Үкімет • 21 Қыркүйек, 2023

Ұлттық қордың игілігін ұрпақ көреді

187 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов­­тың төрағалығымен Пала­таның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында Түркі ин­вес­тициялық қорын құру ту­ралы келісім қабылданды. Сон­дай-ақ Ұлттық қордан ба­лар­ға төленетін қаражатқа қа­тыс­ты заң жобасы талқыланды.

Ұлттық қордың игілігін ұрпақ көреді

«Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуан­тыров баяндама жасады. Ве­домство бас­шысының айтуынша, екіжақты ынты­мақтастық, көпжақты платформалар шеңберінде, соның ішінде Түр­кі мемлекеттері ұйымы аясында бел­сенді өзара іс-қимыл жасалып келеді.

«Түркі мемлекеттері ұйымы­ның негізгі міндеттерінің бірі – экономи­каның озық секторларына инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау, жаңа технологиялардың пайда болуын ынталандыру және оларды белсенді енгізу. Бұл бағыттағы негізгі басымдықтардың бірі – Түркі инвестициялық қорын құру мәселесі. Қорды құру бастамасына Әзербайжан Республикасы ұйытқы болды. 2021 жылғы 31 наурыз­да өткен Түркі мемлекеттері ұйы­мының бейресми саммиті барысын­да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорды тең капитал­ды және тең дауыс құқығы қағи­да­ты­на сәйкес құру бойынша жұ­мыс­ты жеделдету қажеттігін атап өтті.

Осылайша, биыл 16 наурызда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше Мемлекет басшылары кеңесінің төтенше саммиті аясында қорды құру туралы келісімге қол қойылды. Түркі инвестициялық қоры – түркі әлемінің экономикалық интеграциясының алғашқы бірлескен қаржы институты. Қордың мақсаты өңірішілік сау­даны кеңейту және экономикалық белсенділікті қолдау арқылы ұйымға мүше мемлекеттердің экономика­лық дамуына жәрдемдеседі», деді Ә.Қуантыров.

Министрдің сөзіне сүйенсек, Қор инвестициялық қызмет арқылы жобаларды, атап айтқанда шағын және орта кәсіпорындардың жобаларын қаржыландырады. Физикалық және цифрлық инфрақұрылымды құруды және жаңғыртуды қолдау, өнеркәсіптік өндірісті, көлікті, ауыл шаруашылығын, туризмді және жасыл экономика секілді қызығушылық тудыратын салалардағы даму жобаларына қолдау көрсетеді. Бұл аталған жобалар ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашуға, Қазақстан экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

«Қордың жарғылық капиталы жалпы номиналды құны 350 млн доллар төленген акциялар және номиналды құны 150 млн доллар қосымша тартылатын акцияны құрайды. Онда әрбір мемлекеттің үлесіне 70 млн дол­лар төленген акциялардан тұрады. Қор­дың әрбір мүшесі бірдей дауыс беру құқығына ие. Қордың құрамына қор­дың Президенті, Басқарушылар ке­ң­есі, Директорлар кеңесі, Бас дирек­тор және қатардағы қызметкерлер кіреді.

Ұйымға мүше мемлекеттер бас­шыларының 2022 жылғы 11 қараша­дағы шешіміне сәйкес қордың бірін­ші президенті болып Түркі мем­лекеттері ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Бағдат Әміреев таға­йын­далды. Қордың орналасқан жері, яғни штаб-пәтері ретінде түр­кі елдері көшбасшыларының келісуі­мен Ыстанбұл қаласы болып бел­гіленді. Қорды құру туралы келісім халық­аралық шарт жасасудың заң­ды­лықтарына, Қазақстан Рес­пуб­­ликасының халықаралық мін­дет­темелері мен заңнамасына, ұлт­тық стратегиялық жоспарлау жүйе­сіндегі құжаттардың мақсаты мен мін­деттеріне қарама-қайшы кел­мейді», деді Ә.Қуантыров.

Сонымен қатар қор аясында Қазақстан халықаралық және ұлттық қаржы институттарымен, сауда-өнеркәсіп палаталарымен және жеке ұйымдармен ынтымақтастық орнатуға, өңірішілік сауданы, көліктік-логистикалық тізбектерді, қоймалық және өндірістік қуаттарды кеңейтуге мүмкіндік алады.

Бұдан кейін «Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі ара­сын­дағы Тараптар мемлекет­тері­нің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.

«Құжат төрт бағыттан тұрады. Олар – екі елдің келген азаматтары берілген визалар, келу және болу тәртібін бұзу, азаматтыққа қабылданған адамдар туралы ақпаратпен алмасу. Бұл мәліметтер қос азаматтыққа қарсы күрес, заңсыз көші-қон арналары жолын кесуге септігін тигізеді», деді Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.

Келісім Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының көші-қон және қос азаматтық­қа қарсы іс-қимыл саласы құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастықта құқықтық негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді. Құжат тараптар азаматтарына қатысты көші-қон саласында ақпарат алмасу бойынша өзара іс-қимылды, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және нығайтуға ық­пал етеді. Мәжіліс заң жобасын қабыл­дап, Сенаттың қарауына жіберді.

