Медицина • 22 Қыркүйек, 2023

«Әр науқас – жеке тұлға»

575 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Аса мейірімділікті талап ететін, сонымен қатар міндеті мен жүгі айтарлықтай ауыр болып келетін мамандық иесі – медбике. Медбикенің жұмысы қиын, тірлігі қауырт. Науқастың саулығына дәрігерден кем қарамайтын денсаулық жанашырлары сырқаттанған адамның келіп түскенінен бастап сауығып, аяғына тұрып кеткеніне дейін еш аянбай қызмет етеді.

Осы орайда науқастардың талап-тілектерін алғашқы орынға қойған, адамгершілік пен мейірімділікті алға тартқан мерейлі медбикенің бірі Керімбаева Жанар Дүйсенбекқызымен сұхбат жүргіздік. Медицина саласына 15 жыл уақытын арнаған ақ халатты абзал жан Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығында еңбек етеді.

«Әр науқас – жеке тұлға»

– Медицина саласын таңдауыңызға не себеп болды? Бұл салаға өз қалауыңызбен келдіңіз бе?

– Бұл салада жұмыс істеуді бала күнімнен бастап армандайтынмын. Әрі қарай оқып, хирург мамандығын меңгерсем деген арманым да болған. Алайда кейін отбасылы болып, діттеген арманыма жете алмадым. Бірақ бұл салаға өз қалауыммен келген едім. Осы мамандықты таңдауыма түрткі болған дүние - бала күнімде теледидардан дәрігерлерге қарап қызығатынмын. Арманым дәл сол қызушылықтан басталды десем де болады.

Мен медицина саласымен қоса педагог маманмын. Алғашқы жылдары медицина колледжінде биология және экология пәндері бойынша 8 жыл сабақ бердім. Дегенмен медицина саласынан алыс кетпедім. Ол жақта сабақ берсем де, жүрек ол жақта болмады. Астанаға келіп, осы жұмысқа орналасқанда, өз орнымды тапқандай болдым.

– Жұмыс барысында қандай жағдайларға дайын болу керек?

– Біздің жұмыста әртүрлі жағдайға дайын болу керек. Менің қазіргі жұмыс істеп жүрген бөлімшеме 50 жастан жоғары, көбіне үлкен кісілер түсіп жатады. Сондай-ақ бұл кісілерде бізге айтқан шағымдарынан басқа өздерінің де сырқаттары болады. Адамның өмірімен тікелей жұмыс істегеннен кейін бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жалпы біз кез келген орын алған жағдайға дайын болуымыз қажет. Біз үшін әр секунд маңызды.

ф

– Мамандығыңыздың ең қиын тұсы қандай?

– Мен қазір таңу бөлімінде жұмыс істеймін, яғни әр отадан кейін науқастың жарақатын таңып, бірінші реттік айығып кетуіне жауап беремін. Енді бұл күндізгі жұмыс болғаннан кейін жеңілдеу, бірақ жауапкершілігі мол. Сондай-ақ постта жұмыс істеген кезім болған. Ол жерде 24 сағат ұйқысыз жүреміз, себебі науқастар бір тәулік бойы бақылауда болуы тиіс. Кез келген сәтте науқастың қасынан табылу - міндет.

Науқастың сырқатынан толығымен айығып, есіктен күліп шығып бара жатқанын көру біз үшін бақыт. Сондай-ақ науқастар бізге алғыстарын айтқан кезде бойымызды мақтаныш сезімі кернейді.

– Медбике ретінде сіздің ең маңызды міндеттеріңізді қандай деп білесіз?

– Медбикенің басты міндеті – әрбір пациентті жеке тұлға ретінде қабылдау. Сол жеке тұлғаның құқығын, ар-намысын сыйлай білуіміз керек. Біз сырқаттармен тікелей қарым-қатынаста болғаннан кейін олармен тіл табыса білуіміз керек. «Жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады» деген сөз бар ғой. Тура сол сияқты науқаспен де жылы сөйлессең ол саған ашыла бастайды. Ал медбикенің ең алғашқы міндеті - науқастардың тілін таба білу.

Дәрігерлер науқастардың жанында 24 сағат бойы бірге болмайды. Ал медбике сол уақыт бойы бірге болғаннан кейін тіпті ұйқыдан тұрған кездің өзінде көңіл күйін байқап, бір жерінің ауырып тұрғанын көре аламыз. Біз арқылы дәрігер науқастың ауырып тұрғанын біледі. Біз екі жақтың арасындағы маңызды көпір болып саналамыз. Жалпы, медицина қызметінің 80 пайызын медбике атқарады.

– Медбикенің бойында қандай қасиеттер болу керек?

– Медбикенің бойынан табылатын қасиеттерге келер болсам, біріншіден адамгершілік, екіншіден жауапкершілік, және ең бастысы мейірімділік. Әр науқасқа өзінің ата-анаңдай қарасаң онда жұмыс жақсы жүреді деп ойлаймын.

– Ұзақ жылдық тәжірибесі бар маман ретінде ізіңізден қуып келе жатқан болашақ мамандарға қандай кеңес бересіз?

– Қазір барлық технологиялардың белес алып, дамып жатқан кезі. Тура сол сияқты медицина да бұрынғы орында қалып қойған жоқ, керісінше уақыт өткен сайын заманның талабына сай жаңа технологиялармен жаңарып келеді. Болашақ мамандарға өз ісін жақсы көріп, өз ісіне берік болса деймін. Кез келген нәрсені көңілмен жасамасаңыз ол тәтті шықпайды. Сол сияқты әр адам өзінің таңдаған мамандығын жақсы көрсе, онда ол адамнан жақсы маман шығады деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!