Еңбек • 24 Қыркүйек, 2023

Екі саусақпен портрет салатын суретші

558 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кәсібилік пен еңбексүйгіштік қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет екендігі Мемлекет басшысының әрбір Жолдауында ерекше айтылады. Абай атамыз «Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе» деген сөзінде «қолдан келсе» деп өнердің өлшеусіз еңбекті қажет ететіндігін ескертеді. Бірнеше жылдан бері елімізде кәсіби мереке ретінде аталып өтетін «Еңбек күні» қарсаңында өнер адамымен сұхбаттасқан едік. Біз сөйлескен азамат осыдан ондаған жыл бұрын кездейсоқ оқиға салдарынан үш саусағынан айырылса да, өнерін дамытып жүр. Екі саусақпен ғана портрет салатын суретші -  Жанболат Бабаков.

Екі саусақпен портрет салатын суретші

– Әңгімеміздің бастамасы ретінде өзіңізді таныстыра кетсеңіз.

– Мен 1990 жылы Қарағанды қаласында тудым. Шет ауданына қарасты Ақадыр кентінде нағашыларымның қолында өстім. Жоғары оқу орнын информатика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, мамандығым бойынша жұмыс істедім, басқа салаларда да бірнеше жыл қызмет атқардым. Қазіргі таңда Қарағанды облысының әкімдігінде техник болып жұмыс істеп жүрмін.

– Өзіңіз туралы сегіз қырлы азамат деп естиміз, гитара аспабымен ән айтасыз және ақындық қабілетіңіз де бар, аталған екі өнермен айналысуыңызға кім түрткі болды және қашан басталды?

– Бірнеше аспаптарда шебер ойнайтын нағашыларым суретшілік, ақындық, әншілік өнерлерді бір бойларына тоғыстырған сан қырлы өнерпаздар, соларға еліктеп, өнерге қызығып өстім. Гитараны мектепте жүргенде үйрендім. Өлеңді студент кезімнен бастап жаздым.

– Мүшәйраларға қатыстыңыз ба, өлеңдеріңіз басылым беттеріне жарияланды ма, кітап шығару жоспарыңызда бар ма?

– Мүшәйраларға қатысып көрмеппін. Өлендерім бұрынырақта Саран қаласының газетіне шығып тұрды, басқа ешбір басылымдарда жарияланған емес. Кейінгі жылдары онға жуық өлеңімді студент жастар мәнерлі нақышта оқып, бейнежазба форматында интернет-кеңістікте аздап таралды. Кітабымды шығару ойымда бар, бірақ нақты уақытын жоспарламаппын. 

Ж. Бабаков.

– Суретші болуға кім себепкер болды әлде бала кезден армандадыңыз ба?

– Бала кезімнен қызыққан әртүрлі өнердің ішінде табиғатыма, бейіміме ең жақыны - сурет салу еді. Суретші болуды бала кезден армандадым. Бірақ сол кездегі түрлі себептерге байланысты суретшіліктің арнайы оқуына түсуге құжат тапсырмаған едім. Бала кезден майталман суретші болғым келетін, әлі де менде сол арман.

Ж.Бабаков. 

– Жанболат, суретпен қай уақытта айналысасыз және сурет салудың қиындығы туралы не айтар едіңіз?

– Сурет салумен күнде айналысуға уақытым бола бермейді. Әр аптаның  демалыс күндері ғана айналысамын. Сурет негізінен портрет, пейзаж, натюрморт, тағы басқа жанрларға бөлінеді, қарындашпен, акварельді бояу, сулы бояу, акрил, гуаш, майлы бояу, тағы басқаларымен салынады. Бұлардың әрқайсының да техникасын меңгеру оңай емес. Сурет салудың өзіндік қиындығы туралы тоқталсам, оған өте сабырлылық керек, шыдамдылық қажет, себебі сурет тез жасалатын дүние емес. Бірақ сурет салуға ғашық адамға қиындыққа соқпайды деп ойлаймын, тек қана шыдамдылық пен суретшінің өз-өзіне сенімділігі қажет.

– Тапсырыстармен жұмыс істейсіз бе? Жалпы, суретшілікпен жан бағуға бола ма?

– Тапсырыстарды сирек қабылдаймын. Өйткені өзімді кәсіби суретшімін деп ойламаймын. Бірақ, жора-жолдастарымның тапсырыстарын жасап тұрамын. Өз басыма суретшілікпен жан бағу қиын, сондықтан басқа салада жұмыс істеп жүрмін. Суретшілікпен жан бағу, бәлкім, адамның бағы мен жолына байланысты болар.

– Көрме өткізу жоспарыңызда бар ма?

– Қазіргі таңда көрмеге жұмыс істеп жатырмын. 2024 жылы Қарағанды қаласында көктемде немесе жазда алғашқы көрмемді өткізу жоспарымда бар.

– Суретшілікке қатысты келешекте қандай армандарыңыз бар?

– Жалпы, осы сурет өнерінде із қалдырғым келеді. Маған ыңғайлы жанр - портрет, яғни, адамдарды салу. Аталған жанрда мен өзіндік бір биігімде қалсам деп армандаймын. Алдағы уақытта сурет салуымды неғұрлым дамытсам деймін.

– Машықтанғаныңыз портрет жанры екен, белгілі адамдардардан кімдерді бейнеледіңіз?

– Көп адамдарды салдым. Танымал жұлдыздардан Виктор Цой, Сергей Бодров, Брюс Ли, Владимир Высоцкий, Аль Пачино, Джеки Чан, өзіміздің ақындардан Жадыра Байбұланова, Мирас Асан, Эльмира Сайлауқызы, т.б. портреттерін салдым.

Ж.Бабаков.

– Сурет өнері қоғамда бағалана ма?

– Бізде Әбілхан Қастееев сияқты атақты суретшілер болды, бірақ солай бола тұра бізде бұл кенжелеп қалған өнер. Қазақ көшпенді халық болғандықтан - айтыскер-ақын халық, ал сурет басқа елдерден келген дүние болғандықтан бізге кішкене жат өнер болып тұр. Бізде суретті қатты түсінеді дей алмаймын, бұл дегеніміз, әрине, суретшілерге қиындау деген сөз. Менің өз көзқарасым, біздің қоғамның сурет өнерін бағалауы 100 пайыз деген өлшем тұрғысының 30 пайыз мөлшерінде ғана. Суретті екінің бірі түсіне бермейді.

– Қазіргі жастар туралы не айтасыз?

– Ойымша, жастардың көзқарасы, талғамы, ойлары заманауи болғандықтан мүлде бөлек деуге болады, маған олардың арман-мақсаттары, талпыныстары ұнайды. Менің байқағаным, бізде өнерлі жастар көп, әншісі, ақыны болсын өсіп келе жатыр. Өкшемізді басып келе жатқан жастардың жолдары болса екен деймін. Қазіргі жастар бізге қарағанда батыл, ширақ, өз ойларын еркін айта алады. Жастар жалпы жаман емес, мен оларға сәттілік тілеймін.