Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2023

Егемендік – айбарлы ұғым

418 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Егемен болмай, ел болмас» деп ата-бабаларымыз армандап айтып кеткен егемен­дікке қол жеткізіп, әлемнің саяси картасынан ойып орын алған мемлекет құру ба­қыты бізге бұйырды. Бүгінгі ұрпақ елдіктің айбарын сезініп, қай істе де жауапты болуы маңызды.

Егемендік – айбарлы ұғым

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Осы орайда мемлекеттік егемендік пен мемлекеттік тәуелсіздік бір-бірімен ажырағысыз байланысты ұғымдар екенін айтқан жөн. Уики­педияда және саяси сөздіктерде фран­цуздың «souveraineté» сөзінен аударыл­ған егемендік ұғымы мем­­лекет­тің сыртқы істердегі тәуел­сіз­діг­ін және мемлекеттік биліктің ішкі істер­дегі үстемдігін білдіретіні, сон­дай-ақ сая­си тұрғыдан алғанда, тәуел­сіздік сырт­қы қатынастарда мем­ле­кеттің егемен­дігі­нің міндетті бір бөлігі болып санала­тыны, ал ішкі қаты­нас­тарда билік тармақ­тары­ның бөлі­нуін білдіретіні атап көр­сетіл­ген. Яғни мемлекеттік егемен­дік ұғы­мы мемлекеттік тәуелсіздік ұғымы­мен са­лыс­тырғанда әлдеқайда кең де маңызды.

Өткен ғасырдың сексенінші-тоқса­нын­шы жылдарында ұлттық құрамын­дағы қазақ халқының үлес салмағы 40 па­йыз ғана болған, ал солтүстік өңір­лерінде ұлтсыздандыру саясаты ерекше екпінмен жүргізілген біздің ел үшін 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған «Қазақ Совет­тік Социалистік Респуб­ликасының мем­ле­кеттік егемендігі туралы» Дек­лара­цияның мәні ерекше. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Рес­пуб­лика күніне орай Ақордада болған сал­танатты жиында: «Егемендік декларация­сын халықтың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі деуге болады. Әрине, мұндай қадамға бару оңай бол­ған жоқ. Еліміздің сол кездегі саяси-әлеу­мет­тік және демо­графиялық ахуалы тұр­ғы­­сы­нан қарасақ, бұл өте батыл әрекет болатын. 

Егемендік декларациясы – тәуе­кел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Осы тарихи құжаттың әсері көп ұзамай байқала бастады. Біз қоғамның іргетасын жаңартып, жаңа белестерге ұмтылдық. Қазақстан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болуға бағыт ұстады. Ұлы Абай айтқандай, «ақырын жүріп, анық баса» отырып, ешқандай дүрбелеңсіз тәуел­­с­іздікке қол жеткіздік», деген пайы­м­ы сол кездегі өмір шындығынан туындаған.

ва

ТМД елдері – Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрік­менстан, Молдова 1989-1990 жыл­дары өздерінің мемлекеттік егемен­дігі туралы декларация қабыл­да­ғанымен, осы тарихи маңызды құ­жат жария етілген күндерді мерекелер тізбесіне енгізген жоқ. Тек 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздік туралы ресми құжаттар қабылданған күн­дерді Тәуелсіздік күні ұлттық немесе мемлекеттік мерекесі ретінде атап өтеді.

Кеңес одағының құрамындағы одақ­­тас республикалардың «егемендік шеруін» Балтық жағалауы мемлекеттері бас­­­та­ғаны белгілі. Тас құрсауды бұзу әре­кетін бірінші болып Эстония жасап, 1988 жылғы 16 қарашада өзінің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясын жария­лады. 1989 жылғы 26 мамырда Литва, 28 шілдеде Латвия осындай саяси құжат қабылдады. Алайда аталған мемлекеттер де өз егемендігін жариялаған күндерді мерекелемейді. Тек өз мемлекеттерінің құрылған және тәуелсіздігін қалпына келтірген күндерді мемлекеттік мерекелер ретінде жыл сайын атап өтеді.

Одақтас республикалардың «еге­мен­­дік шеруі» біздің елдегі қоғам­дық-саяси жағдайға елеулі әсерін тигізгені анық. Мемлекеттік егемендікті жариялауды талап етушілер қатары қалыңдап, қоғамдық қозғалыстар 1990 жылғы қазан айында аса белсенділік танытты. Олар сол кездегі республика астанасы – Алматы қаласындағы Жоғарғы Кеңес ғимаратының жанында саяси митингілер өткізді. Пикет ұйымдастырып, аштық жариялаған жастар да болғаны жадымызда. Кей өңірлерде казачествоның бас көтеруі де халқымыздың  наразылығын туғызып, әсіресе жастардың ұлттық сана-сезімін оятып, егемендік идеясы төңірегінде ұйыстыра түсті.

