Павлодарда «Қолайлы қоршаған орта құрудағы азаматтық қоғамның рөлі» атты өңірлік азаматтық форум өтті. Келелі жиында Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында басымдық берілген экологиялық бағыттар талқыланып, мамандар қоршаған ортаны қорғау, ауа және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерін көтерді.
Азаматтар үшін қолайлы орта құру – мемлекетіміздің басымдық беріп отырған мәселелерінің бірі. Елімізде бұл тұрғыда оң өзгерістердің болып жатқаны сезіледі. Азаматтық қоғам өкілдері, атап айтқанда үкіметтік емес ұйымдар осы өзгерістердің басында болуымыз керек деп есептейді. Себебі мықты азаматтық қоғам – қуатты мемлекеттің тірегі.
«Әрбір өңір – өзінше бір әлем, сол себепті біз әрбір өңірде жеке-жеке форумдар өткізуді жөн көрдік. Павлодар облысының халқы үшін экология тақырыбы өзекті болғандықтан, форум арнасын сол бағытқа бұрдық. Өздеріңіз білетіндей елімізде «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы қабылдануға жақын. Жаңа заң қоғамдық бақылау жүйесінің құқықтық негізін, сондай-ақ азаматтық қоғамды одан әрі жетілдіруге арналған құқықтық жағдайларды айқындауды қарастырады. Енді еліміздің әрбір тұрғыны мемлекет қаражатының іске асу барысын қадағалап, тексеруге мүмкіндігі болады. Заң жобасында петициялар институты да енгізілді. Болашақ заң жобасы бұқара мен билік арасындағы байланысты күшейтетін маңызды құжатқа айналып, мемлекетіміздің өркендеуіне үлкен пайдасы тиеді деп есептейміз. Ел тұрғындары бұған қоса экологиялық бақылауға да атсалысады», деп атап өтті «Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Бану Нұрғазиева.
Мамандардың сөзіне ден қойсақ, қоршаған ортада экологиялық ахуал күрделенген сайын адамзат табиғатты қорғау шараларына саналы түрде қадам жасай бастайды екен. Қазіргі алмағайып заманда жер бетінде небір дүлей апаттар орын алып, климаттық өзгерістер басталғанына бәріміз куә болып отырмыз. Мұндай жайттар ел тұрғындарын бейжай қалдырмауы керек. Халықаралық азаматтық институттар бұл тұрғыда көптеген әдістеме әзірлеп, экологиялық жобаларды өміршең етіп жатыр. Мысалға жақын жылдары Орта Азия халқы үшін су мәселесі одан сайын күрделене түсіп, Қазақстанда құрғақшылық өте өзекті мәселеге айналады деп күтіліп отыр. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында атап өткені де мәлім. Мұның салдарынан жер бетінде климаттық миграция басталып кетуі ғажап емес.
Су және климат мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшы Болат Есекиннің түсіндіруінше, елімізде қазіргі күні климаттық өзгерістер өте жылдам жүріп жатыр. Су жеткіліксіздігі 60 пайызға өсіп, құрғақшылық кезеңдері жиілей түскен. Аптап ыстықтардың өту кезеңі де ұзара түсіп, су тасқыны, лай көшкіні, дала және орман өрті сияқты табиғи апаттар адамдардың тіршілік ортасын қиындатып жатыр. Мұндай факторлардың салдарынан елімізде астық шығымдылығы бірден 37 пайызға кеміп, жұмыс орындары мен азаматтардың табысы төмендеген. Мұның сыртында әлгіндей апаттардан қоғам арасында өрши түскен түрлі аурулар да аз емес.
«Бұл жайттардың барлығы біздің азаматтарымызды әлемде қабылданған экологиялық стандарттарды сақтауға мәжбүрлейді. Сондықтан отандық эколог мамандар бейімделу жоспарына 4 негізгі бағытты ұсынып отыр. Олар – негізгі шаралар мен су ресурстары, ауыл шаруашылығы, орман секторы және экстремальды табиғи құбылыстар. Су қорғау негізгі басымдық берілетін сектор болмақ. Қазіргі күні өнеркәсіп орындары, көлік жуатын орындар суды есепсіз пайдаланады. Адамдарды тіршілік нәрін есеппен, үнеммен пайдалануға үйрету үшін өңірлік, қалалық және аудандық деңгейде бейімделу орталықтарын құру маңызды. Олар климаттық тәуекелдер мен осал тұстарды бағалап, өз жоспарларын соған сай жүзеге асырады. Әр аймақ су үнемдеу және су пайдаланудың тиімділігін арттырудың бағдарламасын қабылдауы керек деп есептейміз. Мемлекет басшысы айтқандай, бізге әр өңірде жаңадан су қорлары, су қоймалары қажет. Су басқару жүйесін «Бассейндік әлеуметтік корпорация» формасына айналдыруды ұсынамыз. Бұл халық пен бизнес өкілдерінің жаңашылдықтарды жатырқамай, тез арада қабылдауына жол ашар еді. Себебі мұндай корпорацияның негізгі мүддесі әлеуметтік, экологиялық және коммерциялық тиімділікке жұмылдырылады», дейді ол.
Экологтарды тыныс алу жолдары және қан айналым жүйесі аурулары бойынша өлім жайттарының азаймай отырғаны да алаңдатып отыр. Былтыр елдегі адам өлімі жағдайларының 10,3 пайызына қатерлі ісік аурулары себеп болса, қайтыс болғандардың 9,70 пайызы тыныс алу жолдарының, тағы 22,60 пайызы қан айналым жүйесіндегі аурулардан көз жұмыпты. Ауа ластануы жағынан еліміз әлемде 40-орында тұрғанын ескерсек, мұндай сүреңсіз статистика жуық уақытта өзгере қоймасы анық. Ал мемлекетімізде ауаға қатысты стандарттар сонау 1980-жылдардан бері өзгермепті. Сондықтан табиғат қорғаушылар мен азаматтық қоғамды әлі де қыруар шаруа күтіп тұр.
Павлодар облысы