Моңғол елінің саяси рәсімі бойынша келген құрметті қонақ кім болсын хаттама бойынша үкімет үйінің алдындағы Шыңғыс қағанның алып мүсініне тағзым етіп, бас июге тиіс. Бірақ ресейлік мәртебелі қонақ Вячеслав Володин бұл рәсімді орындамады, яғни ұлы қағанның құрметіне бас имеді. Қасқайып тұрып алды.
Бұл оқиға моңғол ағайындарды қатты шамдандырды. Одан кейін оқиғаның бұлайша саяси сипат алуына тағы бір себеп – Дума төрағасы қаладағы маршал Г.Жуков ескерткішіне барып бас иіп, ерекше тағзым етуі. Бұл істі моңғолдар «ала қойды бөле қырқу» деп қабылдады.
Дума төрағасының әрекетін әлем баспасөзі сан-саққа жүгіртіп жатыр. Әсіресе Азия құрлығының алпауыт баспасөз құралдары бірауыздан «Бұл мемлекеттің ішкі саясатына құрмет көрсетпеу», десе, ресейлік ықпалды портал «Диалог UA»: «Володиннің Шыңғыс қаған ескерткішіне тағзым етпеуі ресейлік саясаткерлердің әрекеттеріне және елдің сыртқы саясаты мен дипломатиясына нұқсан келтіруі мүмкін», дегенді айтып, өткен айда бұл мемлекетке сапарлаған Рим Папасының өзі мүгедектер арбасынан тұрып, ұлы қағанға құрмет көрсетіп, тағзым еткенін еске салды.