Шын мәнінде, егемендік декла­рация­сы кеңес одағының іргесі шайқалып, күйреудің алдында тұрған алмағайып кезеңде еліміздің алдағы даму жолын дербес белгілеуіне мүмкіндік берген ал­ғашқы саяси құжат болды. Оның қағи­даттары негізінде 1991 жылғы 16 жел­тоқсанда «Қазақ­стан Респуб­лика­сының мемле­кеттік тәуелсіздігі туралы» Конс­титуциялық заң қабылданды.

Егемендік декларациясын қабылдау оңай болмағаны да мәлім. Оның негізгі жобасы және Жоғарғы Кеңесте құрыл­ған «Демократиялық Қазақстан» депу­тат­тық тобы ұсынған баламалы жоба рес­публикалық баспасөзде жарияланып, қоғам­да қызу пікірталас тудырды. Бұл құжат­тар он екінші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің екінші сессиясында, 1990 жылғы 15-16 қазанда кеңі­нен талқыланды. «Демократиялық Қазақ­стан» тобы ұсынған жоба авторлары біздің көп этносты елде ұлттық респуб­ликаның орнына азаматтық қоғам құрылуға тиіс деген ұстанымда болды. Депутат Сұл­тан Сартаев оларға қарсы уәж айтып: «Ұлт­тық мемлекет азамат­тық қоғамға, яғни құқықтық мемлекетке қай­шы кел­мейді. Мәселен, Англия – кұқық­тық мем­лекет. Алайда ол – ағылшын­дардың ұлт­тық мемлекеті. Сондай-ақ Франция, Испа­ния, Жапония және басқа көп­теген ұлт­тық негіздегі құқық­тық мем­ле­кеттерді мысал­ға келтіруге болады. Біз де осы мемле­кет­тердің үлгісінде өзі­міз­дің егеменді, ұлт­тық республикамыз­ды дамытып, көр­кейтеміз», дегені есімізде.

Декларация жобаларын екі күн бойы қызылкеңірдек болып айтысып-тартысып талқылаған депутаттар бірқатар мәселе бойынша ортақ шешімге келе алмауына байланысты  Жоғарғы Кеңес 16 қазанда 25 депутаттан тұратын арнайы келісім комиссиясын құрып, оның жұмысына жетекшілік жасауды депутат, академик Салық Зимановқа тапсырды. Осы комиссия он күн бойы жұмыс істеп, декларация жобаларының әрбір бабын жан-жақты қарап, көпшілік дауыспен мақұлдады.

Келісім комиссиясы әбден пысық­таған Декларация жобасы 1990 жылғы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің жалпы отырысында қаралды. Талқылау 6 сағатқа созылып, тағы да қызу пікірталас өрбіп, құжат жобасының әрбір бабы бойынша дауыс беру жүргізілді. Сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев келісім комиссиясы әзірлеген Дек­ларация жобасының баптарын қолдап сөз сөйлеп, дауласқан депутаттарды келі­сімге шақырып, орынды ұсыныстар да ен­гізіп отырғандығы оң әсерін тигізіп, ақы­ры аса маңызды тарихи құжат депу­тат­тардың көпшілігінің дауысымен қабыл­данды. Оған 360 депутаттың 71-і қар­сы дауыс бергендігі – сол кезде еліміз­дің егемен­дігіне, ана тіліміз бен ата салт-дәс­түрімізді жаңғыртып, ұлттық өр­кен­­деуімізге қарсы адамдардың аз бол­маған­дығын аңғартады. Ал Парламент мүше­лерінің 181-і ұлты қазақ азаматтары бол­ғанымен, олардың ішінде, өкі­нішке қарай, «Демократиялық Қазақ­стан» тобының белсенді мүшелері ретін­де көзге түскен кейбір белгілі саяси тұлғалар да бар еді.

