Әкім Тарази – әдебиетке 50-жылдардың соңын ала, 60-жылдардың басында келген тегеурінді толқынның өкілі. Әдебиетке ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасымен келген қаламгер сол кездегі жүйенің қалыбына сыймайтын шығармаларымен, кейіпкерлерімен әдеби орта мен оқырманын бірден мойындатты. Саңлақ суреткер әдебиетте ғана өнімді еңбек еткен жоқ, ұлттық драматургия мен кино өнерінің дамуына да зор үлесін қосты. Қабырғалы қаламгердің осы сан қырлы таланты әдеби-сазды кеш барысында айшықты көрініс тауып, жиналған қауымға жылы әсер сыйлады.
Салтанатты кеште алдымен сөз алған Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев көрнекті қаламгердің мерейтойы – қазақ әдебиеті мен руханиятының үлкен тойы екенін айтып, жазушыға және жиналған қауымға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауын оқып берді.
«Халқымыз өзіңізді кемел ойлы, аса көрнекті қаламгер, дарынды драматург, ғажайып еңбегімен, асыл қасиеттерімен абыройға бөленген қоғам қайраткері ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Еңбек жолыңызда отандық әдебиеттің алтын қорына қомақты олжа салып, ұлттық мәдениет пен кино өнерінің кең қанат жаюына сүбелі үлес қостыңыз. Көрікті ойдан нәр алып, кестелі сөзбен өрілген классикалық үлгідегі тартымды туындыларыңызда уақыт өлшемімен шексіз кеңістікке жаңа тұрғыда зер салатын философиялық ой-толғамдарыңыз өте көп. Қоғамға сыни көзқараспен қарап, замандастарыңыздың кескін-келбетін шынайы суреттеп, барша адамзатты толғандырған мәселелерге жұрт назарын тудыра білдіңіз. Алдағы уақытта да халқыңыздың құрметі мен ыстық ықыласына бөленіп, ғибратты ғұмыр кеше беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін!» делінген Президент құттықтауында.
Одан кейін сөзін қайта жалғаған Мәулен Әшімбаев тұғырлы тұлғаның ұлт әдебиетіндегі орны мен шығармаларына тоқталып, ізгі лебізін білдірді.
Жақында «Egemen Qazaqstan» газетінен Нұрлан Оразалиннің сіз туралы жазған «Дәуіртекті тұлға» атты мақаласын оқып, тәнті болдым. Мақаланың аты да, мазмұны да көңілімнен шықты. Мұнда жазушының еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі ұлт санасын оятуға қосқан үлесі туралы керемет айтылған. Сол себепті де, қабырғалы қаламгердің тәуелсіздігіміздің рухани негізін қалыптастыруға қосқан үлесін айрықша айтып өткен орынды. Қазіргі алмағайып заманда әртүрлі үрдістер бой алып тұрған кезде өзінің өмірлік жолымен, адами қасиеттерімен жастарға үлгі, өнеге көрсететін ақсақалдар ауадай қажет. Сондай қарияның бірі ғана емес, бірегейі – Әкім ағамыз», дей келіп, Мәулен Әшімбаев қазақы дәстүрмен әдебиет абызының иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
Көрнекті жазушының іс-шарасынан кейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі парағында Әкім Таразидің 90 жасқа толған мерейтойына қатысты жазба жарияланғанын атап өткіміз келеді.
Бұл жолғы әдеби-сазды кеш мүлде жаңаша сипатта өтті. Кешті жүргізген танымал театр және кино актері Еркебұлан Дайыров пен танымал актриса Сая Тоқманғалиева бір отбасында өмір сүріп жатқан қос қаламгердің кейпіне еніп, сөз зергерінің өткен өмірі мен шығармашылығына барлау жасады. Әдебиетте «бес тапал» атанған достары – Қалихан Ысқақов, Сайын Мұратбеков, Рамазан Тоқтаров, Бек Тоғысбаев туралы естелік айтылды. Қаллеки театрының әртістері драматургтің «Махамбет» пен «Жолы болғыш жігіт» атты драмалық шығармалары мен «Андрей» әңгімесінен шағын қойылым қойды. Белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетов түсірген, сценарийін Әкім Тарази жазған «Мұстафа Шоқай» фильмінен үзінді көрсетілді. Дәстүрлі ән өнерінің байрағын көтеріп жүрген Клара Төленбаева, Өзгеріс Шерікбай, Жақсыкелді Маясаров, Ардақ Балажанова секілді әншілердің әуелетіп салған әндері мен күйші Нұркен Әшіровтің күмбірлетіп төккен күйі кештің ажарын ашып, сәнін кіргізді. Сонымен қатар жазушының өмір жолын қамтыған фотокөрме ұйымдастырылып, жұртшылыққа әдебиетіміздегі тұтас бір дәуірді көз алдымызға әкелгендей әсер берді.