Кеншілер шаһарындағы жылу желісін жаңарту аясында Мәшһүр Жүсіп көшесі бойында биыл жаңа жылу магистралі салынды. ЖМ-2 магистралін сынақтан өткізу барысын байқау үшін облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласына арнайы барды. Аймақ басшысы сынақ жүргізіліп жатқан аумаққа жеткенге дейін құбырға берілген қысым компенсатор тығыздамасын жұлып алып, желіден су атқылаған. Яғни «Достық» дүкенінен «Қазақстан» кинотеатры аялдамасына дейін магистральді сынақтан өткізу кезінде жаңа және ескі құбырлардың түйіскен жерін қосатын тығыздағыш компенсатор істен шықты. Абырой болғанда, құбырлар зақымдалған жоқ. Бір күннің дересінде ақау жойылды. Енді осы магистральді желіні сынау және жуу жұмыстары қайта жалғасады. Сондай-ақ Абай көшесіндегі үш магистраль қысыммен тексеруден өтті. Бұл аумақтарда да іске қосу алдындағы дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, бірнеше күн бұрын гидравликалық сынақтар кезінде Екібастұз тұрғындарының бірінің жеке ауласын да су басқан еді. Облыс әкімі әлгі үй иесінен келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады. Бүгінде ақау жойылып, аула тазартылды. «Жүргізіліп жатқан жұмыстарды көпшілікке кеңінен түсіндіру керек. Бізге қазірден-ақ желілердің осал тұстарын анықтап, пайда болған ақауларды бірден жою маңызды. Сол үшін жаңа құбырлар жоғары қысыммен тексерілуде», деп атап өтті облыс әкімі.
Жалпы, көктемгі және күзгі гидравликалық сынақтардан кейін Екібастұздың жылумен жабдықтау желілерінде барлығы 388 ақау жойылды. Қала тұрғындарынан келіп түскен өтініштер бойынша орамішілік жылу желілеріндегі 14 проблемалық учаскені жөндеу жұмыстары жалғасуда. 690 көпқабатты тұрғын үйдің 665-і жылуды қабылдауға толықтай дайын. Тағы 25 көпқабатты баспанада ішкі жылыту жүйелерін жөндеу, жуу, сығымдау жұмыстары аяқталып қалды.
Көмірлі шаһардағы жылу беру маусымы 1 қазаннан басталмақ. Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, жылуды қабылдауға дайындық бойынша барлық жұмыс уақытылы және барынша сапалы орындалуда. Қазіргі күні коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс істеу режіміне көшіріліп жатыр. Жылумен жабдықтауды бастау бір бөлек, жүйені теңдестіру де маңызды. Жылу желілері қызметтері мен қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан ішкі жылумен жабдықтау жүйелерін реттеу және шеткі үйлердегі гидравликалық параметрлерді теңдестіру бойынша үйлесімді жұмыс күтіліп отыр. Облыс басшылығы жылумен қамту бағытындағы іс-шараларды одан әрі жетілдіре түсуді жоспарлап, ЖМ-1 және ЖМ-3 жылу магистралдарын қайта жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауды тапсырды. Себебі бұған дейін 1973 жылы салынған аталмыш магистральдің Мәшһүр Жүсіп көшесі бойындағы учаскесінде ақау орын алған еді. Мамандар құбыр металының 3 мм-ге дейін жұқарғанын анықтаған. Сонымен қатар жыл соңына дейін ЖМ-7/1 жаңа магистралінің құрылысын қолға алу көзделіп отыр. Бұл бір ауданның жылуды шамадан тыс көп алып, ал екіншісі аумақта жылу жетіспеушілігі орын алған жағдайда қаланың жылумен жабдықтау жүйесін теңдестіруге мүмкіндік береді. Екінші көтергіш сорғыдан Екібастұз ЖЭО-на дейін техникалық судың жаңа резервтік магистралінің құрылысы да жалғасуда. Қазір жер қазу жұмыстары жүргізіліп, желі орнатылып, бекіту арматурасы күтілуде. Нысан құрылысын жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Жылу-электр орталығындағы жөндеу жұмыстары да кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Бүгінде 3 энергетикалық қазандық пайдалануға дайын тұр. Оған қоса жылу беру маусымы басталғанға дейін тағы 3 су жылытқыш қазандық агрегаты да іске қосылады. Қалған 4 қазандық қазан айының соңына дейін толығымен жөнделеді.
«Қаланы жылумен қамту мәселесі әрбір екібастұздықты алаңдатады. Біздің міндет – барлық қажетті жұмысты сапалы орындау. Біздің бірлесе атқарған жұмысымыздың нәтижесі үйлердегі тұрақты жылу болуға тиіс», деп атап өтті өңір басшысы А.Байханов жылу желілерін жөндеушілермен кездесуде.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы