Еңбек • 24 Қыркүйек, 2023

Орманшылар әулеті

586 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сембай Жәнібеков 1911 жылы дүниеге келген. Туғаннан тағдыр тезіне ілігіп, дүние есігін енді ғана ашқанында анасы өмірден өткен. Әз ана жаны қиналып жатып өмірінің соңғы сағатында жаңа туған Сембайды күйеуі Қазыбектің ағасы Жәнібектің Азықан деген ұлының жас түскен келіншегі Кәменге «сүйегі – менікі, еті – сенікі», құдай алдында сұрауы жоқ, сен бағып өсір деп өз қолымен тапсырып кетеді. Сөйтіп, Сембай ағамыз осы отбасында өсіп, тегін Жәнібеков деп жаздырған.

Орманшылар әулеті

Жасынан пысық, алғыр, ең­бекқор болып өскен жігіт 1941 жылы жұрт қатарлы майданға аттанады. Айта кететін жайт, туған әкесі Қазыбектің бұдан басқа Қозыбай, Кенжебай, Есілбай деген үш ұлы да соғысқа бірге алынады. Тек ең үлкендері, жасы сол кезде 45-тен асқан Қазыбай ғана еңбек армиясына жіберіледі. Толарсақтан саз кешіп, қан майданның ортасында болған Қазыбек ақсақалдың төрт ұлы да майданнан аман келеді. Соның ішінде қос балдақпен орал­ған Есілбай Қазыбеков барлау­шылар ротасының командирі, капитан шенімен кеудесіне төрт орден қадап оралған. Осы ағамыз 60-жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») га­зе­тінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тіл­шісі болып істеген. Оның есімі еге­мен­дік­тер­дің 2004 жылға дейін қызмет істегендерінің қатарында «Жәдігер» атты жинақта да тұр («Жәдігер», Алматы., 2004, 268-б).

«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей, Сембай ағамыз соғыстан аяқ-қо­лы бүтін, аман оралады. Ол кезде Власов армиясында болған қа­тардағы жауынгерлерге кешірім жа­салып, елге қайтарған екен. Алай­да Сембай ағамызды Отан соғысына қатысушы деп ешкім құр­меттеген жоқ, мерекелік мед­аль­­дардан да ол үнемі қағылып отыр­ды. Бірақ ағамыз бұған мойы­ма­ған, өзінің пысықтығының, тың­­­­ғылықтылығының арқасын­да ұжым­­шардың есепшісі сияқты ­қыз­­меттер атқарады. Ал 1956 жыл­дан бастап ол «Мальцев» орман шаруа­шылығының учаскесіне ор­маншы болып орналасады.

Ауыл арасында бұл кәсіп құр­метті. Өйткені оған ісі түспейтін жан жоқ. Солтүстікте халық же­ті ай бойы от жағады. Орман мол бол­ған­дық­тан 7-8 текше метр­ден отын сатып алып, оны кесіп, жарып, үйіп алады. Сол отынның бәрін бере­тін, қай жерден кесуді көрсететін – орманшы. Орманшының рұқсатын­сыз ешкім ағаш кесе алмайды.

Ал Сембай ағамыз 1956 жылдан зейнет демалысына іліккен 1972 жылға дейін шашасына шаң жұқтырмай өз ісіне адал болып, «Үздік орманшы» төсбелгісін, «Ардагер» медалін, ондаған грамоталар алып абыройлы болды. Қанша құрмет көрсетіп, қаншама сый-сияпат жасауға тырысқандар болса да, еш нәрсеге ауытқымай, өзінің міндетін ешқашан ұмытпай, ісіне адал болды.

Орманшының міндеті – ха­лыққа отын беру ғана емес. Ол – мем­лекеттің орман қорына жататын барлық өскіннің жақсы өсіп, қорғалуына жауап беретін адам. Сондықтан да өкімет орман­шыға арнаулы форма, астына ат және мылтық та береді. Бел­гілі уақыттарда ол орман ша­руа­­шылығының күшімен өз учас­кесіндегі арнайы жерлерге ағаш отырғызады. Оның өскенін қада­ғалап, қорғап, аттан түспейді. Ор­манды ұрлап кесушілерден ғана емес, өрттен, судан, түрлі өсімдік ауруы мен зиянды жәндіктен қор­ғауды да ұйымдастырады.

