Өндіріс • 24 Қыркүйек, 2023

Мемлекеттік қолдау дем беріп...

206 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шағын және орта бизнеспен айналысып, кәсібін дөңгелетіп отырғандармен жұмыс жайлы тілдесе қалсаңыз, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың жақсылық жағын көбірек тілге тиек етеді. Демек, кез-келген бизнестің сәтімен сабақталуы қолдауға байланысты екен...

Мемлекеттік қолдау дем беріп...

Қолдау бар да, ойға алған шаруаны іске асыру бар. Бүгінде өңірдегі кәсіпкерлер бәз-баяғы кездегідей аса көп қаржы тап­шылығын сезініп отырған жоқ. Оған «Даму» қорының жеңілдікпен берілетін не­сиелері себепші. Алдағы уақытта да сенімді серіктестік ретінде күш біріктіріп, қуаттарын еселеп жұмыс істейтін болса, табыс көлемі артып, жұмысшылардың жалақысы көбейіп, жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Ең маңыздысы да осы. «Екі қолға бір күрек» табылып, еткен ең­бектері жанып жатса, әлеуметтік шиеленіс те орын алмас еді. Сенімді серіктестік өн­діріс қуатын арттыруға немесе жаңадан кәсіп ашуға жол ашып отыр. «Даму» қо­рының бағдарламаларына қатысқан, бұл күнде тәп-тәуір табыс тауып отырған кәсіп­керлердің ой-пікірін білмек болып ұйымдастырылған баспасөз туры барысында бірқатар жақсы жайттың куәсі болдық. Кәсіпорын басшылары несие беру барысындағы өздеріне тиімді жеңілдіктерді пайдалануда кедергілер жоқ екендігін айтып отыр. Қормен өзара бірлескен іс-қимылдың арқасында жақсы тәжірибе қалыптасыпты. Осы арада сө­зімізге нақты мысал келтіре кетелік. Облыс орталығындағы сонау 1965 жылдан бері сүт өңдеумен айналысып келе жатқан «Гормолзавод» кәсіпорны 2017 жылдан бастап қормен іскерлік қарым-қатынас орнатқан. Жеңілдетілген қаржыландырудың арқасында серіктестік өздеріне қажетті қазіргі заманғы құрал-жабдықтарды алуға қол жеткізген. Осы бір ұмтылыстың арқасында серіктестік өндіретін өнім сапасы жақсарып, түрлері көбейе түскен. Бүгінгі таңда жұмысы алға басып, сапалы өнімдерімен аты шыққан кәсіпорын сүт өнімдерін өңдеу көлемін молайта түскен.

сми

– Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың арқасында еңсеміз көтеріліп келе жатыр, – дейді кәсіпорын директоры Ерсайын Жақсылықов. – Тиімді бағдарламалар аясында қажетті құрал-жабдықтарды жаңартудың сәті түсті. Мүмкіндік болғаннан кейін желілерді жаңғыртып, жұмыс ырғағын ширата түстік. Нәтижесінде, сүт өнімдерін өңдеу оң жолға қойылып, халыққа қолжетімді, сұранысқа ие өнімдерді ұсынудамыз. Оның үстіне жаңа жұмыс орындары да ашылып жатыр. Ендігі арада еліміздің нары­ғында өзіміздің лайықты орнымыз үшін күресеміз. Біз Астананы азық-түлікпен қамтамасыз ететін белдеуде болғандықтан, облыс орталығын ғана емес, елорданы және оның іргесіндегі аудандарды да өз өнімдерімізбен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Ал 2021-2025 жыл­дарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық бағдарлама туралы кәсіпкер ретінде пікір білдірсем, бұл жобаның өте тиімді екендігін өзіміз көріп отырғандығымызды айтар едім.

Елордада серіктестіктің халыққа таны­мал, сапалы өнімдерін сататын 8 дүкен жұмыс істейді. Осы айдың соңында тағы екеуі ашылмақ. Ал облыс орталығында 17 сауда нысаны үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жұмыс ауқымы ұлғайған сайын кәсіпорынның пайдасы елдегі малдың сүмесімен күн көретін ағайынға да тиіп отыр. Олар облыс орталығына жақын орналасқан бірнеше ауылдардан сүт сатып алады. Ауыл тұрғындары өздерінің өсіріп отырған төрт түлігінің пайдасын көреді.

