Форум • 21 Қыркүйек, 2023

Түркістанда Түркі әлемі математиктерінің VII дүниежүзілік конгресі басталды

226 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығында Түркі әлемі математиктерінің VII Дүниежүзілік Конгресінің ашылу салтанаты өтті. Шараға Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістанда Түркі әлемі математиктерінің VII дүниежүзілік конгресі басталды

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ғылыми форум көрнекті ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының президенті, Түркі әлемі математикалық қоғамының президенті академик Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлының төрағалығымен 20-23 қыркүйек аралығында Түркістанда өтеді.

Конгрестің негізгі мақсаты – ғалымдардың халықаралық байланыстары мен ғылыми ынтымақтастығын кеңейту, математика ғылымының дамуына және математиканың, ақпараттық технологиялардың жетістіктерін ғылыми зерттеулерде, техника мен білім беруде қолдануға үлес қосу.

Түркі әлемінің математикалық қоғамы (Turkic World Mathematical Society, TWMS) Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Түркістан облысы әкімдігінің және Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қолдауымен өтіп жатқан Конгреске әлемнің 20 мемлекетінен 400-ден астам математик ғалым қатысады. Пленарлық 8 баяндаманы Түркия, Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Қазақстанның әлемге белгілі ғалымдары жасайды. Математиканың 10 бағыты бойынша секцияларда және бір шағын симпозиумда қазіргі математика ғылымындағы соңғы ғылыми нәтижелер бойынша 405 баяндама ұсынылады.

Форумда орта және жоғары мектептерде ақпараттандыру мен математиканы оқытудың заманауи мәселелері қарастырылады. Пікір алмасуға және математика ғылымдарының соңғы жетістіктері туралы ақпарат алуға тамаша мүмкіндік беретін Конгресте түркі әлемінің математиктері көтерген өзекті мәселелерді бірлесіп шешу үшін ғылыми бағдарламалар дайындау көзделіп отыр.

Ғылыми форум жұмысы барысында математика ғылымдарының дамуына ерекше үлес қосқан математиктер медальдармен марапатталады және TWMS Конгресінің лауреаттары жарияланады.

Түркістан облысы әкімдігі