Отырыс барысында сенаторлар «Қоғамдық бақылау туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын қарап, мақұлдады. Бұл құжаттарда қоғамдық бақылау үлгілері, оның нәтижелері және қатысушылардың құқықтары мен міндеттері айқындалған.
Заң жобалары жөнінде Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Руслан Рүстемов баяндама жасады. Депутаттың айтуынша, заңда қоғамдық бақылау ұғымы, мақсаты мен басты қағидаттары айқындалады.
«Қоғамдық бақылауды іске асыратын қоғамдық бақылау субъектілері және қоғамдық бақылау объектілері айқындалады және олардың құқықтары мен міндеттері нақтыланады. Мысалы, қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық бақылау топтарын құруға, сарапшыларды тартуға, сондай-ақ ақпарат сұратуға, қоғамдық бақылау объектілерінің әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдануға құқылы. Қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нысандарының ұсынымдарын қарауға және оларды интернет-ресурстарда орналастыруға, мүдделер қақтығысын болдырмауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға, субъектілерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті», деді Р.Рүстемов.
Сондай-ақ қоғамдық бақылаудың негізгі формалары ретінде қоғамдық мониторинг, қоғамдық сараптама, қоғамдық тыңдау ұсынылған. Заң жобасында қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысу шарттары айқындалған. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға он сегіз жасқа толмаған, соттылығы өтелмеген, наркологиялық немесе психикалық есепте тұрған адамдар жіберілмейді. Сонымен қатар қызметінде шетелдің қатысы бар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметі тоқтатылған немесе тыйым салынған коммерциялық емес ұйымдарға шектеу қойылады.
«Қоғамдық бақылау нәтижелерін қарау нормалары бекітілді. Осылайша, қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды құжатты 10 күн мерзімде қарап және дәлелді жауап жіберуі керек. Бұл ретте қоғамдық бақылау объектілері мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті қарау үшін шаралар қолдануға міндетті», деді Р.Рүстемов.
Сондай-ақ депутат қоғамдық бақылау жүргізу тәртібін реттейтін ілеспе заң жобасындағы жаңашылдықты таныстырды. Құжатта қоғамдық бақылауға қатысты салалық заңнамаларға өзгертулер енгізумен қатар, петиция институтын регламенттеу жөніндегі түзетулер қамтылған.
«Біріншіден, заңнамада петиция ұғымы беріледі. Екіншіден, әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте петицияларды беру және қарау тәртібі бекітіледі. Үшіншіден, петицияны Қазақстан Республикасының азаматтары арнайы интернет портал арқылы бере алады. Төртіншіден, өкілетті орган петиция жария болғанша оның заңда бекітілген шарттарға сәйкестігін анықтайды. Бесіншіден, петицияны міндетті түрде қарау үшін оны қолдайтын дауыстардың шекті мәндері анықталады», деді депутат.
Мәселен, халқы 50 мыңнан асатын әкімдік құзыретіне кіретін аудандық деңгейдегі мәселелерге қатысты петиция халықтан 2500 дауыс жинауға тиіс. Қалған жағдайда тұрғындардың 5 пайызы оны қолдауы керек. Ал мәслихат құзыретіне жататын түйткілдер бойынша тиісінше 5000 дауыс не 10 пайыздық межеден асуы қажет. Облыстық деңгейде әкімдіктерге тиесілі міндеттер 1 пайыз, мәслихаттар бойынша 2 пайыз қолдау жинауға тиіс. Ал республикалық деңгейдегі мәселелерге қатысты петицияға кемінде 50 мың қол қоюы керек.
«Алтыншыдан, петицияны жан-жақты қарау мақсатында мемлекеттік орган петиция авторын шақырып, хабардар ете отырып, мемлекеттік орган шешімінің жобасын жария талқылауды ұйымдастырып, жеке комиссия немесе жұмыс тобын құрады. Мұндай шаралар петициялардың қоғамдық мәртебесі мен маңызын арттыруға мүмкіндік береді. Жетіншіден, петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы қабылдайды», деді Р.Рүстемов.
Сенат төрағасы мақұлданған заңдар Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленгенін атап өтті. Заң нормаларына сәйкес ел өміріне қоғамдық қатысудың қосымша тетігі ретінде петиция институты енгізілді. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев петициялардың заңдылығы азаматтарға өздерінің қажеттіліктері мен бастамаларын уәкілетті органдарға жеткізуге мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.
«Бұл заңдар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуді көздейді. Азаматтардың мемлекеттік процестерге қатысты пікір білдірудің қосымша тетігі ретінде петиция институты енгізіліп отыр. Мұндай нормалар маңызды шешімдер қабылдар кезде азаматтардың пікірін барынша ескеруге мүмкіндік береді. Мақұлданған заңдар алдағы уақытта қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырып, еліміздің дамуына оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады. Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыз су сапасы мен инфрақұрылым мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Депутаттың айтуынша, су құбырларын жөндеу жұмыстары жағдайды жақсартуы керек еді, бірақ ондағы құрылыс жұмыстары бірнеше жылдан бері созылып келеді. Мысалы, Преснов топтық су құбырын қайта жаңғырту 2014 жылы басталды, ал енді келесі жылы жұмысты жалғастыру үшін бюджеттен ақша мүлде қарастырылмаған. Оған қосымша 1 млрд теңге қажет. Солтүстік Қазақстан облысының Соколов, Булаев және Есіл топтық су құбырларын қайта жаңғырту жобаларын іске асыру бойынша да осындай мәселелер бар.
«Бұл жобалардың бірнеше рет жобалық-сметалық құжаттарының мерзімі өтіп кеткен. Бұрынғы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті, «Қазсушар» РМК, «Нұра топтық су құбыры» РМК жобаларды уақтылы қайта қарау, түзету, оларды сараптамаға жіберу және одан әрі іске асыру жөнінде уақытылы шаралар қолданбаған. Жауапсыз мердігерлер, бірнеше жылдарға созылған сот процестері аса маңызды жобалардың жүзеге асырылуын созып жіберген», деді Әсем Рахметова.
Депутат осы проблемаларды шешу үшін Солтүстік Қазақстан облысының Преснов, Соколов, Булаев және Есіл топтық су құбырларын қайта жаңғырту жобаларын іске асыру бойынша Үкімет басшысынан шұғыл шаралар қабылдау мәселесін қарауды ұсынды.
Мұрат Қадырбек Үкіметті Түркістан облысы мен Түркістан қаласындағы суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етуге байланысты жобаларды қаржыландыруды қайта қолға алуға шақырды. Сенатор өңірдегі өзекті мәселенің тағы бір шешімі ретінде су қоймаларын салуды ұсынды.
«Жыл бойы егісін егіп, шығынын шығарған шаруалар, шілде-тамыз айларында егістерін суаруға су жеткізе алмай қыруар шығынға батуда және бұл жыл сайын қайталанатын жайт. Ең маңыздысы осы проблемаларды шешу үшін жасалған жобалар да бар, қаржылар да бөлінген. Өкінішке қарай, қаржыландыру тоқтап, жобалар өз мақсатына жетпеген», деді сенатор. Мәселен, «Боралдай» су қоймасы жобасын қаржыландыру мен Отырар ауданындағы Шәуілдір бассейнінің ішкі коллекторлық-дренаждық желілерін қайта жаңарту жұмыстары тоқтап қалды. Депутат осыған байланысты Премьер-министрден осы мәселелерді шешуге жәрдемдесуді сұрады.
Амангелді Толамисов Жетісу облысындағы Ақши және Көктұма ауылдарында туризмнің қарқынды дамуына байланысты туындап отырған электр энергиясы тапшылығына назар аударды. Осыған байланысты депутат жоғары вольтты электр беру желілері мен қосалқы стансалар салу қажеттігін атап өтті.
«2023 жылдың жазғы демалыс маусымында Алакөл көлінің жағалауында 20 мәрте электр энергиясы өшті. Соның салдарынан демалыс орындарының әр түрлі 150-ден астам тұрмыстық техникасы істен шықты. Сонымен қоса, көл жағалауында орналасқан Көктұма ауылында электр энергиясы кернеуінің төмендігіне байланысты, бір туристік нысан өртеніп кетті. Жазғы демалыс маусымы басталғалы бері көл жағалауының электр энергиясының мәселесі жөнінде азаматтардан жергілікті атқарушы органдарға 100-ден астам арыз-шағым тіркелді», деді А.Толамисов.
Бекболат Орынбеков Жамбыл облысында жергілікті тұрғындар үшін маңызы зор бірқатар инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жолындағы кедергілерге тоқталды. Депутат Меркі ауданындағы ауылдарды электрмен жабдықтау, сондай-ақ «Жауғаш Батыр» және «Қаратау» шекара заставаларындағы мәселелерге ерекше назар аударды. Ауыл тұрғындары Қырғызстаннан электр қуатын пайдалануға және бұл үшін жоғары тариф бойынша төлеуге мәжбүр болып отыр.
«Жауғаш батыр ауылының тұрғындары көршілес Қырғыз Республикасынан 1 кВт/сағ үшін орташа есеппен 90-100 теңге бағамен электр энергиясымен қамтамасыз етілген. Облыс халқы үшін кепілді жеткізуші «Жамбыл жарық сауда-2030» тарифі бағасы 1 кВт сағ үшін 16 теңге алады. Бұл өз кезегінде жергілікті халықтың наразылығын тудыруда. Жоба іске асқан жағдайда Қырғыз Республикасынан электр энергиясына тәуелділікті жоюмен қатар, стратегиялық маңызға ие «Жауғаш батыр» және «Қаратау» шекара бекеттерін электрмен жабдықтау мәселесі оң шешімін табатын болады», деді Б.Орынбеков.
Сенатор Бибігүл Жексенбай депутаттық сауалында медицина қызметкерлерінің проблемалары туралы айтып берді. Оның айтуынша, елордадағы мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарындағы медицина қызметкерлерінің 40 пайызында тұрғын үйі жоқ.
«Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бойынша әскери қызметшілер және басқа әлеуметтік жағынан әлсіз топтар өкілдері баспана ала алады. Бірақ медицина қызметкерлеріне арналған жеңілдетілген несиемен үй алуға мүмкіндік беретін бірде-бір қолжетімді бағдарлама жоқ. Медицина қызметкерлері деген санатқа кіретіндерге бөлек тұрғын үй бағдарламасын немесе жеңілдетілген несие беру туралы бағдарлама қабылдау мәселесін қарастыруыңызды сұраймын», деді сенатор.
Депутат медицина қызметкерлері үшін демалыс күндерін ұлғайту мәселесіне де Үкіметтің назарын аударды. Емхананың медицина қызметкерлерінің жыл сайынғы еңбек демалысы күндерінің жалпы саны еңбек жағдайына байланысты күнтізбе бойынша 36-дан 42 күнге дейін болады.
«Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес, педагогтерге жыл сайын ұзақтығы 56 күнтізбелік күнге ақылы еңбек демалысына кепілдік беріледі. Осының негізінде медицина қызметкерлері үшін еңбек жағдайларына байланысты кемінде күнтізбелік 40 күн және одан да көп күндерді құрайтын жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы күндерінің санын көбейту мәселесін қарауды сұрайды», деді Бибігүл Жексенбай.