Кино • 21 Қыркүйек, 2023

«Міржақып. Оян, қазақ!» кинотеатрлардан көрсетіледі

533 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақын, жазушы, Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының өміріне қатысты фильмді енді кинотеатрлардан көруге болады.

«Міржақып. Оян, қазақ!» кинотеатрлардан көрсетіледі

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген «Міржақып. Оян, қазақ!» теле­хикаясының негізіндегі толықметражды көркем туынды бүгіннен бастап көрер­менге жол тартады. Ақынның рөлін сомдауға елордалық «Жастар» театрының актері Бақыт Қажыбаев таңдалған.

– Рөлге кастинг арқылы таңдалдым. Режиссердің таңдауы маған түскен екен. Негізі жауапкершілігі зор рөл деп айтар едім. Міржақып атамыздың аты Қазақ еліне аян. Өзінің бозторғай жаны шырылдап, елі, жері үшін жанын қиған асыл азамат. Осы рөлді сомдайтын кезде қуанышымнан гөрі қорқынышым басым болды. Түсірілім барысында қатты қиналдым деп айта алмаймын. Өйткені режиссердің, сценарийдің мықтылығы шығар деп ойлаймын. Бірақ қиындықтар да болды. Уақытқа байланысты. Әсіресе түнгі түсірілімдер. Рөлді сомдаған кезде актер ретінде әттеген-ай деген сәттер де болды. Бұл әрбір актерде болады деп ойлаймын. Фильмді көріп отырып мына жерін басқаша ойнауым керек еді дейтін сәттер болады, – дейді актер Бақыт Қа­жыбаев.

«Qazaqstan» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Танысбай тарихи се­риал­­дарға көрерменнің сұранысы да көп екенін айтады.

– Бұл біз үшін тәжірибе деуге болады. Себебі фильм түсіру корпорацияның міндетіне жатпайды. Өткен жылы «Мір­жақып. Оян, қазақ!» сериалын шығардық. Сұраныс өте көп болды. Түсірген тарихи сериалға бірде-бір сын болған жоқ. Мұны мақтанышпен айта аламыз. Біріншіден, ол – режиссер Мұрат Есжанның жұмысы. Екіншіден, біз осы уақытқа дейін жинаған тәжірибемізді, бар күшімізді соған салдық. Сондықтан да керемет туынды шықты. Халықтың сұрайтыны, әсіресе жастарға керек фильм екенін түсінеміз. Сондықтан сол туындыны қайтадан монтаждадық, керек жерлерін қайта түсіртіп, өңдеп шығардық. Бүкіл қазақ көретін, санамыз үшін, қоғам үшін пайдалы фильм болды деп ойлаймын, – дейді Ләззат Танысбай.