ми­талл Теміртау» АҚ тарапынан қаза тапқандарды жерлеуге көмек көрсе­тілгенін, сондай-ақ, әр отба­сына жылдық жалақының 10 еселенген мөлшерінде тө­лем жүзеге асырылғанын атап өтті. Одан бөлек қайтыс бол­ған кеншілердің балаларына 18 жасқа толғанға дейін және жоғары оқу орындарында оқу кезеңінде қаржылай қолдау көрсетіледі. Қанша жерден қолдау қомақты болғанымен, бес кеншінің отбасындағы орнын кім толтыра алады?

 

Қарағанды облысы