Атап айтқанда, мұхиттың арғы бетінде Қазақстанның төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі Сыртқы істер министрлерінің бейресми кеңесі өтіп, жиынға Азия Кеңесі мүше мемлекеттерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары қатысты. Кездесудің басты назары 2022 жылы қазанда Астанада өткен АӨСШК 6-шы саммитінің шешімдерін іске асыру мәселесіне бағытталды.
Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу саммитте қабылданған Астана декларациясының маңызына тоқталды. Құжат Азия кеңесін толыққанды халықаралық ұйымға трансформациялауды іске қосуға бағытталған атап өтті. Мүше мемлекеттерге еліміздің бастамасын қолдағаны үшін алғысын білдірді.
Жиында Азия кеңесін одан әрі институционалдық дамыту, сенім шараларын іске асыру бойынша туралы талқыланды. Сыртқы істер министрлерінің кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Азия кеңесін трансформациялау жөніндегі Жол картасы қабылданды. Сондай-ақ АӨСШК Сыртқы істер министрлері кеңесінің Тұрақты даму үшін волонтерлік қызметті ілгерілету жөніндегі мәлімдемесі жасалды. Азия кеңесі Бас хатшысының жаңа орынбасарының кандидатурасы бекітілді.
Бұдан бөлек, Сыртқы істер министрі М.Нұртілеу Ислам ынтымақтастығы ұйымының Сыртқы істер министрлерінің үйлестіру кездесуіне қатысты. Іс-шара барысында Ұйымға 57 мүше-мемлекеттің делегацияларының басшылары ислам әлеміне қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Ұйым шеңберінде ынтымақтастықты нығайту жолдарын қарастырды.
Қазақстан СІМ басшысы өз сөзінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі толеранттылық пен конфессияаралық келісім идеяларын ілгерілетуге қосқан үлесіне назар аударды. Таяу Шығыс бейбітшілік үдерісіне жәрдемдесудің және Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандырудың маңызына тоқталды. Қазақстанның жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жәрдемдесе беретінін жеткізді.
«Біз ұйымымыздың бірегей географиялық артықшылықтарын тиімді пайдалануымыз және мультимодальды көлік байланыстарын нығайтуымыз қажет. Бұл ИЫҰ елдерінің экономикасының дамуына айтарлықтай серпін береді», деді М.Нұртілеу.
Іс-шарада еліміздің бастамаларына екпін берілді. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының қызметіне, биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті және ғылым мен технологиялар саласындағы «ИЫҰ-15» диалог платформасын құруға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар Сыртқы істер министрі М.Нұртілеудің төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезектен тыс отырысы өтті. Тараптар Ұйымды дамыту, оның әлеуетін жетілдіру перспективаларын, сондай-ақ өзекті халықаралық және өңірлік проблемалар тұрғысынан ШЫҰ - БҰҰ өзара іс-қимылын тереңдету мәселелерін талқылады.
Қазақстан СІМ басшысы Ұйымның қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіндегі мәртебесін одан әрі нығайтудың маңызын атап өтті. Қазақстанның ШЫҰ төрағасы ретінде тараптардың бірлескен күш-жігерін Шанхай ұйымының қызметін жетілдіруге дайын екенін жеткізді. Өзара іс-қимылдың барлық бағыттары – қауіпсіздік, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды теңгерімді дамытуға әзірлігін білдірді.
«Қазіргі жағдайда бізге заманауи қауіп-қатерлерге тиімді жауап бере алатын мобильді ұйым қажет. Шанхай ұйымының әлеуетін пайдалануға жаңа көзқарас қажет», деді М.Нұртілеу.
Делегация басшылары Ұйымға БҰҰ Бас Ассамблеясы жанындағы байқаушы мәртебесін берудің 20 жылдығы қарсаңында ШЫҰ мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге шығару қажеттігін қолдады.