Мектеп • 21 Қыркүйек, 2023

«Жайлы мектеп» көңілден шыға ма?

382 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатқаны көпке мәлім. Бұған қатысты түйткілді мәселелер де болды. «Мектептер уақтылы салынып біте ме, шынымен жайлы мектеп бола ма» деп отырған ата-ана көп. Жобаға жауапты «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының басшысы Мәулен Айманбетов алаңдаушылардың ескертулері мен ұсыныстарын ескереміз деп отыр.

«Жайлы мектеп» көңілден шыға ма?

Тамыз кеңесінде баяндама жаса­ған М.Айманбетов «Жайлы мектепке» қатысты барлық сын-пікірге, ұсыныстарға ашықпын деген болатын. «Samruk-Kazyna Construction» көп ұзамай жайлы мектептердің сәу­лет және дизайнерлік шешімдерінің жал­пыхалықтық талқылауын жария­лады. «Біздің мақсатымыз – ұлттық жоба­ны жүзеге асыру барысын барынша ашық ету. Сондықтан мектептердің жобасын бүкіл халық болып талқылауды жөн көрдік. Алғашқылардың бірі болып мұндай бастаманы іске асырып жатырмыз. Оқу ошақтары са­палы білім беріп қана қоймай, оқу­шылардың қарым-қабілеттерін дамытып, белсенділігін арттырып, болашақ мамандығын таңдауға жол ашады. Ең бастысы, жайлы мектептер балаларды, жастар мен ересектерді өзіне тартатын орталыққа айналуға тиіс», деген Мәулен Айманбетов жанашыр азаматтарды сауалдамаға белсене қатысуға шақырды.

«Samruk-Kazyna Construction» компаниясының мәліметінше, 17 қыр­күйекке дейін жалғасқан сауалдамаға 6 132 адам қатысқан. Соның ішінде 24 пен 34 (30 пайыз), 35-44 (50 пайыз) жас аралығындағы азаматтар белсенді­лік танытқан. Ал қатысушылардың 88 пайызы жайлы мектептің сәулет құры­лысына, ішкі көрнекілігіне көңі­лі толатынын жазған. Сондай-ақ ұсы­ныстарын да жолдаған.

– Ұлттық жобаны іске асыруда әр­бір азаматтың ой-пікірі өте маңыз­ды. Еліміздегі оқу­шы орындары­ның тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған ортақ жұмысымызға тұр­­ғындар тарапынан мықты қолдау көрсетіліп отыр. Оған қоса орынды ұсы­ныс-тілектер де келіп түсті, бәрін мұқият зерделеп, жобаға толықтыру енгізуге кірістік, – деді М.Айманбетов.

Сауалдамаға қатысушылар оқу­шы­лардың сабақтан тыс уақыты­ның жақсы өтуін қамтамасыз ететін коворкингтердің болуына баса назар аударған. Сондай-ақ оқушының жеке заттарын қоятын орындардың кең болуын атап өткен және мектепке келгенде ұзын-сонар кезек болмауы үшін, балалардың бір-бірімен сығылысып қалмауы үшін бастауыш пен орта буын оқушыларына жеке кіреберіс істеуді сұраған. Экологиялық талаптардың да есте болуын ескерткен. Сонымен қатар ата-аналар мектепте балалар­дың денсаулығы мен тәрбиесіне де көңіл бөлінуі керек деп есептейді. Сондықтан әртүрлі үйірмеге арналған орындар болуы керек деген ұсыныс білдіріп, жаратылыстану бағытында­ғы пәндердің зертханалық сыныптары­ның да жеке болуы керегін ескерткен. Мәулен Айманбетовтің айтуынша, мұндай ерекшелік жайлы мектептерде қарастырылған. Бұдан бөлек, балаларды мектепке әкелгенде, кептелістің алдын алу үшін көлік тоқтайтын арнайы орындар жасалады.

Бір қуантарлығы, жайлы мектептер қалада да, ауылда да тең дәре­жеде салынады. Олардың сапасы мен ішкі жабдықталуында ешқандай айыр­машылық болмайды. Бұл – білім дең­гейіндегі алшақтықты азайтуға септігін тигізетін бірден-бір фактор.