Сондай-ақ «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнама­лық актілеріне Қазақстан Республи­касының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қабылданды.

Ұлттық қордың жылдық инвес­тициялық кірісінің 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақ шоттарына аударылады. Бұл қаражатқа олар болашақта тұрғын үй жағдайын жақсартып немесе білім ала алады. Тұрғын үй сатып алуға немесе жақсартуға Қазақ­стан аумағында ғана рұқсат етіледі, ал білім алу үшін шетелдік оқу орнында оқуға мүмкіндік бар.

Жинақ және төлем тетігі 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастала­ды. Әрбір баланың шотына оның туғаннан немесе Қазақстан аза­мат­тығын алған кезден бастап 18 жасқа толғанға дейін бағдарламаға қатысқан тиісті жылы үшін бірдей сома аударылады. Қаражат Ұлттық қорда болады және оны Ұлттық Банкі қаржы құралдарына инвестициялауды жалғастырады. Тек шотта жинақталған қаражатты он сегіз жасқа толғаннан кейін ғана пайдалануға мүмкіндік беріледі. Алайда балалар азаматтықты өзгерткен немесе жоғалтқан кезде бұл құқығынан айы­рылады. Сонымен қатар төленетін қаражат салық салудан босатылады.

Мәжілісмендер бүгінгі жалпы отырыста Ұлттық қордан балаларға төленетін төлемдер мәселесіне қатысты түзетулерді қабылдап, Сенатқа жолдады. Сонымен қатар заң мақсатты жинақтарды және оларды төлеуді тоқтата тұру, тыйым салу, тәркілеу мүмкіндігін шектеу шараларын, алушы қайтыс болған немесе қайтыс болды деп танылған жағдайда мұрагерлердің оларды алу құқықтарын белгілейді.

Бұдан бөлек, жалпы отырыста депутат Вера Ким Экология мәселе­лері және табиғат пайдалану коми­теті­нің құрамына сайланды. Ол депу­таттық өкілеттігін тоқтатқан Ғалым­жан Елеуов­тің орнына Мәжілістегі «Аmanat» фракциясының қатарына қосыл­ды. Айта кетейік, кеше Орталық сай­лау комиссиясы бос тұрған мандатты Вера Кимге беру туралы қаулы қабыл­даған еді. Ол 2021 жылдан 2023 жыл­дың қаңтарына дейін VII шақы­ры­лымдағы Мәжіліс депутаты болды.

Жиын соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына сауалдарын жолдады. Мақсат То­лық­бай Алматының айналасын ме­кен­деген халықтың жағдайына қатыст­ы сауал жолдады. Оның айтуын­ша, тұрмысы тұралап қалған, бюд­жеттен бір тиын көмек көрмейтін, Алматы­ның айналасында тұратын жарты миллион адамның жағдайы күрделі.

«Жақында Алматы облысының аудандарын аралап, мыңдаған тұрғынмен кездесу өткізіп, саяжай алаптарында тұратын елдің қалай күнелтіп отырғанын көріп шошыдым. Қонаев қаласы, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл, Іле ауданының өзінде 674 саяжай бар. Тұрғындарының саны бес жүз мыңға жақындаған. Бұл деректің өзін де нақты айту қиын. Себебі азаматтар тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеле алмаған соң, жәрдемақы мен мемлекеттік көмек алу үшін Алматы қаласына тіркелуге мәжбүр.

Халық қысы-жазы тұрғынжай етіп отырған жүздеген саяжайда мектеп, балабақша, қоғамдық көлік қатынасы, медициналық жәрдем көрсету, асфальт, пошта, байланыс пунктері әлеуметтік қызмет инфрақұрылымы, әлеуметтік нысандар атымен жоқ. Электр қуатына дейін жекенің қолында. Екі есе тарифпен төлеуге мәжбүр», деді М.Толықбай.

Депутаттың айтуынша, оқу жылы басталғалы балалар бірнеше шақырым жердегі мектепке балшық­пен барып, кейде итерге таланып жатыр. Осы­ған байланысты оларға ауыл статусын беру қажетін атап өтті. Өйткені қол­даныстағы заңнамаға сәйкес жер­гілікті атқарушы органдар бюджет қара­жатын қалалық және ауылдық аумақ­тарды дамытуға ғана бөле алады.

«Бұл түйткілді мәселені Үкі­мет деңгейінде күн тәртібіне шы­ғар­масақ, бұның арты үлкен әлеу­меттік шиеленіске алып келуі мүмкін. Саяжайлардың террито­рия­сын қасындағы ауылдық округтерге қосып немесе «ауыл» статусын бере салғанмен проблема шешіле қалмайды. Бір ғана облыс әкімдігінің шамасы жетпейді. Көп қаржыны қажет етеді. Сондықтан Үкімет жедел әрекет етіп, саяжай мәселесін шешуге арналған нақты, ауқымды бағдарлама әзірлеу керек. Ашығында, бұл Алматы облысында ғана емес, байтақ еліміздің әр өңіріндегі мәселе», деді М.Толықбай.

Бұдан бөлек, бірнеше депутат нақты мәселелерге қатысты сауал жолдады.