Қоғам • 21 Қыркүйек, 2023

Радикалды діни ұйымдарға тарту әдістері

320 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі Қазақстанда адамдардың таным көкжиегінің дамуына, қоғамдағы әлеуметтік өсуіне діннің ықпалы зор. Діннің қоғамдық қарым-қатынастарға ықпал ету ауқымы артып келеді. Халық арасында жас ерекшелігіне қарамай діни көзқарасты жеке басының рухани даму құралы ретінде ұстанушылар көбейіп келеді. Осындай көзқарастағы жандар үшін деструктивті ұйымдардың іс-әрекеттеріне байланысты белгілі бір қауіптер бар. Олар діннің атын жамылып, алдау арқылы ізбасарларының шеңберін кеңейтіп, радикалды діни идеологияны насихаттап жүр. Дінтанушы, діндерді зерттеу орталығының бөлім басшысы Дихамбаев Нұрсұлтан еліміздің азаматтарына қауіп төндіруі мүмкін деструктивті діни ағымдар қатарына тартудың әдістері туралы айтып берді.

Радикалды діни ұйымдарға тарту әдістері

Ең алдымен, үгіттеушілер әлеуметтік желіні кеңейту мақсатында жаңа ізбасарларға материалдық көмек көрсетіп, оларға шет тілдерін үйренуге, жұмыс табуға, туыстары мен жақын отбасы мүшелерін жұмыспен қамтуға көмектесіп, баспанасыз немесе уақытша баспанада қалған таныстарына баспанамен қамту сияқты әртүрлі әдістерді қолданатынын атап өткен жөн.

Яғни радикалды діни идеологияны насихаттаушылар, әдетте, күрделі өмірлік жағдайларды пайдаланады. Мысалы, менің тәжірибемде бір әйелдің жақын туысы қайтыс болған. Содан кейін деструктивті ұйымның өкілдері оған қайғысын бөлісу мақсатында барып көмектесе бастады. Ұйым өкілінің нақты міндеті болғанымен, ол жеке тұлғаға психологиялық әсер ете отырып, деструктивті ағымның ортасына тарту мақсаты болды.

Сондай-ақ деструктивті ұйымдардың үгіттеушілері қайырымдылықпен жиі айналысады. Бұл ұйымның басты көздегені - адамдарға жақсы көрініп, қамқорлық ниетін көрсеткендей болып, өздеріне тарту. Алғаш рет үлкен қалаға келген жас жігіттер мен қыздарға, өздерін тегін баспанамен қамтамасыз етіп, білім алуына жаңа мүмкіндіктер сыйлайтын жаңа қамқоршылары болып жандарынан табыла қалады. Радикалды діни идеологияны насихаттаушылардың мұндай қоғамдық әрекеттері жастар мен табысы төмен адамдарды өздеріне қаратпай қоймайды.

Сонымен қатар қазіргі өзін-өзі дамытамын деп түрлі нәрселермен әуестенуші жандардың сұранысын өтей алатындай, «қызығушылық курстарын» ашу өте кең таралған әдіс болып табылады. Көбінесе үгіттеушілер ұйымның сипаттамаларын тәлім алуға қызығушылардың мүдделеріне сәйкес келетін етіп реттейді. Мысалы, егер адам рухани ілгерілеуді іздесе, оны «рухани даму тобына» шақыруға болады, ал егер адам психологияға қызығушылық танытса, онда ол «адам әлеуеті» бойынша семинарға және т.б. шақырылып, қызығушылықтарын арттырады. Қазақстанда ең жиі кездесетін, қызығушылықпен айналысуға болатын жұмыс - тіл курстары: ағылшын, корей тілдерін оқыту. Тіл үйренуге деген қызығушылығы бар жандарға осы курстарды тегін ұсына отырып, өздеріне қарай бейімдейді.

Осы жылдың сәуір айында көптеген танымал әлеуметтік желілерде, сондай-ақ, кейбір БАҚ-та заңсыз миссионерлік қызметке қатысты ақпарат таратылғанын ескеруге болады. Атап айтқанда, ұялы телефон сатумен айналысатын жеке кәсіпкерге діни ұйымның атынан телефон қоңыраулары соғылып, діни жиналысқа қатысуға шақырған. Сонымен қатар хабарламада көрсетілген діни ұйымның ізбасары «Дін - әр адамның таңдауы» екенін, ол өзі тек «Киелі» кітапты оқып, оқығанымен бөліскісі келетінін айтып, мезгіл - мезгіл телефон соғып мазалап отырған.

Деструктивті діни ағымдардың ықпалына жиі ұшырап отырғандардың көпшілігі жастар. Бұл объективті тұрғыда жастардың тұрақты рухани-адамгершілік, жеке қасиеттерінің жоғары деңгейде қалыптаспауымен байланысты. Жастардың діни сауаттылық деңгейін әлеуметтік жағдайларының төмендігімен де байланыстыруға болады.

Жастарда теріс факторларға төзімділікті қалыптастыру үшін қандай діни-экстремистік және террористік ұйымдардың бар екендігі, олардың ұйым мүшелерімен қалай сөйлесуге болатындығы, адамның санасына Интернет арқылы психологиялық әсер етудің қандай әдістерін қолданатындығы туралы толық ақпарат беру қажет.

Егер сізге интернеттен діни мазмұндағы ақпарат жіберілген болса, сілтемені орындамай, керісінше «шағымдану» түймесін басыңыз немесе сізге көшеде бейтаныс адам келіп, дін тақырыбында диалог бастаса, онда диалогты тоқтатып, кетіп қалғаныныз дұрыс. Дін мәселелерінде әрдайым кәсіби мамандарға жүгінген дұрыс. Мысалы, елордада дінге қатысты мәселелермен айналысатын «Діндерді зерттеу орталығы» жұмыс істейді. Сұрақтарға жауап алу үшін біздің орталыққа iKomek-109 бірыңғай байланыс орталығының нөміріне қоңырау шалуға болады.