Олимпиада • 27 Қыркүйек, 2023

Сағындырып жеткен сары алтын!

205 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Азиаданың төршінші жарыс күні ел құрамасы үшін өте сәт­ті бас­талды. Стенд атудың скид бағ­дар­ламасы бойынша Қазақ­стан­ның қыздар құрамасы ең көп ұпай жинап, сары құрлық ойын­дары­ның жеңімпазы атанды. Сон­дай-ақ бұл күні 47 медаль жиынтығы сарапқа салынса, со­ның 21 спорт түрінен біздің саң­лақтар сынға түсіп, 1 алтын, ­3 қо­ла медаль жеңіп алды.

Сағындырып жеткен сары алтын!

Суреттерді түсіргендер – Сали Сабиров, Тұрар Қазанғапов (Спортты дамыту дирекциясы)

Азия ойындарының рекорды тіркелді

Жоғарыда айтқан стенд атудың скид бағдарламасы бойынша құрамында Әсем Орынбай, Зоя Кравченко және Ольга Панарина өнер көрсететін біздің команда жалпы 350 ұпай жинап, жарыс рекордын жаңартты.

Ал жекелей сайыста Әсем Орынбай қола жүлдеге қол жеткізді. Осы жеңістен кейін Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев спортшыларды құттықтап, алдағы уақытта спортшыларымыздың алатын алтын медальдары көп болатынына сенім білдірді.

 

53 жастағы чемпион

Стенд атудың скид бағдарламасында алтын иеленген үшеудің бірі Ольга Панарина екенін айттық. Ол – 53 жас­та. Азиаданың су жаңа чемпионы мен ре­кор­дшысының немересі өсіп келеді.

– Біріншіден, көп жаттығамын. Екін­­шіден, спортшылар қартаймайды. Нысана көздеу – бұл менің өмірлік ісім. Сондықтан оған әрқашан күш табылады. Командаластарыма алғыс айт­қым келеді. Менен кеңес сұрағандар­ға, әрқашан көмектесуге тырыса­мын. Ұжымымыз өте тату. Меніңше, бұл же­ңіс – осы командалық рухтың жемісі. Бұл медалімді ата-анама арнағым келе­ді. Олар әрқашан менімен бірге, – деді О.Панарина.

 

авп

Екі дүркін қола жүлдегер

Ханчжоудадағы додада отандасымыз Әділбек Мусин қола жүлдегер атанды. Ол 100 метрге баттерфляй әдісімен жү­зуден үздік үштікке енді. Көрсеткіші – 51.86 секунд. Алтын медальді жапон­дық Кацухиро Мацумото (51.13), күмісті қы­тайлық Чангхао Ванг (51.24) жеңіп алды.

Айта кетелік, бұл Әділбектің жетік меңгерген қашықтығы саналады. Біз­дің спортшы осымен жүзуден Азия ойын­дарының екінші қоласын иеленіп отыр. Бұған дейін ол Индонезияда өткен Азиадада командалық эстафетадан жүл­де алған-ды.

 

Намысты қыз жеңімпаздар қатарында

Жазғы Азиадада қазақ қызы Тұрсын Аян у-шудан қола жүлдегер атанды. 52 ки­лоға дейінгі салмақтың жартылай финалында отандасымыз жарыс қожайыны Юэяо Лиге есе жіберді.

– Ұтылып қалғаныма намыстанып тұрмын (жылап жіберді). Қарсыласым әлем чемпионы, дәрежесі жоғары екені көрініп тұр. Алдағы жарыстарда алтын алу үшін дайындалып келемін. Мұ­нымен тоқтап қалмаймыз. Азия ойындары менің арманым еді. Осы жарыс­қа қатысып, арманым орындалғаны­на қуаныштымын. Додаға қатысуға себеп­кер болған жандарға, бапкерлерге ал­ғысым шексіз, – деді спортшы.

Қытайдың ұлттық спорты у-шудың саньда түрі Азия ойындарының бағ­дарламасында 1998 жылдан (ерлер) бар. Әйелдердің бәсекесі 2010 жылы қосылды. Нәзікжандылар екі салмақта (52 кг, 60 кг), ерлер бес салмақта (56 кг, 60 кг, 65 кг, 70 кг, 75 кг) жүлделерді сарапқа салады.