Жылына бірнеше рет орман шаруашылығының құрамын­да­ғы учаскелерден кесілетін ағаш­тар («делян») белгіленеді. Осы үде­ріс­тің өзі қызық болатын. Қолда­рында балтасы бар 4-5 орманшы кесуге тиісті ағаштарға балтамен бір жанып белгі салады, ал артында жүретін жас балалар оған бояу жағады. «Делянға» шығарылған ағашты құрылысқа қолдануға жарамдылығына қарай «16 осины пол деловой», «24 береза деловой» деген сияқты айғайлармен арттарында келе жатқан бригадирге айтып отырады. Ал ол бәрін қағазға түсіріп, артынан осы сандарды қосып, мына орманнан 400 немесе 500 текше метр отын шығарылсын деген қорытынды шығарылып, оны халыққа сатады. Ал келесі жылы бұл орманға сонша текше метр қалпына келтірілсін деген бұй­рық беріліп, жаңа көшеттер егіледі. Осы жұмыстың өзі де оңай емес.

Бұдан басқа тазалау деген де бір жұмыс болады. Бұл – тым қа­лың болып, қаптап өсіп, орманды ит тұмсығы батпайтын қалың нуға айналдырып жіберетін артық кеткен өскіндерден тазалау жұмысы. Жас өскіндерді халық қораның тө­бесін жабуға сырғауыл ету үшін, аулаға шарбақ тоқу үшін са­тып алады. Жел құлатқан, дауыл сын­дырған ағаштар да есепте болады. Олар да тиісті көлемде халыққа сатылып, орман іші тазаланады.

Міне, орманшылықтың осындай және басқа да жұмысы көп болады. Оны атқарған адам жоғарыда айтқанымыздай міндетіне адал болуымен қатар орманға жанашыр, халыққа әділ болуы керек. Әйтпесе жұртқа жақпай, он­дай­ларға жала жабушылар, мін тағу­шылар да көп кездеседі.

Сембай ағамыз ешкімнің кері сөйлеуіне мұрсат бермей, ай­тыл­ған қасиеттердің бәрін көрсете біл­ді. Сонымен бірге оның халыққа жанашырлықпен қарайтын қасиет­тері де зор болды. Егер біреулер әлдебір себеппен қысқы отынын дер кезінде ала алмай қал­са немесе жағдайы төмендігінен кеші­­гіп жүрсе, ондай отбасылардың мұқ­таждығын түсініп, «делянның» бері­летін уақытының өткеніне қа­рамай, кеш болса да солар үшін орманға барып, ағаш беріп жататын. Осындай адамгершілік қырлары үшін халық оны қатты сыйлады.

1972 жылы Сембай Жәнібеков зейнет демалысына шығып, орнын баласы Әскерге берді. Бұл азамат та әкесінің жолын қуып, орманды сақтап, халықпен де жақсы жұмыс істеп жүрген еді. Өзі керемет ширақ, шапшаң кісі болатын. Астына ат мінсе, тұра шабуға, мотоцикл, машина мінсе, ызғыта жөнелуге дайын тұратын. Жеңгелері де оған «Ызғыт» деген ат қойған. 1975 жылы кезекті делян шығару жұмысынан жеті түнде үйіне келе жатып, мотоциклімен апатқа ұшырап, қатты жараланып, содан оңалмай 33 жасында дүниеден өтті...

Орман шаруашылығының басшылары лайықты қызметкер таба алмай, Сембай ағамызды қайта­дан жұмысқа шақырады. Қайғы­дан қан жұтып жүрсе де, ағамыз өзінің сүйікті ісіне қайтадан оралды. Сөйтіп, кенже ұлы Бақтыбай әскерден келгенше өз қызметін атқарды.

Бақтыбай да пысық, елгезек азамат еді. Ол әкесінен де асып, сырттай орман шаруашылығы техникумын да бітіріп, бірнеше жылдан кейін орман шаруашылығының аға орманшысы болды. Ал учаске­лік орманшылықты туған ағасы Бақытқа берді. Сөйтіп, 1984 жылдан 1998 жылы өмірден өткен­ше Бақыт учаскенің орманшы­сы болды. Ал Бақтыбай үзіліс­сіз аға орманшылықты атқара берді. Ормандар жеке адамдардың бас­қаруына беріліп жатқан жылдар­дан ол өзіне тиісті учаскені басқа­ру­ға алды. Әке көріп, орман ара­лау­мен өсіп, табиғатты аялауға құмар болған ол өмірінің соңы­на дейін ісіне адал болып, 2023 жы­лы бейдауа дерттен өмірден өтті. Қазір оның ісін баласы Еренғайып жалғастырып жүр.

Міне сөйтіп, «орманшылар әулеті» атанған бір шаңырақтан шыққан Сембай Жәнібеков мен оның балалары Әскер, Бақыт, Бақтыбай және Еренғайыптың еңбегін өңір халқы ризашылықпен айтып отырады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы