Спорт • 21 Қыркүйек, 2023

Ризабек Айтмұханның әкесі: 10 жасынан күреске баулып, әлем чемпионы болатынына сендім

849 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сербияның Белград қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Әлемдік доданы алдымен еркін күрес балуандары бастаған. Еліміздің еркін күрестен ерлер құрамасы 1 алтын, 1 қола медаль олжалады. Қазақ спортының тарихында еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы атағын Ризабек Айтмұхан иеленді. 19 жастағы оғлан Белград бозкілемінде 92 келі салмақта күреске түсіп, қарсыластарының барлығын айқын ұтты. Ризабек финалдық белдесуде әзербайжандық Осман Нурмагомедовпен күресті. 0:2 нәтижесімен ұтылып жатты да, алты минуттық белдесудің  ақырғы 40 секунды қалғанда  есепті теңестіріп қана қоймай, 5:2 есебімен  жауырынын жер иіскетті.

Ризабек Айтмұханның әкесі: 10 жасынан күреске баулып, әлем чемпионы болатынына сендім

kazwrestling_official

Ризабек жеңісінен кейінгі сұхбатында «Мен 2019 жылы 15 жасымда Астана қаласында өткен әлем чемпионатында  ерікті болып, ұйымдастырушыларға көмектестім» дегенді айтты. Іле әлеуметтік желіде  дәл сол оқиғаның бейнежазбасы да тарады.  Жанкүйерлер «кешегі волонтер, бүгінгі чемпион» деп де дақпыртын асырды.  Расында  Ризабектің жеңісі кездейсоқтық  па? Бейбіт күннің батыр тұлғалы балуанын бала күнінен күреске баулыған  алғашқы бапкері һәм әкесі Қанат Айтмұхан мырзадан сұрап, сұхбат құрдық.

– Қанат аға, жеңіс құтты болсын. Ризабек тарихтың жылнамасына есімін алтын әріппен қашап жазды десек те болады. Бұл жеңісті кешегі аталары Әбілсейіт Айханов, Амангелді Ғабсаттаров, Аманжол Бұғыбаев, бүгінгі күнде орта буын өкілі саналатын Мәулен Мамыров,  Ислам Байрамуков, кейінгі толқын өкілдерінен Дәурен Жұмағазиев, Дәулет Ниязбеков, Нұрқожа Қайпанов сынды балуандар да армандады, соған жетуге ұмтылды. Бірақ қазақ елінің уысына  ілікпей, қанжығасына бөктеру бұйырмай келген еркін күрестен әлем чемпионы атағы Айтмұхан ақсақалдың немересіне  бұйырғанын тарихи сәт десек қата айтпаған болар едік.

2

– Сөзіңіздің жаны бар. Бұл  – әуелі  Жаратушының бізге берген үлкен сыйы, нығметі. Жасаған иеміз осылай бұйырып тұр екен. Екіншіден, тоғыз жыл бойы  бозкілемнен бір елі ажырамай, жаттығудан алыстамай төккен теріміздің өтеуі дер едім.  Ризабек үйдің  тұңғышы. 10 жасында өзім жетелеп күрес үйірмесіне әкелдім. Қоластымда жаттығу жасады. Тұлпарды тай күнінен танығандай, ұлымның күреске деген бейімділігі, ынтасы бала күнінен аңғарылатын.

– Қазақта «құлды мақтау өлтіреді» деген сөз бар.  Біздің халық өзі батырын құрметтеп, құшағына қысқанда ерекше дәріптейді ғой. Ризабек финалға шыққанда да  құрметтеушілер көп, тілеулестік танытқандар да қисапсыз болды. Психологиялық тұрғыдан қалай дайындалды?

– Біз кәсіби бапкер болғандықтан мұндайда аса сақтықпен қадам жасап, әбжіл қимылдаймыз. Жартылай финалда жеңіске жеткен соң  бірден финалға дейінгі уақытта Ризабектің жұртшылықтың арасынан жырып, саяқ алып кеттім. Өйткені өзің айтпақшы жан-жақтан қолдау, тілеулестік мойнында тұрған халықтың жауапкершілігі мен аманатты одан бетер ауырлатып жіберуі мүмкін. Бала қанша дегенмен ересектер арасында алғаш рет әлем чемпионатына қатысып отыр, қарсыласы  да осал емес, өте тәжірибелі балуан. Сондықтан да ештеңеге алаңдамасын деп финалға барынша сабырлы қалпында шығуын қамтамасыз еттік.

– Бәріміз де жүрегіміз көтеріліп отырып тамашаладық қой Осман мен Ризабектің белдесуін. 2:0 есебімен Осман үстем тұрды, белдесудің бітуіне 40 секунд қана қалды. Қандай күйде болдыңыз?

