Жай ғана аңыз емес, әдемі әнмен әдіптелген, ажарлы аңызбен көмкерілген, сұлу ырғақты әуен болып тебірентіп көрінбек. Балқадиша әнінің туу тарихын зерттеушілердің пікіріне қарағанда, Жыланды тауының бөктеріндегі Мұса Монтай ауылында жарық дүние есігін ашқан нәрестенің шілдеханасы өткізілгелі жатыр екен. Алты Алашқа асқақ әнімен аты мәлім болған Ақан сері де осы ауылға ат басын тірепті. Табиғаты тамылжыған өлкені аралап, серілік құрып жүрген шағы. Ел шетіне іліккен серілердің тобын көрген ауылдың үлкендері шылбырларына жармасып, қолтықтарынан демеп, дастарқанға шақырады. Атағы жер жарып тұрған Ақан серінің жанына жастардың ешқайсысы отыруға батпапты. Бәлкім, өнерін сыйлағандықтан шығар. Ауылға Серінің келгені туралы хабар Қадишаның да құлағына жетсе керек. Қырмызы қыздарға ілесіп ол да жетеді. «Ауылға әйгілі Сері келсе, неге қосылып ән шырқамасқа?», деп наздана сөйлей келеді. Қыздың ағалары бұл жайды естіп қалса керек. Бой жетіп отырған қызды Серінің қасынан алып кеткен жөн. Бірақ қалай? Амалын таппай әйелдерін жұмсайды. Әңгімелері жарасып қалған Сері Қадишаны жібергісі келмейді. Амал жоқ, екі бірдей жеңгесі келіп отыр. Арттарында қабақтары түксиген ағалары тұр. Ендігісі әбестік. Сол сәтте арудың таңның мөлдір шығындай жан дүниесін, көркем бейнесін, жібектей есілген мінезін бейнелеген ән Зерендінің биігіне құлдилай көтеріліп, Көкшенің бар даласына тарап бара жатады. Бүгінгі күні жалпақ жұртқа рухани азық болған әйгілі ән осылай туса керек. Әуел баста тоқсан шумақ болған деседі. Кейінгіге жеткені жұрнағы ғана. 1988 жылы Қайролла Жүзбасов құрастырған жинаққа «Балқадиша» әнінің үш нұсқасы енген. Қазір үшеуі де айтылып жүр. Үшеу болғанмен, тақырып бір, мазмұн ортақ.