Шаруашылық • 21 Қыркүйек, 2023

Астық үшін арпалыс

263 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астықты өлкеде жаз бойы аспаннан нәр тамбаған құрғақшылықтың салдарынан алқап қойнауына сіңірген дән бой салып өспей, диқандарды бір қобалжытса, күзгі үздіксіз жауған ақ жауын «жығылғанға – жұдырық» болып тұр. Облыс диқандары 5 миллион гектардан аса егістік алқабының небәрі 20 пайызға жуығын ғана жинай алды.

Астық үшін арпалыс

Жыл сайын тәп-тәуір өнімге қол жет­кізетін Қорғалжын, Целиноград, Зе­рен­ді, Ақкөл, Бұланды, Бурабай, Біржан сал аудандарының биыл астықсыз қалатын түрі бар. Жауын басталғанша аз-кем егіндерін жинап үлгерген. Гектар берекесі 3-4 центнерден ғана айналған. Жарты ай бойы жауған жауыннан кейін біраз астық ысырап болған соң бұл көрсеткішке де қол жетпейтін сыңайлы. Жүздеген гектар алқаптың егінін бұршақ жығып кетті. Табиғаттың тосын «сыйы» жалғыз бұл ғана емес, Атбасар, Жақсы, Жарқайың аудандарының диқандары ақбөкеннің ізімен ілесіп келген бейнетке батып отыр. Қазіргі күні диқандардың айтуына қара­ғанда, астықтың ылғал­ды­лы­ғы 30-35 пайызға жеткен. Бұйырған дәнді жинап алғанның өзінде кептірудің машақаты мол. Бұл тараптағы астық қабылдау орындарының қызметі күрт қымбаттап кетуі де ықтимал. Әрі ас­тық кептіретін кешендердің аздығы байқала бастаған. Астық кептіруге қа­жетті кешеннің құны 62 миллион теңге төңірегінде. Үл­кен серіктестіктер болмаса, шағын шаруа­ның қолына түспейтін құрылғы. Мәсе­ле мүлдем күрделеніп кеткеннен кейін диқандар жергілікті маңыздағы төтен­ше жағдайды жа­рия­лауды ұсынады. Сонымен бірге ас­тық­тың ылғалдылығына байланысты элеваторлардың тарифінің өспеуін қатаң қадағалау қажет. Егер тариф өсіп кететұғын болса, онсыз да зор зиян шегіп отырған ауыл шаруашылығы құры­лымдары қосымша шығынға ұшы­рай­ды. Ерте көктемде ақмолалық диқандар биылғы жылы төлейтін болып мил­лиондаған несие алды. Қазір диқандар сол қарызынан қалай құтыламыз деп сары уайымға салынып отыр. Тығырықтан шығарар жалғыз жол – қарыздың төлеу мерзімін ұзарту. Сондай-ақ субсидияның барлық түрін төлеу біршама демеу болар еді. Жабайы жануарлардан келген шығынды өтеу жолдарын қарастырса, ол да біршама көмек. Астық кептіретін кешендердегі жұмысты толыққанды жүр­гізу үшін қосымша жанар-жағармай бөлу мәселесін шешу керек. «Азық-түлік ҰҚ» акционерлік қоғамы астықты қабылдау мәселесін оңынан шешкені абзал. Сондықтан да оларға бидайдың әр тоннасын 120 мың теңгеден қабылдауға ұсыныс жасалуға тиісті.

Міне, осындай қыруар мәселе бар. Таяуда егінжайдағы шаруа ыңғайын көзімізбен көрмек болып, Зеренді ауданына қарасты Қошқарбай ауылындағы «Қошқарбай» серіктестігінде болып, астық үшін арпалыстың беталысын көріп қайттық. Жағдай мәз емес.

– Биылғы күзгі орақ көңіл көншітпей тұр, – дейді серіктестік директоры Қайыр­кен Хасенов. Міне, қыркүйектің ортасы­на да келіп қалдық, әлі бір күн дала төсінде дұрыс жұмыс істей алмадық. Жарты ай ішінде екі айдың ылғалы түсті. Күн ашықта 500 гектар егінді атжалға жықтық. Суда қалып бара жатқан соң екі мәрте аудардық. Бірақ бастырып үлгере алмадық. Қайтадан жауын жауып кетті. Алқаптың үсті көлкіп тұрғаннан кейін атжалдар батпаққа бата бастады. Әрбір аударған сайын қауызының басында әбден толып, ісініп тұрған бидай шашылып кетеді. Атжалға жығылған алқаптардан өнім аламыз деген үміт үзілген.

Серіктестік директорының айтуына қарағанда, көктемде несиеге жаңадан төрт комбайнды лизингке алған. Егіс жұмысына 40 миллион теңге несие алған. Ен­дігі уайымы осы қарызды қайтару. Оның үстіне ауыл тұрғындарына беретін пайы бар, жұмысшылардың жалақысын төлеуі керек. Тәжірибелі диқанның айтуы­на қарағанда, биылғы астықтың сапа­сы нашар. Тіпті нандық қасиеті де жоқ деуге болады. Тұқымға да жарамай­ды. Егер күн ашылып, жинай алса, бар өнім мал азығына ғана ұқсатылуы мүм­кін.

– Жауын басталғанша, бидай пісіп үлгерген, – дейді агроном Бауыржан Молдағалиев. Сабағына нәр барғаннан кейін масақтағы бидай ісініп, қауызына сый­майтын болды. Өзінен-өзі шашылып, түсіп жатыр. Қатты жел соқса, масақ басында дән қалмайды. Ал атжалға жығыл­ған егін көктеп кетті. Ке­лер жылға қажетті тұқым жинау­дың өзі мұң болып тұр. Осын­дай қиын­дық­тар­дан кейін алыс-жақын шетелден тасымалданатын тұқымға салынатын қосымша құн салығын алып тастау керек шығар.

Қошқарбай – шағын ғана ауыл. Бір кезде 120 түтін болған, қазіргісі қырыққа жуық отбасы. Бала аз болғаннан кейін мектеп те жабылған. Серіктестік елге мешіт салып беріпті. Екінші дүниежүзілік соғысының ерлеріне көзтартарлық етіп ескерткіш орнатқан. Серіктестік басшысы Қайыркен Хасе­нов­тің айтуына қарағанда, ауыл жас­тарын елден тұрақтандырып қалдыру бағытында біршама жоспары бар екен. Он жаңа тұрғын үй салып, жастарға бермек. Жайлы жер іздеп кеткен осы ауыл­дың жастарын елге шақырмақ. Тұрақты жұмыс тауып бермек. Жастар ауылға оралса, мектеп те қайтадан ашылады ма деген үміт бар. Құны 30 миллион теңге тұратын бір үйді салып бітіріпті. Қора-қопсысы, гаражы, моншасымен бірге. Барып көрдік. Шынында да көз тартарлық екен. Әттең, осындай әдемі ойлар биыл ауыл шаруашылығына ауыр соққы болған қуаңшылық пен күзгі жауынның кесірінен қожырап кетпесе болғаны.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы