Спорт • 22 Қыркүйек, 2023

Бокстан жазғы Азия ойындарының жеребесі тартылды

264 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қытайдың Ханчжоу қаласында басталған  жазғы Азия ойындарының бокстан жеребесі тартылды.  Жазғы Азия ойындарынан хабар таратуға арнайы барған әріптесіміз Алмас Манап  Ханчжоудан хабарлайды.

Бокстан жазғы Азия ойындарының жеребесі тартылды

Ашық дерекөз

51 келі салмақта Сәкен Бибосынов 1/16 финалда моңғол боксшысымен кездеседі. Оны жеңсе, Рио Олимпиадасының чемпионы, әлем чемпионы өзбек Хасонбой Дусматовпен кездеседі. Жартылай финалда жапон, әлем чемпионы Томоя Цубоймен жолығуы мүмкін. Ал 57 келіде Махмұд Сабырхан 1/16 финалда кореялық Лиге қарсылас атанды. 63,5 келідегі Ертуған Зейнуллинов Азия чемпионатының 2 мәрте күміс жүлдегері Иордания боксшысы Обада Әл-Касбехқа қарсылас атанды. Ширек финалда өзбекстандағы қандасымыз Руслан Абдуллаев күтуі мүмкін.

71 келі салмақта Капитан Асланбек Шымбергенов бірінші айналымда бос. 1/8 финалда  Қытай немесе Оңтүстік Корея боксшысымен жолығады. Ал ширек финалда Ташкентте 67 келі салмақта әлем чемпионы атанған өзбек Асахуджа Муйдинхужаевпен кездеседі. Оны жеңсе, жапониялық әлем чемпионы Севон Окадзавамен жартылай финалда кездесуі мүмкін. 80 келі салмақта Нұрбек Оралбай 1/8 финалда Қытайдағы этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатқанмен кездеседі. 92 келідегі Сағындық Тоғамбай моңғол боксшымен жұдырықтасады. Аса ауыр салмақта сынға түсетін Қамшыбек Қоңқабаев өзбек Баходир Жалоловпен тек финалда кездесуі мүмкін. Алдымен ол Ресейден кеткен Бахрейн атынан шығатын Д.Латыповпен жолығады.