«Master drive» техникалық қызмет көрсету стансасы үстіміздегі жылы авто­­кө­ліктерді жөндеумен айналысатын автокешеннің жалғасы ретінде ашылды. Ерлі-зайыпты Ирина мен Дмитрий Омельяндар өз кәсіптерін кеңейтіп, жаңа мүмкіндікке ие болды. 2021 жылы «Forte Bank» акционерлік қоғамынан несие алған еді. Несиені «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында «Даму» қоры субсидиялады. Кәсіпкер Дмитрий Омельянның айтуына қарағанда, олар­дың отбасылық шаруасының дамуы, қыз­­мет көрсету түрінің көбеюі, ең алды­мен, мем­лекет тарапынан көрсетіліп отыр­ған жанды қамқорлықтың, қолдаудың арқасы.

апв

– Егер дәл осындай қолдау болмаса, біздің жұмысымыз бүгінгідей нәтижелі болмауы да мүмкін, – дейді Дмитрий Омельян. – Бәлкім бұрынғысынша күйбең тірлікпен күн өткізуіміз ғажап емес еді. Шаруа барысында айрықша қуат беріп, алға жетелеп отырған  қамқорлығы – мол қолдау. Қазіргі күні өз ісін жаңа­дан бастамақ болып, ұмтылып жүрген адамдарға мен «Даму» қорының қолдауына жүгініңдер деген кеңес беремін. Бұл жай сөз емес, өзіміз көріп, нәтижесін сезініп отырмыз. Сабақты ине сәтімен дегендей, қолдаудың қайтарымы да бар екенін айта кетейік. Бірдің ісі берекелі болса, ырыздығын ондаған адам көреді. Мәселен, біз осы қолдаудың арқасында 36 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз еттік. Демек, 36 отбасының ырыздық табуына септігіміз тиді деп айтуымызға болады ғой. Бір жақсы жері берілген өтінімді қарастырудан бастап қарыз алуға дейінгі рәсім өте жылдам. Бұрынғымен еш салыстыруға келмейді. Біз осылайша 70 миллион теңге несие алсақ, пайыздық мөлшерлеме субсидияланып отыр. Өзіңіз ойлап қараңызшы, жылдық өсім небәрі 6-ақ пайызды құрайды.

Бизнестің берекелі болуы жалғыз қаражатқа байланысты емес екен. Ойға алған шаруаңды оңтайлы атқару үшін өз жұмысын жете білетін жұмысшы бо­луы керек. Бұл тарапта қолбайлау болып отырған кедергі бар. Мәселен, авто­электриктердің жоқтығы. Оның ішінде бесаспап маман өз кәсібін жетік білетін адам қазір қасқалдақтың қанындай тапшы.

– Колледжді бітіріп келген балалардың көбі кәсіби жағынан әлі шикі, – дейді кәсіпкер. – Сондықтан бұл орайдағы жұмысты жетілдіру керек. Білім сапасын жақсарту керек. Жалғыз маған ғана емес, жалпыға керек дүние. Мүмкін білім ошақтары түлектерімен жүйелі жұмыс жүргізіп, қандай мамандықтардың сұранысқа ие екендігін саналарына сіңіру керек пе? Мәселен, біз колледж түлектерін қайтадан оқытамыз, қайтадан даярлаймыз. Айталып келген оқу орнының жұмысын өзіміз істеп, уақытымызды өткеріп, қара­жатымызды шығындап отырмыз ғой.

«СВеГА» тігін цехы жиырма жылдан бері кәсіпорындар үшін арнайы киім, форма тігеді. Кәсіпорын басшысы Галина Плотникова – кәсіби технолог, әрі тігін бұйымдарының дизайнері. 2001 жылдың қыркүйегінде тігін кәсіпорнын ұйымдастырып, қажетті ғимаратты жалға алған болатын.

2020 жылы «Еңбек» нәтижелі жұ­мыспен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде несие алған. Несиеге алған қаражатқа заманауи тігін техникаларын алып, жұмысын жолға қойды. «Даму» қоры «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында субсидиялады. Сыйақы мөлшерлемесі бұрынғы жылдық 19,5 пайыздан 6 пайызға төмендеді.

– Қазіргі уақытта қалыпты арнаға түстік. Өзіміздің тұрақты сатып алушыла­рымыз бар. Облыстың барлық медициналық меке­мелеріне сапалы қызмет көрсетеміз, – дейді Галина Плотникова. – Мемлекеттік тапсырыс бойынша да жұмыс істейміз. Шынын айтқанда, мемлекеттік қолдаудың арқасында еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік туып отыр.

Өңірде мемлекет пен бизнестің іскерлік әрі нәтижелі жұмыс істеуінің арқасында шағын және орта бизнес тәп-тәуір дамып келеді. Пікірімізді нақты деректермен тірілте кетелік. Мәселен, 3 809 кәсіпкерлік жобаға 272,58 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілген екен. Аз қаржы емес. Нәтижесі де көңіл көншітерліктей.

 

Көкшетау