Теннис • 27 Қыркүйек, 2023

Жарысты жеңіспен бастады

122 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Теннистен жұптық сындағы еліміздің бірінші ракеткасы Анна Данилина Қытайдың Нинбо қаласында шымыл­дығы түрілген WTA 250 санатындағы турнирді сәтті бастады.

Жарысты жеңіспен бастады

Ресейлік теннисші Александра Пано­вамен жұп құрап өнер көрсеткен отандасымыз алғашқы айналымда нидерландтық Арианне Хартоно мен аустралиялық Оливия Тьяндрамулияны жарыс жолынан тайдыр­ды. Осы доданың 2-ракеткасы болып тір­келген қазақстандық-ресейлік жұп екі сетке жал­ғасқан матчта қарсыластарынан 6:4, 7:5 есебімен басым түсті. А.Данилина мен А.Панова ширек финалда қытай қыздары – Ханью Гуо және Цзян Синьюмен шеберлік байқасады.

Өкінішке қарай, дәл осы турнирдің жекелей сынында өнер көрсеткен әйелдер ара­сында еліміздің екінші ракеткасы, әлем­дік рейтингте 73-орында тұрған Юлия Путин­цева екінші айналымнан әріге аса алмады. Ол алғашқы кезеңде дүниежүзілік рейтинг­те 248-орында тұрған аустралиялық Дарья Са­виллді екі сетте 6:1, 6:4 есебімен жеңге­ні­­мен, екінші айналымда жарақатына байла­ныс­ты жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды.