Картинаны тамашалауға Бельгияда тұратын қазақ қауымының өкілдері, сондай-ақ қызығушылық танытқан жергілікті халық келді. Көрермендердің бірі Ферисел Ливию «Дос-Мұқасан» фильмін көргеніне қуанышты екенін жеткізді. Ол ансамбль мүшелері Қазақстанға танымал тұлғалар екенін, сонымен қатар оның құрылуының үлкен тарихы барын айтты. Сондықтан Бельгия тұрғыны кинотеатрға аса қызығушылықпен келген.
Еліміздің Бельгиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Марғұлан Баймұхан «Дос-Мұқасан» фильмінің Еуропа астанасында көрсетілуі – тағы бір тамаша мәдени оқиға екенін атап өтті. «Бүгін еуропалық және бельгиялық көрермен үшін аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі туралы қызықты фильм көрсетілді. Оны біздің елде бірнеше буын өкілдері біледі және шығармаларын сүйіп тыңдайды. Режиссер Айдын Сахаман түсірген, ансамбльдің ұзақ та, қызықты жолын баяндайтын фильмді еуропалық жұртшылық жоғары ықыласпен қабылдады. Бельгиялық көрерменге «Дос-Мұқасан» туралы түсірілім ұнады деп ойлаймыз. Осы игі дәстүрді жалғастырамыз деп ойлаймын», деді Марғұлан Баймұхан.
Айта кетейік, түсірілім жеті айға жуық уақытқа созылды. Фильм 2022 жылы шықты. Сценарийін жазған – Ефрат Шәріпов, продюсері – Айгүл Байбек, музыкалық жетекшісі – Айдын Сахаман. Актерлік құрам портреттік ұқсастық бойынша таңдалған. Басты рөлдерде актер Мейірғат Амангелдин, Мақсат Сәбитов, Елдос Шайкенов, Саят Мақұлбаев, Айғаным Сағынбаева, Никита Погодаев, Нұрғиса Қуанышбайұлы және Әбілмансұр Серіков ойнады.Танымал блогерлер мен вайнерлер Артур Асқарұлы мен Зухра Сайпи де дебюттік рөлін ойнап шықты.
«Дос-Мұқасан» фильмінің жабық көрсетілімі өткен жылдың 27 қыркүйегінде болды. Ал екі күннен кейін Қазақстанның барлық кинотеатрларына прокатқа шықты.
«Дос-Мұқасан» — 1967 жылы құрылған эстрадалық вокалды аспаптар ансамблі. Негізін қалаған – Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Хамит Санбаев, Александр Литвинов. Топтың атауы да осы әншілердің есімінен құралған. Әр жылдары ансамбль құрамында Бақытжан Жұмаділов, Мейірбек Молдабеков, Шәріп Омаров, Құрманай Омарова, Нұртас Құсайынов, Ақжол Мейірбеков және тағы басқалар болды.