Есіл өзенін балықтандыруға бағытталған іс-шараға Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің, қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми ұйым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, елорда тұрғындары қатысты.
Жыл сайынғы балықтандыру табиғи су айдындарының балық ресурстарын сақтау және тұрақты пайдалану, сондай-ақ астаналықтардың демалысы үшін рекреациялық жағдайлар жасау мақсатында өткізіледі. Осылайша барлығы өз қармағымен қала жағалауына шығып, бос уақытында балық аулап демала алады.
Осы орайда балық өсіретін кәсіпорындар осы жылдың басынан бастап Қазақстанның су қоймаларына мемлекеттік тапсырыс аясында бағалы балық түрлерінің 80 млн шабағын жібергенін атап өткен жөн. Сонымен қатар қазан айының соңына дейін Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Зайсан-Ертіс және Есіл бассейндерінің су айдындарына тағы 20 млн дана шабақ жіберу жоспарланып отыр.