Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Бала буыны қатпай тұрып, бағыт алатын күрделі салалар болады. Роботтехника – соның бірі. Осы саланы ел ішінде дамыту мақсатында Санжар Шалқарбеков «Роботек» мектебін құрды. 2014 жылы негізі қаланған білім ордасы осы күнге дейін 7 мың балаға роботтехника ілімін таныстырған. Демек, ел технологиясы мен өнеркәсібіне үлес қосатын азаматтар қалыптасып келеді деген сөз. 60 қызметкері, 40 серіктес-мектебі бар «Роботектің» директоры Санжар Шалқарбеков шалғайда жатқан елдімекендерге арнап онлайн платформа да жасап шыққан. Robotek.Pro платформасында авторлық әдістеме бойынша жасалған 250 сабақ бар. Санжардың сөзінен байқағанымыз, бұл мектептің мақсаты – балаларды оқыту ғана емес, отандық роботтехниканы дамытып, деңгейін көтеру. «Роботек» оқушылары әлемдік жарыстарға қатысып, 74 жүлделі орын алған. Атап айтар болсақ, АҚШ, Тайланд, Мажарстан, Германия, Панама сынды елдерде көк туымызды желбіреткен.
«Роботекте» жүрген балаларға қарап болашақтың бейнесі елестейді. Бұл балалар балғын шақтарында-ақ ғылымның күрделі тұстарын игеріп, қыр-сырына қанығып жүр.
– Бір сабақтың 30 пайызы роботты құрастыру, қалған 70 пайызы роботты бағдарламалаудан тұрады. Робот – нүкте, нүктені кеңістікте жүргізу үшін қандай формула қолданамыз? Бала осының бәрін түсінуі керек. Біз оқытушыларды сырттан алмаймыз. Мұғалімдерді даярлайтын жобамыз бар, сол жерден іріктеп аламыз. Бұл білім сапасына тікелей әсер етеді. 2016 жылдан бастап 300 мұғалімнің роботтехника бойынша біліктілігін арттырдық, – дейді Санжар Шалқарбеков.
Роботтехника өнертапқыштық, техникалық шығармашылық, конструкторлық және рационализаторлық тынысты ашады. Бала психологиясы интерактивтілікті жақсы көретіні мәлім ғой. Ал «Роботектің» авторлық әдістемесін көрген кезде роботтехниканың математика, физика және алгоритмика сияқты пәндердің бірінші кезеңі екенін ұғындық. Содан осы салада сабақ беріп жүрген Нұрдос Сейілғазыны сөзге тарттық.
– Робот құрастырумен айналысатын баланың зейіні ашылып, дәлдік пен тәртіпке үйренеді. Ең бастысы, командада үйлесімді жұмыс істей бастайды. Бала алдымен жобаны әзірлеу сатысына қатысып, содан кейін барып бөлшектердің барлығын құрастыруға дейін жетеді. Бұл қарапайым істі үздіксіз жасау арқылы жақсы нәтижеге жету мүмкіндігін ұсынады. Аталған сала ғылымның барлық заңы электроника, механика, телемеханика, мехатроника, информатика, радиотехника, электротехникамен тығыз байланысты. Роботтехниканың біз үйрететін негізгі іргетасы өнеркәсіптік, құрылыс, медициналық, ғарыштық, әскери, суасты, авиациялық және тұрмыстық роботтехникаға бастайды, – дейді Нұрдос Сейілғазы.
Мектеп ішін бір шолып шығып, балаларға барынша жағдай жасалғанын көрдік. Жөн-ақ. «Роботек» әкімшілігі баланың зейіні ашылып, басына білім қону үшін барынша жағдай жасау керек екенін түсінген. Расында, ғылым-білімнің тасы өрге домалау үшін көлеңкелі тұстарына жарық түсуі керек. Роботтехникаға байланысты білім саласында бірқатар мәселе бар. Кейбір мектептерде роботтехника сыныбы мен құралдары бар болса да, білікті мұғалім жоқ. Ал мұғалімі бар мектептің сыныбы мен құралы жетіспейді. Информатикадан сабақ беретін кез келген мұғалім роботтехникадан сабақ бере алмайды. Тағы бір мәселе, арнайы сыныбы мен құралдары бар мектептерде роботтехникаға бөлінетін сағат жоқ. Кабинеттерді шаң басып тұр. Мұның бәрі – жүйесіздіктің салдары. Иә, айта берсек ауқымы кең тақырып. Бұл енді дербес мақаланың арқауы.