 

Шахматшылардан қайыр болмады

Жазғы Азия ойындарында шахматтан Қазақстан намысын әлемде мықты саналатын Бибісара Асаубаева мен Жансая Әбдімәлік қорғаған еді. Алайда чемпион қыздардан қайыр болмады. Бибісара жарысты 5-орынмен, Жансая 8-орынмен тәмамдады.

Әйелдер арасындағы бәсекеде Қытай қыздары алтын мен қоланы өз­ара бө­ліс­се, күмісті Өзбекстан өкілі иеленді. Ерлер арасындағы бәсекеде Қазы­бек Нөгербек – 10, Ринат Жұмабаев 16-орыннан көрінді.

Әйткенмен, Қазақстан шахмат феде­ра­циясының атқарушы директоры Гүл­мира Дәулетованың айтуынша, командалық жарыста қыздарымыз үздік­тер сапынан көрінеді.

– Командалық жарыста жүлде алуға қыздарымыздың шамасы жетеді. Қазір командадағы бес шахматшымыз осында келді, дайындық үстінде. Бұйыртса, жүлде аламыз деп отырмыз, – деді Г.Дәулетова.

 

авп

Боксшылар жарап тұр

Қыздарымыз да, ұлдарымыз да әзірше жеңіліссіз келе жатыр. Кеше біз­дің боксшылардан бірінші болып екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай рингке көтерілді. Әйелдер арасында­ғы 50 кило салмақта бақ сынап жатқан ­отандасымыз непалдық Таманг Сусманы айқын басымдықпен жеңіп (5:0), келесі айналымға шықты.

– Шүкір, бірінші жекпе-жекті жеңіс­пен бастадым. Енді алда тағы кездесулер болады. Жеңіске жетуге ұмтыламын. Бұл жерге ешкім жеңілу үшін келмейді ғой. Әр кездесуге толықтай дайындалып жүрмін. Жеңіп жатқаннан кейін бапкерлерім «асықпай қимылда» деді. Үш раунд бойы жақсы өнер көрсеттім деп ойлаймын. Келесі қарсыластарым екі жекпе-жек өткізіп үлгерген. Бүгін бірінші күн қиынырақ болады деп ойлап едім. Әдетте, алғашқы жекпе-жек әр кез қиын болады ғой. Бірақ да­йындығымның арқасында шаршамадым. Біз әр жарысқа үлкен еңбекпен келеміз. Азия ойындарында біз үшін лицензия беріледі. Сондықтан бұған психологиялық тұрғыда дайындалдық. Ең басты мақсат – лицензия жеңіп алу. Бәрін уақыт көрсетеді, – деді боксшы.

Отандасымыз Сағындық Тоғамбай да Азия ойындарын жеңіспен бастады. Ол моңғолиялық қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді. 92 килода сынға түскен Са­ғындық Бариахаан Доржпенді алғашқы екі раундта екі рет нокдаунға түсірді.

 

Өзбекстандық қазақ жарысты ерте аяқтады

63,5 килода сынға түскен Ертуған Зей­нуллинов 1/8 айналымда тәжікстан­дық боксшы Бахадур Осмоновпен қолғап түйістірді. Бахадур – Ташкентте өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері және 2019 жылғы Азия чемпионы. Екі боксшы арасындағы кездесу өте тартысты өтті. Жекпе-жек басталысымен екеуінің де қабағы жарылып, дәрігерлер екі спортшыға да бірнеше рет көмек көрсетті. Сондай-ақ екі боксшы да бір-бірден нокдаун алды. Төрешілер тартысты кездесуде 3:2 есебі­мен жеңісті қазақ баласына берді.

Әлем чемпионаты демекші, 2023 жылғы әлем біріншілігінің жеңімпазы Руслан Абдуллаев Азия ойындарын ерте аяқтады. Ол моңғолиялық Баатарсухийн Чинзоригке есе жіберді. Руслан моңғол боксшысын әлем чемпионатының финалында басым түскен еді. Бұл жолы 0:5 есебімен жеңіліс тапты.

вап