Игі іс-шарада басқарма төрағасы Н.Тағанұлы студенттер үйінің ашылуы ерекше оқиға екенін атап өтті. Еліміздегі барша дін қызметкерлеріне жолдаған бағдарлық баяндамасында республикалық маңызы бар 3 қала мен облыс орталықтарынан әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге арнап қайырымдылық тұрғысында мүфтият жатақханаларын ашуды тапсырғанын айтты. Қазіргі таңда жатақхана тапшылығы қоғамдағы күрделі мәселеге айналғанын, қалаға оқу іздеп келген жеткіншектер үшін жатақхана ауадай қажет екенін тілге тиек етті.
«Әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан студенттер үшін пәтер жалдау – қиынның-қиыны. Бұл жатақханаға көпбалалы отбасыдан шыққан, ата-анасынан айырылған студенттер қабылданады. Жатақханада шәкірттердің алаңсыз білім алуына жағдай жасалған, мұндай ғимараттар еліміздің әр өңірінен ашылып, елімізде жатақхана тапшылығы азаятынына сенемін», деді Наурызбай Тағанұлы.
ҚМДБ төрағасы сөйлеген сөзінде білім, діни ілім жолындағы жастарға көмектесу–үлкен сауапты іс екенін атап, білім жолындағы жастарға көмектесуді пайғамбарлық мәртебеден кейінгі орынға қойған ғұлама Ибн Мубарактың сөзін мысалға келтірді.
«Білім алушыға көмектесу дегеніміз–ілім үйренуші адамның сауабындай сауапқа кенелу деген сөз. Алла Тағала игі іске үлес қосқан барша азаматқа мол сауаптан жазсын», деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Студенттер үйіне жергілікті жоғары оқу орындарынан қабылданған 10 студенттің тамағы және жатын орындары ақысыз қамтылған.