Сабақ өтіп жатқан сыныпқа жеткенше «Роботектің» директоры Санжар Шалқарбеков «Роботтехника – баланы дамытатын маңызды бағыт» деген пікір айтты. Шынымен де, осы маңызды бағыт дамып, балалар құлтемірді құрастырып қана қоймай, әрі қарай өздері бағдарлама жазып, 3D форматта басып шығаруды, графикалық бағдарламаларды, ардуиноны (электронды құрылғыларды жылдам әзірлеуге арналған ыңғайлы платформа) үйренсе жақсы-ақ. Кейінгі төрт жылда 39 мамандандырылған IT-лицей ашылды. Онда 50 мыңнан астам оқушы оқып жатыр. Десе де, роботтехника және ІТ бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру қажет. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағанбетов министр болып тұрған шағында «Әр мектептен кем дегенде бір мұғалімді роботтехникаға қатысты арнайы курстармен қамтуымыз керек» деп бұл салаға көңіл бөлген еді.
– Мектептерді жабдықтаудың минималды стандарттарын дайындап, осы талаптарға роботтехника кабинеттерін қостық. Енді мұндай құрал-жабдықтардың болуы барлық орта білім беру ұйымы үшін міндетті талапқа айналды. Бұл жағдайда мынадай мәселелерді есте ұстау қажет. Мысалы, роботтехника құралдары толық пайдаланылмайтын ұйымдар бар. Сондай-ақ жиынтықтарды жаңарту, қосымша бөлшектерді, шығын материалдарын сатып алуды қажет ететін ұйымдар бар. Бірақ білім берудің барлық бөлімі мен басқармасы бұл жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмаған, – деп сындарлы пікір де айтқан еді экс-министр.
Оқу-ағарту министрлігінің былтырғы дерегіне зер салсақ, осы жылдан бастап роботтехника бойынша балаларға арналған үйірмелер мен секцияларға жергілікті бюджеттерден мемлекеттік тапсырыстарды орналастырады. Балалар қазына есебінен жекеменшік орталықтарда роботтехниканы тегін оқиды деген жоспарларын да айтқан-ды. Егер бұл жоспарлар жүйелі түрде жүзеге асса, роботтехника саласында тереземіз өзге елдермен теңесер еді.
Осы саланың қыр-сырына қанық Санжар Шалқарбеков бұл жайында «Біз оқушыларды дүниежүзілік олимпиадаларға даярлаймыз, қатысып та жүрміз. Әлбетте, роботтехника саласы бойынша біздің елдің деңгейін дамыған шет мемлекеттермен салыстыруға келмейді. Жапония, Малайзия сынды елдер білікті құраммен келеді. Олармен теңесу үшін біздің елдегі роботтехниктердің деңгейін көтеру керек. Сол себепті біз өзіміз құрастырған тиімді әдістемеден бейне сабақтар түсіріп, платформа жасадық. Бір жағынан, бұл оқу үдерісін автоматтандырады. Себебі роботтехникада тәжірибелік сабақ көбірек керек. Ал бір мұғалім бірнеше балаға үйретіп үлгермейді», деді.
Бұл бағытта өзге де мәселелер бар. Мысалы, Art Sport бағдарламасында роботтехника қарастырылмаған. Себебі роботтехника Art-қа да, спортқа да жатпайды. Сол себепті бұған қатысты жақсы бастамалар ескерусіз қалатын сәттер көп. Ғылым мен өнеркәсіптің ортасына алтын көпір болып отырған «Роботек» сынды жобалар қолдау таппай жатады.
