Суретті түсірген Бекжан ЖҰМАБАЙ
Тот баспайтын асыл болаттан жасалған ескерткіш композициясында бейнеленген ұлттық камзол киген, салпыншақ сырға таққан қазақ қызы гранит тастың үстінде жоғары қарап қиялдап отырғандай. Биік өкше әдемі туфлиі, тізесінде тұрған ноутбук оның өзіне сенімді, іскер, алғыр қалпын сипаттап тұр. Кейіпкердің алға созған сол қолының саусағына әлдебір құс қонақтай қалыпты.
– Жергілікті іскер әйелдер кеңесінің өкілдері ақпан айында жолығып, Ақ Жайық өңірінің іскер әйелдері қауымдастығы атынан облыс орталығына бір ескерткіш сыйға тартқысы келетінін айтты. Әрине, олардың барлық тілегін ескере отырып осы шығарманы жасап шықтық. Ескерткіш «мәңгі металл» деп аталатын материалды пісіру арқылы жасалған. Бұл – тот баспайтын, өте берік металл. Мұны жасап шығуға жарты жылдан аса уақыт кетті. Мүсіннің бір бүйіріне ақын Мұнайдар Балмолданың бір шумақ өлеңі жазылды. Маған бұл композицияның тұрған жері де ұнап тұр: жақын маңда ірі сауда орталығы бар, адам аяғы үзілмейтін, шулы, іскери орта. Осы шығармашылық жұмысымыз арқылы сүйікті Орал қаламыздың көркейе түсуіне үлес қоссақ, ниетіміздің ақталғаны деп білеміз, – дейді мүсіннің авторы, Суретшілер одағының мүшесі Ерғали Бекешов.
Елордадағы «Астананың құрдасы» кешенінің авторы Ерғали Бекешовтің қолынан шыққан ерекше мүсіндер Орал мен Ақсай қалаларында, өңірдегі аудан орталықтарында көпшіліктің көзайымына айналған. Ал дәл осы жаңа мүсіннің шығынын Ляна Тұрсынова, Дариға Жұмагелдиева, Балзия Евенеева, Тоғжан Бабиева, Аина Баемирова, Динара Қазиева сынды іскер қыз-келіншектер және Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық тамақтандыру қауымдастығы көтеріпті.
– Біздің кеңестің құрамында 2 500-дей кәсіпкер қыз-келіншек бар. Бүгінгі ескерткіш өңір экономикасының дамуына үлес қосып жүрген іскер әріптестеріме лайықты тарту деп ойлаймын, – дейді Батыс Қазақстан облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ляна Тұрсынова.
Батыс Қазақстан облысы