– Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Ең бірінші мақсат финалға ілігу, медаль алу болды, – деп бастады Әсем әңгімесін.
– Бүгін екі медаль бұйырды. Командалық сайыста – алтын, жекелей сында қола медаль жеңіп алдым. Енді қолдан келгеннің барлығын жасадық. Командалық жарыстың финалы өте тартысты өтті. Соңғы мүмкіндікке дейін Қытай құрамасынан ұтылып келе жатқанбыз. Бірақ соңғы серияға дейін бар күшімізді салдық. Соның нәтижесінде жеңіске жеттік. Қытай мергендері өте мықты, мойындау керек. Олар тек Азияда ғана емес, әлем бойынша мықты құрамалардың бірі саналады. Қытайға келіп алтын алу деген, – біз үшін керемет нәтиже.
Бүгінде Ханчжоуда күн ыстық, ауа райы ылғалды болып тұр. Біздің спортшылардың нәтижесіне бұл фактор да әсер еткен сыңайлы.
– Жалпы оңай болған жоқ. Күн ыстық. Сол жағы кедергі келтірді. Соған қарамастан барынша тырыстық. Алтын алғаннан кейін үстімізден жүк түскендей болды. Финал оңай болмайтынын білдім. Қытай құрамасының қолдауы, жанкүйерлері өте мықты екенін өздеріңіз де көріп жүрсіздер ғой. Барға қанағат етуші халықпыз, жекелей сайыста қола медальға да шүкір етемін. Ең бастысы, командалық сайыста алтын алдық. Маңыздысы да сол, – дейді Әсем.
Бір қызығы, Әсемнің чемпион болғанын анасы Әлия Метербаева сабақ үстінде естіпті. Ол ауылына хабарласып, бірінші кезекте анасын құттықтағанын айтты.
– Әкемнің аты-жөні – Марат Метербаев. Ол кісі жүргізуші. Анамның есімі – Әлия, Алматы облысы Іле ауданы Ынтымақ ауылының әл-Фараби атындағы №46 мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. 35 жылдық еңбек өтілі бар. Келер жылы зейнетке шығады. Өзім де сол мектепте білім алдым. Ауылымызда екі мектеп бар. Алматының іргесінде тұрғандықтан, мұнда шамамен 5 мыңдай халық тұрады. Мен алдымен, анама хабарласып, құттықтадым. Сөйтсем, анам біздің чемпион болғанымызды сабақ үстінде мұғалімдер мен оқушылар құттықтап келгенде естіпті. Ауылға көп бара бермеймін. Үнемі жаттығу жиындарында, жарыста жүремін. Жылына анамды отыз күн көремін бе, жоқ па, білмеймін. Алайда сол еңбегім зая кетпей, жүлде алғаныма ризамын, – деді ол.
Кейіпкеріміз бұл жеңіс қажырлы еңбектің арқасында келгенін айтып, алдағы уақыттағы жоспарымен бөлісті.
– Бұл жеңіс бізге оңай келмеді. Талай жылғы еңбектің ақталғанына шүкірлік етемін. Осы жеңістің барлығы еңбек пен жауапкершіліктің жемісі. Мен әділдікті, жауапкершілікті жақсы көремін. Мүмкін болған жағдайда туыстарыма, достарыма көңіл бөліп қолымнан келгенше көмектесемін. Стенд атуға қызығушылығым 8-сыныпта басталды. Алғашында бапкерлер менің тым кеш келгенімді айтып, үйірмеге алғысы келмеді. Бірақ мен өзімнің ептілігімді көрсетіп, тез үйреніп алдым. Міне, содан кейін ұлттық құрамаға ілігіп, еліміздің намысын қорғап жүрмін. Биыл әлем кубогінде топ жардым. Азия ойындарынан екі жүлде еншіледім, – деді чемпион.
Әсем егіздің сыңары екен. Сондай-ақ ол тұрмыс құрмағанын, биылдан қалмай тұрмысқа шығатынын айтты.
– Үйде үш баламыз. Мен – егіздің сыңарымын. Әсет есімді сыңарым мен үлкен ағам бар. Олардың әрқайсысы өз шаруасымен жүрген жандар. Тұрмыс құрмағанмын. Алла нәсіп етсе, биылдан қалмай күйеуге шығамын. Болашақ жарымды танисыздар, бірақ есімін айтпаймын. Кейін біле жатарсыздар, – деді Азия ойындарының жеңімпазы.