«Роботек» мектебінің ішкі-сыртқы жұмысына қанығып, бір нәрсені аңғардық. Кабинеттер 4-5 балаға ғана арналып жасалған. Мұғалімдердің айтуынша, сабаққа қатысатын оқушылар саны аз болған сайын, тақырып кеңінен ашылып, толық түсіндіріледі. Себебі роботтехникада теория емес, практикаға көбірек ынта қою маңызды. Ұсақ-түйек жұмысы да көп болып көрінді бізге. Содан Lego Mindstorms EV3 негізінде құлтемірлерді жобалау сабағына кірдік. Оқушылар бір жыл ішінде жоспарлы бағдарламадан өтеді. Lego WeDo 1.0 жиынтығына негізделген ең қарапайым деңгейден күрделі деңгейге дейін жетуі керек. Жалпы, 7 жылдық деңгей әзірленген. Оқу бағдарламасы оқу сыныбына, оның материалды игеру дайындығына байланысты таңдалады.
Сабаққа қатысып отырған балалар арасынан әлемдік жарыстардан жүлделі орын алған жеңімпаздарды да кездестірдік. Осыдан бірер күн бұрын Астанада PRO іс-шаралары аясында First Global Challenge 2023 турнирінің республикалық финалы өтті. Сол финалда жаңа роботтехникалық платформа Rev Robotics-ті қолданып, «Роботек» командасы дебют жасаған. Команданың жаттықтырушысы – Денис Тен, қатысушылар – Алдияр Разақ, Олег Корчагин, Мейіржан Таздарбай, Әли Омарғалиев. Олар 120 команда қатысқан жарыстан 4-орын алған. Бұл осы құрам үшін өте жақсы нәтиже.
– Турнирден мол практикалық тәжірибе алдық. Алдағы жарыстарда роботтарды қалай құру керектігі туралы таным-түсінігімізді тереңдеттік. Біз осы бағытта дамуды жалғастырамыз және First Tech Challenge санатындағы жарыстарға қатысуға ниеттіміз. Бағдарламалау да, роботтарды жинау да қызықты. Әлемдік нарықта сұранысқа ие роботтехника инженерлері атансақ деген асқақ арманымыз бар. Мақсатым – «Қазақстан роботтехнигі» жаһандық брендін құру», – дейді роботтехникаға жанымен берілген Әли Омарғалиев.
Халықаралық роботтехника федерациясы жыл сайын әр түрлі елдердегі өнеркәсіптің роботтандыру деңгейін бақылайды. Кейбір дамыған елдердің өнеркәсіптерінде роботтандырудың үлесі жоғары. Мысалы, Оңтүстік Корея, Сингапур ең жоғары көрсеткіштерге ие, мұнда 10 мың жұмысшыға 1 мыңнан астам өндірістік робот орнатылған. Өнеркәсіптік роботтехниканың пайда болуы көптеген өндіріс саласында автоматтандыру толқынын тудырды. Өнеркәсіптік роботтарды белсенді қолданатын мемлекеттердің өнімділігі арта түсті. Ал біздегі пайыздық көрсеткіштер әлі де төмен. Бұл мәселені роботтехникаға көңіл бөліп, дамыту арқылы шешуге болады, – дейді Санжар Шалқарбеков. «Ауыр жұмыстарда адамдар емес, роботтардың тұрғаны тиімді. Ал адамдар көбіне ми еңбегі қажет салаларға ойысуы керек. Мысалы, Кореяда дәнекерлеуші роботтар бар. Деректерге сүйенсек, 3 тәжірбиелі маманды 1 робот алмастыра алады. Бұл бір жағынан үдерісті жеделдетіп, өнімді арттырады. Одан кейін адами капиталды сақтайды», дейді ол.
«Роботек» мектебінен шығып бара жатып, Мемлекет басшысының сөзі есімізге түсті. «Бұл – бізге мойын бұруға мұрша бермей, заманауи технологиялар жетектеп апара жатқан мүлдем жаңа әлем. Ол жарқын келешек пе, бұлыңғыр болашақ па? Келешек ұрпаққа не қалдырамыз? Бұл біздің инженерлердің, IT- мамандарының, экономистердің, әсіресе, саясаткерлердің жұмылған күш-жігеріне байланысты», деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал осы сөзге амал етіп жатқан жандардың еңбегінің нәтижесін уақыт көрсетер.
Көзбен көріп қайтқанымыз – осы. Көңілге түйгеніміз де көп.