– Кілемнің  сыртында тұрып мен мазасыздансам балам одан бетер «жанып» кетпей ме? Жанкүйерлер үшін, сырт көзге 40 секунд өте аз уақыт болып  саналуы  мүмкін. Бірақ спортшы үшін әжептеуір мерзім бұл. 2:0 есебімен ұтылып жатыр, аса қатты  ұпай айырмасы жоқ.  Жеңетініне сенімді болдым.  Рас, қарсыласы да оңайдан емес. Осман – әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Еуропа чемпионаттарында  олжа салып жүрген оғлан. Оған да әлем біріншілігінің алтын медалі мен белбеуі қажет болды, соған барын салды. Бірақ соңғы секундтарда ол әлсіреп,  діңкеледі. Бізге де керегі сол болатын, ақырғы секундқа дейін арпалысты Ризабек. 

Бұл  алтын медаль, әлем чемпионы  деген атаң кездейсоқ жеңіс,  жол-жөнекей кезіккен  жетістік емес. 9 жылдық еңбек жатыр  мұнда. Биылғы жылдағы Ризабектің жүріп өткен жолына қараңыз, оның қандай бабына енгенін бағамдайсыз. Ақпан айында Алматы қаласында Қазақстанның жазғы спартакиадасы өтті. 92 келіде чемпион атанды.  Сәуір айында Азия чемпионатының финалдық белдесуінде жапон  балуанына есе жіберіп күміс медаль олжалады. Әлемдік рейтингтік турнирде қола медаль бұйырды. Жастар арасында әлем чемпионатының  күміс жүлдегері болды. Бұл дегеніңіз  биылдың өзінде Ризабекті қандай додаға салсаң да  нәтижемен оралғанын айқындайды. Мұның барлығы да шелектеп төккен тердің өтеуіне бұйырған жүлде.  Осы әлем чемпионатына дайындық жүргізгенде  жан-жақтан білікті бапкерлерді шақырттық, ұлттық құраманың бапкерлерімен бірлесіп әзірлік жүргізді олар. Міне, соның  жемісі әлем чемпионатының алтын медалі.  Көпшілік судың бетін ғана көріп, тереңіне бойлай бермейді ғой, әйтпесе Ризабек 2019 жылы еріктілікпен ғана шұғылданған жоқ. Бала күнінен әлем чемпионы, жазғы Олимпиада ойындарының алтын медалін аламын дегенді мақсат етті.  Соған жету үшін жасөспірімдер арасында  Қазақстан біріншілігін үш мәрте жеңді, Азия чемпионатында олжа салды. Жастар арасындағы жеңісін жоғарыда айттым. Бір әттеген-айы, Ризабектің тұңғыш әлем чемпионы атанғанын  қазақ балуандары арасынан  шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ағамыз көре алмады. «Мен қаракөздеріміздің Олимпиада, әлем чемпионаттарында  олжа салғанын көрсем» деуші еді жарықтық, жете  алмай кетті.

– Ризабек әлем чемпионы атанған 92 келі Олимпиадалық салмақ саналмайды. 97 келіге ауыса ма енді?

– Міндетті түрде, 92 келідегі соңғы  додасы осы Сербиядағы әлем чемпионаты. Біз алтын үшін бардық, сол биікке шыға алдық. Енді жаттығуды одан әрі  жүргізіп, олимпиадалық салмақ 97 келіге  өтеді.

– Құрметтеу, қошеметтеу, той-томалаққа шақыру,  артық-ауыс жиын, мереке  спортшының режимін бұзбай ма?

– Біз оған жол бермейміз. Ресейлік ММА шебері, UFC  чемпионы Хабиб Нурмагомедовтың әкесі марқұм Абдулманап Нурмагомедов айтып еді, «бала қанша таланты тас жарып тұрса да тәртіпке бағынбаса түк өндіре алмайды» деп. Сондықтан да бізге бірінші кезекте тәртіп, жаттығу маңызды. Астана қаласында спорт мектеп интернатында  білім алды, одан кейін Алматыдағы «Шаңырақ» спорт  мектеп-колледжіне ауысып, оқуын сол жақта жалғастырып жатыр. Бізге сапалы білім алып, жаттығуын үзбе келесі Олимпиада ойындарына әзірлікті жүргізу басты орында тұрады. 

– Ризабектің  інісі де еркін күреспен шұғылданады екен.

– Иә,  кіші жасөспірімдер арасында ел біріншілігінің  күміс жүлдегері. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 4-орынға тұрақтады. Қырғызстанда өткен Азия чемпионатының алтын медаль иегері. Жастар арасында Италияда өткен халықаралық турнирдің  күміс жүлдегері.