«Елімізде жыл сайын 10 мыңнан астам өрт болып, үш жүзден астам адам қаза табады. Бұл ретте өрт пен өлімнің негізгі үлесі тұрғын үй секторында тіркелді», деді Марғұлан Аманбаев.
Сондай-ақ ол республикада осы жылдың 1 қазанынан бастап жылыту маусымы басталатынын айтты. Жыл басынан бері ел бойынша 7560 өрт оқиғасы тіркеліп, 229 адам қаза тапты.
«Өткен жылмен салыстыратын болсақ, өрт 6,8 пайызға, адам өлімі 6,5 пайызға өскен. Өңірлер бойынша статистикаға көшетін болсақ, өрттің өсуі Абай (46%), Алматы (33%), Қостанай (26%), Жамбыл (20%) облыстарында байқалады. Қайтыс болғандар саны Жамбыл облысында (11 жағдай), Шығыс Қазақстанда (9 жағдай), Шымкент (8 жағдай) және Алматы қалаларында (5 жағдай) өсті», деді Марғұлан Аманбаев.
Сондай-ақ ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары бүгінгі күні тұрғын үй секторында жарақат алу фактілері тіркелгенін атап өтті.
Мәселен, Семей қаласында қыркүйек айының өзінде қатты отынмен жылытатын пешті пайдалану ережесін бұзу салдарынан төрт адам уланып, ауруханаға жатқызылған екі оқиға тіркелді.