Шынымды айтсам, бұған дейін мен де бұл суретшінің шығармашылығы түгіл, есімін де естіген емеспін. Ал оны жақын білуіме бір оқиға себеп болды. Белгілі ақын Байбота Қошым-Ноғай әлеуметтік желіде өмірден өткен тұлғалардың туған күнін еске алып, шығармалары туралы аз-мұз дерек беріп отырады. Жақында ақын ағамыз біз сөз етіп отырған дарын иесінің туған күніне орай оны еске алып, бір топ картинасын салды. Қазақы бояуға бай туындылары мен табиғат таңғажайыптарын таңғы шықтай мөлдіретіп бейнелеген пейзажын көріп таңғалдым. Көзі енді ашылған бұлақтан шөлімді қандырғандай әсер алдым.
Жамбыл қаласында өмірге келген суретші әке-шешесінен жастай жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген. Жас күнінен бейнелеу өнеріне жақын болып, орта мектепті тәмамдағаннан кейін, Бішкек қаласындағы Көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Оны 1953 жылы ойдағыдай аяқтап, Мәскеудегі И. Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет институтына қабылданып, ұлағатты ұстазы И. Серебрянов шеберханасында білім алған. Студент кезінен дарынымен дараланып, көзге түседі. Ұлттық нақышқа толы туындылары мен қазақ жерінің сайын даласы мен шоқтығы биік тауларын әсем бедерлеген ғажайып пейзаждары талғамы биік ұстаздары мен көзіқарақты қауымның көңілінен шығады. 1956 жылдан жұмыстары көрмеге қойыла бастайды. 1959 жылы КСР Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданды.
Жүсіповтің пейзаждарын көріп отырып, оның шеберлігіне, табиғат сұлулығының сырын ұққан жанының нәзіктігіне, сыршылдығына қайран қаласыз. Оның табиғатты әр қырынан бедерлеген картиналары бояу түсінің қанықтығымен, шынайылығымен ерекшеленеді. Суретшінің портрет жанрындағы қолтаңбасы да бөлек. Оған кейіпкер болған қариялардың, елге танымал тұлғалардың болмысынан халқымызға тән асыл қасиеттердің барлығын кездестіресіз. Сондай-ақ натюрморттары мен тақырыптық кескіндемелері де келісті өрнегімен өріс тапқан.
Қысқасы, қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешсе де соңына мол мұра қалдырған қылқалам шеберінің әрбір туындысы ұлттық бояуға бай мазмұнымен, көркемдігімен, сан түрлі образымен, жан жадыратар сұлулығымен айшықталып тұрады. Біз осы жолы суретшінің жанымызға жақын 1960 жылы салған «Алғашқы оқу» атты картинасын сөз етсек дейміз. Бір қарағанда, бұл туынды өте қарапайым. Қазақы киіз үй. Оның іргесінде ақ жаулық тартқан әже немересімен отыр. Көк майсаның үстіне жайылған кілем үстінде мектепке барған ба, әлде енді бара ма, әйтеуір жас жеткіншек кітап оқып жатыр. Әжесі мен 3-4 жастағы тақиясына үкі таққан немересі сол баланың дауыстап оқып беріп жатқанын тыңдап отырған секілді. Картинадағы бар бейне осы. Бірақ...иә, бірақ осы бейнеден сіздің де ауылда өткен балалық шағыңыз, сізді жан баласына теңгермей еркелетіп өсірген әжеңіз еске түсіп, сол күндер енді қайтып келмейтінін біліп, кеудеңізді өксік қысады. Бұл туындыда қазақтың болмысы дейсіз бе, мінезі дейсіз бе, этнографиясы дейсіз бе – бәрі де көзге бадырайып көрініп тұр. Сондықтан ешнәрсе айтқыңыз келмейді Суреттің өзі сайрап тұр.
Қылқалам шебері осы еңбегі туралы бір жазбасында: «Бұл картинаның астарында екі әлем мен екі ұрпақ бар. Яғни, ескі мен жаңа дәуірді көрсеткім келді. Мен әженің бейнесі арқылы мейірімділікті, ізгілікті бейнеледім. Ол кісі немересіне қарап: «Біздің бала күнімізде оқуға жағдай да, мүмкіндік те болмады. Енді сендер жаңа дәуірдің тынысын сезініп оқыңдар, бақытты болыңдар» дегенді меңзедім. Осы жұмысымда өз ойымды ұлттық болмысқа толы сипат арқылы жеткізуді көздедім», деп айтыпты.
Ақиқатын айтқанда, автордың негізгі көздеген мақсаты орындалған. Бұл туынды алпыс жылдан асса да кеше ғана суретші қылқаламынан шыққандай әсер қалдырады. Өнердің ұлылығы да, құндылығы да осы болар, сірә!