17 баптан тұратын декларацияның 1-бабында: «Қазақ Советтiк Социа­листiк Республикасы – егемендi мемле­кет, ол басқа республикалармен Еге­мендi Республикалар Одағына ерiктi түрде бiрiгедi және олармен өзара қаты­нас­тарын шарттық негiзде құрады. Қазақ ССР-і Одақтан еркiн шығу құқы­ғын өзiнде сақтап қалады», деп жазыл­ды. 2-бапта Республикамыз ұлт­­тық мемлекеттiгiн сақтау, қорғау және нығайту жөнiнде шаралар қол­да­на­тындығы, 3-бапта егемен еліміз­дің қазіргі шекарасындағы территориясы бөлінбейтіні және оған қол сұғылмайтындығы мәлімделіп, сая­си партиялар, қоғамдық ұйымдар, өзге де топтар немесе жекелеген адамдар тара­пынан еліміздің конституциялық құ­рылысына қарсы жасалатын кез кел­­ген күштеу әрекетi, оның терри­то­рия­­­сының тұтастығын бұзуға шақы­ра­­тын, сондай-ақ ұлт араздығын қоз­дыратын жария ұрандар заң бойынша жазаланатындығы ескертілді. 8-бапта Республика өзінің егемендi құқықтары мен Конституциясын бұзатын Одақ­тың заңдары мен оның жоғары орган­дары­ның актiлерiнiң қолданылуын тоқ­тата тұруға құқылы екендігі атап көр­се­тілді. 9-бапта жер және оның қой­науы, су, әуе кеңiстiгi, өсiмдiктер мен хайуанаттар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкiл экономикалық, ғылыми-техника­лық әлеует – бүкiл ұлттық байлық Республиканың ерекше меншiгiнде болатындығы жария етілді. 10-бапта Республика мемлекеттiк ұлттық банк және өзiнiң қаржы-кредит жүйесiн құруға құқылы екендігі, мемлекеттiк бюджетiн дербес қалыптастыратыны, жалпыодақтық мүліктегi, оның iшiнде алмас, валюта қорлары мен алтын қорындағы өз үлесiне құқығы барын мәлімдеді. 11-бапта Республи­к­а экологиялық қатер төндіретін объектілердің құрылысына тыйым салуға және олардың жұмыс iстеуiн тоқтатуға құқылы екендігі айтыла келіп, ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге де түрлерiн сынау полигондарын салуға  тыйым салынатындығы  мәлімделді. 13-бапта еліміз Жоғарғы Кеңесі мен Президентіне бағынатын өз iшкi әскерiн, мемлекет қауiпсiздiгi және ішкi iстер органдарын ұстауға құқылы екендігі,  14-бапта Республика халықаралық қатынастардың дербес субъектiсi болуға, сыртқы саясатты өз мүдделерiне сай белгiлеуге, дипломатиялық және консул­дық өкiлдiктер алмасуға, халықаралық ұйымдардың, оның iшiнде Бiрiккен Ұлт­тар Ұйымының және оның маман­дандырылған мекемелерiнiң қызметiне қатысуға құқылы екендігі, шет мемлекеттермен экономикалық және сауда байланыстарын өзара тиiмдi шарттар негiзiнде құратындығы айтылды.

Егемендік декларациясы еліміз­дің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың батыл шешім­дер қабылдауына жол ашты. Ол өз Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонын жапты. Сондай-ақ Қазақ КСР-нің Қауіпсіздік кеңесін құру, Одаққа бағынышты мемлекеттік кәсіп­орындар мен ұйымдарды Қазақ КСР Үкіметінің басқаруына көшіру, алтын қоры және алмас қорын құру, елдің сыртқы экономикалық қыз­метінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы Жарлықтар шығарды. Осылайша, одақтық министрліктердің үстемдігі жойылып, республиканың шын мәніндегі егемендігі қамтамасыз етілді.

Мемлекет басшысының 1995 жылғы 18 қазандағы Жарлығымен 25 қазан Ұлттық мереке – Республика күні деп жарияланды. 2001 жылы бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына жатқызылды. 2009 жылы Республика күні мемлекеттік мерекелер тізбесінен алынып тасталды. Бұған қоғамдағы «Тәуелсіздік күні бар болған соң Республика күнінің қажеті қанша?» деген  сыңаржақ пікір себеп болды. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 29 қыркүйекте Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтарған заңға қол қойды.

Мемлекет басшысының «Қайта жаң­ғырған Республика күні – бұл халқы­мыздың рухын көтеріп, елді­гімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам», деген сөзінің мағы­насы терең. Пайымдап қарасақ, мұның өзі егемендік декларациясын әзірлеуге және оны қабылдауға аянбай атсалысқан атақты заңгерлер, академиктер Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Ғайрат Сапарғалиев, Мұрат Баймаханов, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, егемендік декларациясын қабылдаған Жоғарғы Кеңестің төрағасы болған Ерік Асанбаев, кімнің кім екені анық байқалған сын сәттер­де ұлттық мүдделерімізді шынайы жанашырлықпен қорғасып, «орыс халқының қазақ ұлы» атанған депутат Александр Княгинин сынды елін сүйген ерлердің ерен еңбегіне берілген әділ де лайықты баға екені де даусыз.